Жаңа жұмыс орындары ашылады

raprpra Жаңалықтар

Atr.kz/1 сәуір, 2020 жыл. «Бүгінгі сындарлы сәтте жұмыс орындарын сақтап қалу маңызды. Нақ осы мәселе өндірісті өңір саналатын Атырауды да айналып өтпесі анық». Бұл – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланың пікірі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі мәлімдемесінде Үкімет пен әкімдердің «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында өңірлерде нақты жобаларды жүзеге асыру қажеттілігі айтылды, – дейді ол. – Өткен жылы өңірімізде 22 619 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 14 897-і тұрақты. Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласушылардың түгелге дерлігі екі қолға бір жұмыс тапты. Бүгінде аты жаман індет әлемді дүрбелеңге түсірсе де аймақта жұмыссыздық проблемасын шешу жайы кейінге қалдырылмайды.

Биыл 20 586 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жыл басынан бері 1479 тұрақты, 1932 уақытша жұмыс орны ашылды.

Барлық ақпарат «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, талдау жұмыстары жүргізіледі. Осы ретте мемлекеттік, өңірлерді дамыту бағдарламалары бойынша мамандықтар бөлінісіне қатысты мәліметтер енгізілуде.

Облыста 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Ол «Теңізшевройл» ЖШС-нің өндірістік қуатын кеңейту, «КРІ» серіктестігінің газ-химиялық кешенінің құрылысы және НКОК компаниясының жобалары. Мұнда жұмыс жасайтын мердігерлік және қосалқы мердігерлік мекемелерден түскен сұраным бойынша бос жұмыс орындарына өзіміздің мамандар орналастырылуда. Бұл ішкі еңбек нарығындағы қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

http://atr.kz/bez-rubriki/bүgin-atyray-gazetiniң-tuғan-kүni/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз