Жарнама
Экология

Экология: Атырауда алаңдатарлық жайлар аз емес

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті жанындағы Н.Балғымбаев атындағы коммуникация орталығында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев жергілікті жұртшылық өкілдерімен жүздесті. Басқосуға атқарушы билік органдары, ірі табиғатты пайдаланушы субъектілердің, өкілді органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділері қатысты.

Кездесу барысында вице-министр  атыраулықтарды алаңдатып отырған  аймақтың экологиялық ахуалына баса назар аударды. Осы салада туындаған өзекті мәселелер мен қордаланған проблемаларды шешу жолдары мен тетіктеріне тоқталды.

Жомарт Шияпұлының мәліметінше, облыстағы іргелі кәсіпорындарынан ауаға шығарылатын қоршаған ортаны ластаушы зиянды заттардың жалпы көлемі – 232,163 мың тонна. Оның 90%-ы тікелей мұнай-газ өнеркәсібі мен өндірістік кәсіпорындардың еншісіне тиесілі. Негізгі үлесті мұнай-газ секторының 4 кәсіпорны иеленіп отыр. Олар: «Теңізшевройл» ЖШС, «NCOC» компаниясы, «АМӨЗ» ЖШС және «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ.

Аталған кәсіпорындардың шығарындыларын бақылау мақсатында министрлікке деректерді бере отырып, мониторингтің автоматтандырылған жүйесі енгізіліп, бүгінгі күні «Атырау мұнай өңдеу зауыты» мен «Атырау жылу-электр орталығы», «NCOC N.V.» филиалы, «Теңізшевройл»  ЖШС  оған өздерінің мәліметтерін енгізуде. Осындай жүйе жақында «KPI» ЖШС-інде орнатылып, жұмыстар одан әрі жалғасуда.

Вице-министрдің айтуынша, Атырау облысының экологиялық жай-күйін жақсарту мақсатында өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөнінде бекітілген Жол картасындағы 45 тармақтың ішінен күні 9-ы толықтай орындалған. Жетеуі тұрақты түрде жүргізілуде, алтауының мерзімі аяқталмаған, 23 іс-шара орындалмаған.

Жоғарыда аталған Жол картасы шеңберінде Атырау қаласы аумағындағы  «Тухлая балка» мен «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде және шаһардың сол жағалауындағыкәріздік тазарту қондырғысының құрылысы мәресіне жетті. Сондай-ақ, қалада атмосфералық ауаға таралатын залалды шығарындылардың барлық көздеріне түгендеу жұмыстары жүргізілуде.

Аймақтағы халықты қатты алаңдатып отырған мәселелердің қатарында вице-министр күнделікті тұрмыстық қалдық-қоқыстың  рұқсат етілмеген жерге төгіліп, жабайы полигонға айналуын атады.
Мәселен, 2024 жылдың қорытындысымен жүргізілген  бойынша ғарыштық мониторингтің нәтижесінде 168 бірлік (2023 ж. — 100) рұқсат етілмеген қоқыс  үйінділері есепке алынған. Оның 125-і  тазартылған. Анықталғандардың арасынан үшеуі заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны болса,  40-ы жеке аумақтағы құрылыс материалдарынан жинақталған қалдық орны болып шықты.

Кездесуде бұдан басқа орын алған кемшіліктер мен қадағалаушы құрылымдар тарапынан жасалған жазбаша ескертпелер мен алынған шараларға қарамастан орындалысын таппай отырған жайларға да көңіл бөлінді.

Өз кезегінде кездесуге қатысушылар да белсенділік танытып, мәселеге орай ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті, көкейлерінде ұялаған сауалдарын жолдады.

Соңынан вице-министр Жомарт Әлиев баспасөз конференциясын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button