КАСПИЙ ТАҒДЫРЫ ХАЛЫҚ ТАҒДЫРЫ

қоғамдық тыңдау түйіні де осы 

Сөз жоқ, Солтүстік Каспий жобасы – қазақ мұнай-газ тарихындағы ерекше оқиға. Қазақстан тұңғыш рет айдын төсінен «қара алтын»  алуға бет бұрды. Ал, Қашаған кеніші – дүние жүзінде соңғы қырық жылда ашылған ең ірі кен орны.

Рас, оның тұсауы кесілгенімен, бүгінде техникалық себептерге орай өнім өндіру тоқтап тұр. Әйтсе де, теңіздегі жасанды «D» аралынан Батыс Ескенедегі мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына тартылған құбыр толық ауыстырылған соң жұмыс қайта жанданады. Сол кезде экологиялық ахуал асқынып кетпей ме? Тосын оқиғалардың алдын қалай алуға болады? Су жануарлары өміріне төнер қатер қандай? Міне, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) компаниясының алдымыздағы жылға жоспарлаған табиғат қорғау шараларына арналған қоғамдық тыңдауға жиналғандар осындай және өзге де сауалдарға жауап іздеді.

 АКАДЕМИК НЕГЕ АШУЛЫ?

Обалы не керек, Солтүстік Каспий жобасына қатысушы компаниялар өкілдері қоршаған ортаға қатысты келер жылдың жоспарын барынша баяндады. Әділін айталық, көп нәрсе қамтылған тәрізді. Қайткенде де, қағаз бетінде бәрі қатып-ақ тұр. Еш нәрсе ұмыт қалмағандай.

Әйтсе де, әдеттегідей, академик Муфтах Диаровтың сан салалы сауалдары инвесторларды тағы да қапы қалдырды. Мәселен, теңіздегі осы жобаны жүзеге асыру барысында бірнеше рет тосын жай орын алды. Ауаға қышқыл газ да шығарылды. Ұңғыманы сынау кезінде атқылаған алау салдарынан жүздеген құстың қанаты отқа оранды. Итбалықтардың жаппай жұмбақ өлімі де бар. Қайткенде де, оқыс оқиғалардың бірнешеуі болды. Соның бәрінде инвесторлар айыппұл төлеп құтылды. Шындығында, жергілікті экологтар соларға жаза қолданып та шаршаған секілді. Ендеше, осы жайлардан нендей қорытынды шығарылды? Зерттеу нәтижелері сараланды ма? Міне, ақылгөй ақсақал соны білгісі келген-ді. Өйткені, кешегі қателік бүгінге сабақ емес пе?

Рас, НКПОК компаниясының қоршаған ортаны қорғау бойынша инженері Сағиден Ербөлековтің айтуынша, барлық құжат құзырлы орындарға жолданыпты. Бұл жауап жиналғандардың көңілін көншітпеді. Аты аталмаған құзырлы орындар кімдер? Табиғат қорғау прокуратурасы ма? Әлде облыстық экология департаменті ме? Немесе Жайық-Каспий Орхус орталығы шығар? Мүмкін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы болар? Қоғамдық тыңдауға осы құрылымдардың бәрінің дерлік өкілдері қатысты. Бірақ ешқайсысы «құжат бізде» демеді.

Бұған дейін де қоғамдық тыңдауларға қатысып жүргенімізде, академиктің кейбір сауалдарына жауап таба алмай сасқандар «кейін өзіңізге жазбаша хабарлаймыз» деп құтылуға тырысатын. Сондай шаралардың бірінде қадірменді қарт «менің өзіме жеке айтудың қажеті жоқ, сіздердің жауаптарыңызды мына отырған халық білуі тиіс» деген-ді. Бұл жолы да жиналғандар нақты жауап күткен.

Жә, расында да, инвесторлар әр оқиғаға орай тиісті орындарға есеп беретін шығар. Оны жоққа шығармалық. Бірақ, бәрінен биік халық бар емес пе? Соның сауалына кім жауап береді? Қоғамдық тыңдауларда баяндама жасаушылар мүмкін сауалдардың барлығына да толық жауап беруге дайындалып келмей ме?

НКОК компаниясының корпоративтік қызметтер бойынша директоры Мұрат Мұқашевтің мәмілеге шақырған сөзі ғана  ақсақалды сәл сабасына түсірді. Лауазым иесі, расында да, өткен оқиғалардың ащы сабағынан жинақталған зерттеу еңбектің қажеттігін айтты. Бірақ, ол да бұған дейін аса назар аударатындай ірі апаттың болмағанын, ал шағын жайларға онша көңіл аудармаған жөн екендігін тілге тиек етті. Әйтсе де, үлкен оқиға осындай кішкене нәрседен туындамай ма? Мәселен, Мексика шығанағында болған апат әлем жұртшылығының әлі жадында. Ол тереңдігі түпсіз мұхит ортасында орын алды. Суы тайыз, табиғи қорық тұсындағы Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде болса ше? Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер әлемі түгел жойылмай ма? Жұртшылық содан шошынады. 

ИТ ТІРЛІКТЕН ЖЕРІНДІ ИТБАЛЫҚТАР…

НКПОК компаниясының қоршаған ортаны қорғау бойынша инженері Сағиден Ербөлековтің айтуынша, инвесторлар тарапынан Каспий итбалықтарын жүйелі зерттеу жалғасуда. Қыс мезгілінде аналықтарының күшіктерімен шоғырланған жерлері анықталуда. Оған спутниктер көмегін қолдану да көзделген. Кемелердің сол өңірлерді орағытып өтуі қарастырылған. Мұзжарғыштардың құрамында экипаждан басқа түрлі құрылымдардың өкілдері де бар. Ең бастысы – түнгі мезгілде итбалықтардың мекенін кем дегенде бірер шақырымнан көрсететін құралдардың қондырылуы. Осындай жабдықтар нәтижесінде кеме капитандары теңіз жануарларының топтасқан тұсын алыстан анықтап, оларға зиян келтірмей айналып өтеді екен.

Алайда, мамандардың бұл пайымдауын еңбек ардагері Бостан Сүлейменов жоққа шығарды. Ғұмырының жартысын осы салаға арнаған жан итбалықтар тірлігін әбден зерттепті. Иә, олар теңіздің тайыз тұсының мұзында күшіктейді. Каспийдің өзге жағалауымен салыстырғанда бізде көбірек кездесетіні де сондықтан. Оның үстіне, аса қатер төнбесе, үйренген жерінен безбейді. Ендеше, оларды кеме жүрісі де қорқыта алмас. Сонда түн ортасында тобымен оның астына түсіп, қырғынға ұшырамай ма? Итбалықтардың күшіктейтін кезінде айдында кеме жүрісін мүлдем тоқтатса қайтеді? Ардагер осындай да ұсыныс айтты. Әйтсе де, ол мүмкін емес екен. Өйткені, теңіздегі жасанды «D» аралына күнделікті қажетті заттар ар жағындағы Маңғыстаудың Баутино портынан жыл бойы үзіліссіз тасымалданады.

Жә, инвесторлар өкілдері мен қадірменді қарттың арасындағы әңгімеге уақыт нүкте қояр, жаңа әдістің нәтижесін кейін көрерміз. Әйтсе де, сонау 2005 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан зерттеулер итбалықтар тірлігіне шындап қауіп төнгенін көрсетеді. Кезінде осы жұмыспен шұғылданған ресейлік ғалымдармен де тілдескенбіз. Олар соңғы қос ғасыр аралығында бұл бағалы теңіз жануарларының саны күрт кемігенін айтады. Бұрын миллиондап кездесетін итбалықтарды қазір мыңдап қана санауға болады. Мұның да түрлі себептері аталады. Бір пікір бойынша олардың қоректенетін ұсақ балықтары азайған. Екінші түйін қыстың тым жылылығына саяды. Ал, біздің ойымызша, итбалықтардың өмірі сүретін өрісі де тарылып келе жатқандай.

Бұдан біраз жыл бұрын ғалымдар теңіздің қазақстандық бөлігінде екі-үш итбалыққа белгі байлап, айдын төсіне қоя берген. Әлгілер араға біраз ай салып кері оралыпты. Сөйтсек, күллі Каспийде олар тірлік ететін жайлы мекен қалмапты. Егер айдын айналасындағы Иран, Ресей, Әзірбайжан мен Түрікменстан теңіз түбінен әуелден көмісутегі шикізатын өндіріп жатқандығын ескерсек, олардың жағалаулары да әбден ластанған. Сонда итбалықтардың тыныш тірлік кешуіне тек біздің жағалау ғана қолайлы болғаны ғой. Енді олардың мұндағы қалыпты тірлігіне де нұқсан келсе, онда тура мағынасында итшілеген тірлік қана қалады.

«D» аралын көргендер оның ортасында аумағы атшаптырым суға толы ашық алаң бар екенін біледі. Мамандар өздерінше «бассейн» деп атайды және қызмет мақсатына пайдаланады. Ол теңізге жалғанған. Міне, содан бассейнге балықтар түседі екен. Турасын айту керек, бұл мәлімет те бұрын-соңды жалпақ жұртқа мәлім емес-ті. Мұны еңбек ардагері Бостан Сүлейменов қозғады. Сонда теңізден ішке еніп, аралдың ортасында қалатын әлгі балықтар қайтеді екен? Біреулердің қазанына түсіп кетпей ме? Тура сауалдан компания өкілдері де жалтара алмады, балықтардың кіріп кететінін жасырмады. Бірақ, бәрін де сүзіп, теңізге қайта жіберетіндерін айтып құтылды. Ал, сол балықтарды бассейнге мүлдем түспейтін істеуге болмас па? Бәрі қолдан келгенде осының мүмкіндігі жоқ па?

Тағы бір көпке беймәлім мәселені «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Махамбет Хакімов қозғады. Сөйтсе, апаттан кейін өнім өндіру тоқтатылғанымен, Қарабатандағы зауыттың мұржаларынан әлі түтін шығады екен. Сонда жанып жатқан не? Ауаға улы газ таралуда емес пе? Сөйтсек, Батыс Ескенедегі мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы әлі қатарда көрінеді. Мұндағы жұмыс мүлдем тоқтамаған, қызмет режімі сақталған. Мамандардың түсіндіруінше, осылай болғаны жөн. Өйткені, теңіз бен құрлықтағы қондырғылар арасындағы 200 км құбыр ауыстырылып, өнім өндіру басталғанда зауыт жабдықтарының қызулы күйінде дайын тұрғаны дұрыс. Ал, тұрбалардан шығып жатқан түтін газды отын ретінде пайдаланудан екен. Оның қоршаған ортаға еш зияны жоқ көрінеді. Сөйтіп, көңілімізді демдегендей болдық. 

ТҮЙІНДЕП АЙТСАҚ…

Әрине, Солтүстік Каспий жобасын жаңаша басқару қажеттігіне орай құрылған НКОК компаниясының қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларын еш жоққа шығаруға да болмайды. Оның үстіне, бұл бағытқа алдымыздағы жылға екі миллиард теңге жоспарланыпты. Аз ақша емес. Инженерлер Сағиден Ербөлеков пен Нұрсұлу Алпанның баяндауынша, қыруар қызмет көзделген. Ал, айтылғандарға жиналғандардың сын көзбен қарауы – Каспий тағдырына, осындағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне алаңдаушылық танытуы. Елбасы облыс әкімдігіне Бақтықожа Ізмұхамбетовті тағайындаған актив жиналысында аймақ басшысының мамандығы бойынша мұнайшы екендігін, осындағы жобалардың қоршаған ортаға залалсыз жүзеге асуын қадағалайтындығын айтқан-ды. Демек, жұртшылық тілегі жергілікті атқарушы билік талабымен де қабысып жатыр.

Қашаған кеніші түбінде игеріледі. Оның мол қоры Қазақстанды әлемнің көмірсутегі шикізатын ең көп өндіретін мемлекеттерінің қатарына қосады. Жобаға сан миллиондаған доллар инвестиция салған компаниялар да кен орнынан тезірек өнім өндірілуіне мүдделі. Өйткені, жұмсаған қаржысын жылдамырақ қайтаруға тырысады. Тек осы асығыстық салдары оқыс оқиғаларға соқтырмасын.

Жалпы, егер бір жылда жер қойнауынан алынған минералдық ресурстарды темір жол вагондарына тиесек, онда ұзындығы жер шарын 16,5 есе орап алатын алып пойыз пайда болады екен. Ал, сол мол шикізаттың бір пайызы ғана кәдеге асып, өзгесі керексіз нәрседей қоршаған ортаға тасталатынын көпшілік біле ме? Өйткені, осы қалдықтардың дені – улы заттар. Міне, ауаға не тарауда?  Сондықтан, оны мүлдем жойып жібере алмасақ та, барынша азайтуға ұмтылған жөн.

 

P.S.  Әлемде энергетикалық қуаттарға аса зәру елдер көп. Жасыратыны жоқ, олар мұнай мен газы мол мемлекеттерге жалтақтайтыны да сондықтан. Сонымен қатар, бірқатар мамандар «қара алтын» өндіру қазіргі қарқынмен жүре берсе,  қалған қоры алдағы қырық шақты жылға ғана жететіндігін де айтады. Ғалымдар оны алмастыра алатын баламалы энергетикалық қуаттарды белсенді іздестіре де бастаған. Содан болса керек, мұнайды молырақ өндіріп, тезірек тасымалдауға ұмтылушылық басым. Бүгінде әлемдік нарықта «қара алтын» құны біраз арзандағанымен, ОПЕК халықаралық ұйымына мүше елдер оны өндіруді шектемеген. Әсіресе, Сауд Арабиясы тәрізді алпауыт үстемелетіп жатыр. Өзінің дүние жүзіндегі мұнайды көп экспорттаушы басым мемлекет рөлін ешкімге бергісі жоқ.

Ертең Қашағанда да солай болмақ. Сондықтан, жергілікті атқарушы және өкілетті биліктер, экологтар мен жұртшылық айдын тазалығына алаңдайды. Себебі, Каспий тағдыры – халық тағдыры. Екеуі – бөлек емес, біте қайнасқан тұтас ұғым.

                                                                       Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз