ЖЕЛЕЗНОВОДСКІДЕГІ ЖАЙДАРЫ ЖАЗ
Аталмыш демалыс орнына лагерь жетекшісі Бибігүл Жолдиева бастаған төрт тәрбиеші мен үш тәлімгердің қарамағында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен балалар үйінің 46 жеткіншегі демалып келген еді. Олардың 27-сі – Қызылқоға ауданынан, қалған 19 жас өрен – Атырау қаласынан. Лагерьдің тәлімгері болып Қатира Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері барды. Олар биылғы оқу іс-тәжірибесінен осында өтті. Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің басшысы Сәния Мусиеваның айтуынша, балалар үйінің 72 тәрбиеленушісінің үшеуін Италияда, 46-сын Ресейде, қалғанын «Тұлпарда» демалдыру көзделген екен.
Балдырғандарды саялы құшағына алған «Қазақстан геологы» соңғы елу жылдан бері ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлесін қосып келеді. Оның негізін қалаған – Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының сол кезеңдегі геология министрі Халел Өзбекқалиев. Пансионат 2000 жылдан бері толықтай Атырау облыстық әкімдігінің қарауына берілген. Емдеу-сауықтыру кешені былтырға дейін тек жазғы маусымда жұмыс жасайтын. Алғаш рет 2014 жылдың күзінде 72 оқушы келіп тынығып қайтты. Содан кейін 2015 жылғы қаңтар айында 56, ақпанда 55, наурызда 56, сәуірде 70 және мамырда 76 шәкірт демалыпты. Осы жазда 460, жыл бойына 1440 балаға ұмытылмас қызықты күндерді тарту етпек. Атырау облысынан басқа, Қазақстан Республикасы аумағынан Жаңаөзен, Ақтау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе, Орал, Қызылорда қалаларынан да балалар қамтылып отыр.
Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аталмыш емдеу-сауықтыру пансионатына қамқорлықты басты назарда ұстап келеді. Таяуда ғана УФО-жарықпен емдеу құрылғысын сыйға тартыпты.
Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері Жұмазия Жолмұханованың айтуынша, бұл демалыс ошағында салауатты өмір салты мен қауіпсіздік шараларына баса мән берілетін көрінеді. Балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында ароматерапия, оттегімен тыныстау, ингаляция, балшықпен емдеу және басқа да медициналық қызмет түрлерімен қамтылған. Балалардың қан қысымына үлкен мән беріледі екен. Оның себебі, таулы аймақ пен біздің Атырау өлкесінің ауа райы арасында жер мен көктей айырмашылық бар екені баршаға мәлім.
— Железноводскіде 21 күн бойы демалып қайттық. Ауасы таза, табиғаты ғажайып. Төңіректің бәрі орман. Таулы жердің кереметін тамашаладық. Шипалы суы бар. Маған әсіресе, саяхатқа шыққан ұнайды. Пятигорск, Кисловодск, Железноводск қалаларына саяхаттадық. Өзіме жаңа достар таптым, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген Райымбек есімді баламен танысып, дос болып та үлгердім. Бұл күндердің қалай өткенін байқамай да қалдық. Әрине, Атырауды сағындық. Қалай дегенде де, туған жер бәрінен қымбат екен, — дейді Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Айтқұл Әлібиев.
Ал, аталмыш тәрбие орнының қызметкері, «Қазақстан геологында» жауапты тәрбиеші болып келген Тілекші Нығметова:
— Демалыс орнында бәрі өте тамаша. Мәдени, спорттық шаралар өтті. Біздің тәрбиеленушілер барлық шараға белсене қатысты. Әсіресе, спорттық жарыстардан алдымызға жан салмадық. Бірінші жүлделі орындарды қолдан бермедік. Үнемі «Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі тағы да марапат ала ма?!» деген басқа өңірден келген оқушылардың наразылығын тыңдауға тура келді. Бірақ, әйтеуір, шәкірттеріміз аянып қалмады, соған ырзамыз. Сонымен қатар, қазіргі таңда балалар үйінде «Гүлдер-ай» атты лагерь ашылды. Жоспар жасалды, соған сай саяхаттар, мәдени шаралар өтуде. Оларға белсенді қатысқан шәкірттерге купон беріледі. Соған өз ішіміздегі жәрмеңкеден қажетті, көңілі қалаған тағамын сатып алады. Басқа да шаралар көп, — деп өз әсерін бізбен бөлісті.
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп» каникулды қызықты өткізген жас өркендерге біз де қызыға қарадық. Бақытты балалық шаққа не жетсін, шіркін!..
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.
Суреттерді түсіргенЕрлан АЛТЫБАЕВ.