Жетігенді желдіртіп, қобызды күңіренткен…
Астана қаласында колледжаралық 37-ші республикалық орындаушылар конкурсы өткен болатын. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің өнерлі студенттері аталған байқаудан жүлдемен оралды.
Атап айтқанда, жетіген аспабын жетік меңгерген Әйгерім Қараменова жүлделі I орынды иеленді. Домбырадан Ақбөкен Темір, қобыздан Айғаным Ихсанова, саксафонда Мәди Мәдениетов, шертерден Тұрлан Жұмағалиев, қобыздан Әйгерім Нәбиева, примадан Ибрахим Қобланов жүлделі II орынды бағындырды.
Атыраулық қатысушыларды бастап барған жетекшісі Жаңыл Файзуллинаның айтуынша, байқауға биыл қазақтың көне аспаптары – шертер, жетіген қосылып отыр. «Біздің колледжде бұл аспаптар қосымша оқытылады. Соған қарамастан шәкірттеріміз бәйгенің алдын бермеді. Бір кездері студенттердің үрмелі аспаптардан құрылған оркестрі оқытушының болмауынан, талапкерлердің бұл мамандықтарға оқуға түспеуінен жабылмақшы да болды. Бірақ, академияның түлегі Марат Құрмантаев «Өнер» университетін бітіріп келгелі осы үрмелі аспаптардан құрылған студенттер оркестрін жандандырды. Қазір студенттер тобы филармония мен әскери гарнизон өнерпаздарымен бірге өнер көрсетіп жүр, — дейді Жаңыл Файзуллина.
I, II, III орын алған жүлдегерлер ақшалай сыйлыққа да ие болды. Сондай-ақ, колледждің биылғы түлектері Әйгерім Қараменова, Ақбөкен Темір, Тұрлан Жұмағалиев, Әйгерім Нәбиеваны жоғары оқу орындарына, консерваторияға оқуға түсуге қазылар алқасының өздері шақырыпты.