Жарнама
Экономика

ЖЕТІСТІК СЫРЫ НЕДЕ?

 

Атап айтқанда, қазірде өңірлік Кәсіпкерлер палатасы облыстық жер қатынастары басқармасымен бірге жер ресурстарының онлайн-базасын құру бойынша жұмысты бастап отыр. Интернет-ресурс жер телімдері жайлы, олардың маңайындағы инфрақұрылым туралы ақпарат бере алады. Бұл кәсіпкерлер мен инвесторлардың жеке бизнесін жоспарлауына мүмкіндік береді.

Монополистерге қатысты, соның ішінде, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ АФ байланысты айтар болсақ, үстіміздегі жылы Атырауда газбен жабдықтау мәселелері бойынша халыққа қызмет көрсетудің мамандандырылған орталығы ашылды. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасайды. Мұны бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау жөнінде жасалған жұмыс жайлы бизнес-қоғамдастық алдындағы есептік кездесуде Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев жеткізді. Палата басшысы атап өткендей, олардың қызметінің басты міндеті – бизнесті қорғау. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде кәсіпкерлердің 14 млн теңгеден астам сомадағы қаржылай шығынының алдын алуға және бизнес субъектілерінің мүліктік табысын 700 млн теңгеден астам көлемде ұлғайтуға қол жеткізілді.

Үстіміздегі жылы жасалған сервистік қолдау көрсеткіші былтырмен салыстырғанда төрт есе өсіп, 1 208 бизнес субъектісін құрап отыр. 

Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша 200-ден астам жұмыс орны жасақталып, жалпы 289,5 млн теңге сомасына 113 бизнес жоба қолдау тапқан. Үстіміздегі жылы есептік кездесудің кеңейтілген форматта өткізілгенін атап өту керек. Оған облыс басшылығымен бірге бизнестің жүзге жуық өкілі, Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелері, жергілікті қауымдастықтар, даму институттары, екінші деңгейдегі банктер, жоғары және орта оқу орындарының өкілдері қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушылар алдарына түйткілдерді талқылап, оларды шешу жолдарын бірге табуға арналған еркін сұхбат алаңын құру міндетін қойды. Сұрақтардың көп бөлігі мемлекеттік орган атына қойылды. Кәсіпкерлер облыс басшылығына тікелей жүгініп, толғақты мәселелерін жеткізе алды. Атап айтқанда, бизнес субъектілері жер қатынастары, қала әкімдігімен, монополистермен жұмыстағы жүйелік мәселелерді сөз етіп, ауылшаруашылық өнімді өткізуде жәрдем сұрады. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев өңірлік палата қызметіне оң баға бере отырып, барлық айтылған бизнес түйткілдеріне сәйкес шаралар қолданылатынына уәде берді.

Құрманғазы ауданынан келген кәсіпкер Есболат Құбашев өз сөзінде ауылдық жерге көбірек назар аударуды сұрады. «Қазірде ауданда халықтың қоныс аударуы көптеп орын алуда. Оған бір себеп – жұмыстың жоқтығы. Монополистермен байланысты мәселелерде әкімшілік кедергілер азырақ болғанда, ауылдағы бизнес субъектілерінің саны еселеп артар еді. Ал, бұл дегеніміз — тұрғындардың жаңа жұмыс орны», — дейді ол.

 А.АБДОЛ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button