
Жылыойда тоғыз жаңа нысанның құрылысы басталды
Жылыой ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, аудан көлемінде биыл тоғыз жаңа нысанның құрылысы басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, Құлсары қаласының қалаішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жобасы төртінші кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жалпы ұзындығы 75,2 шақырымды құрайтын бұл жұмыс қазір бірнеше бағытта қызу жүргізілуде. Сонымен қатар 34,8 шақырымдық автомобиль жолын жаңарту ісі де қолға алынып, құрылыс жұмыстары басталған. Құлсары қаласында Ұлықпан Әбдірахманов көшесі бойындағы автомобиль көпірін күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Исатай Тайманов көшесіндегі көпір де толықтай жөнделуде. Бұдан бөлек, қаладағы алты көшеде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылымдық жобалармен қатар әлеуметтік нысандар салу ісі де назардан тыс қалған жоқ. Барлаушы шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сондай-ақ Құлсары қаласында мал өлекселерін сақтауға арналған мал қорымын салу жұмыстары да басталып кеткен. Жанар Дүсіпованың айтуынша, қолға алынған бұл жобалар ауданның инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жетілдіруге және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ