
Жазғы су құбыры жаңғыртылуда
Инфрақұрылым – экономиканың өзегі. Әсіресе, қала тіршілігінің тиімділігі мен өңірлік дамудың тұрақтылығы тікелей коммуналдық жүйелердің сапасына байланысты. Осы орайда Атырау қаласында қолға алынған жазғы су құбыры желісін жаңғырту жобасы – экономикалық, әлеуметтік әрі экологиялық бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі.
Қаланы көгалдандыру – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, экологиялық тепе-теңдікті сақтаудың, сондай-ақ еңбек нарығына жұмыс орындарын ашудың бір жолы. Бұл бағыттағы жұмыстарды «Каспийдормостострой» ЖШС жүзеге асыруда. Серіктестіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда екі кезеңнен тұратын жазғы су құбыры құрылысы жобасының алғашқы жұмыстар басталып кеткен. Бүгінде ұзындығы 190 236 қума метр болатын құбыр желісінің құрылысы аяқталған.
Жобаның бірінші кезеңі – Сәтпаев пен Әбілхайыр хан даңғылдарын (9 869 қума метр), ал екінші кезеңі – ұзындығы 180 367 текше метрді құрайтын жазғы су желілері Бейбарыс, Азаттық даңғылдары мен бірқатар көшені (Ғұмаров, Владимирский, Құрманғазы, Тайманов, Берғалиев, Әуезов, Ғадиев, Мәденов және т.б.), сондай-ақ “Нұрсая”, “Самал” шағынаудандарын, №17 мектеп-лицей мен “Балықшыдағы” шағын саябақты қамтиды.
Қазіргі таңда қаладағы жазғы су жүйесіне 10 сорғы стансасы арқылы су айдалады, сондай-ақ 10 су резервуары іске қосылған. Бұл резервуарлардан су таситын, жуып-шаятын және өрт сөндіру техникасы қажетті көлемде су ала алады.
Мұндай жобалар аймақтық инфрақұрылымның заманауи стандарттарға сай дамуына, коммуналдық тиімділіктің артуына, сондай-ақ жеке және мемлекеттік секторлар арасындағы серіктестіктің нығаюына жол ашады. Сонымен қатар құрылыс жұмыстары барысында жергілікті кәсіпорындар мен жұмысшылар тартылып, шағын және орта бизнеске серпін береді.
Осылайша, жазғы су құбыры жүйесін жаңғырту – тек көгалдандыру немесе абаттандыру емес, аймақ экономикасының ұзақмерзімді өсіміне инвестиция деуге толық негіз бар.
Дәулетқали АРУЕВ