Жеті проценттік ипотека: «7-20-25» бағдарламасының басты өлшемдері қандай?

ZHeti protsenttik ipoteka1 Жаңалықтар

Бүгінгі  «7-20-25» ипотекалық бағдарламасының бұрынғы құжаттардан айырмашылығы бар. Мұндағы сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызды құрайды. Бастапқы жарнасы – 20 пайыз. Қарыздың мерзімі 25 жылға дейін есептелген. Өте тиімді жобаға халықтың сұранысы ерекше болып тұр. 

Жеті проценттік ипотека1

Ұлттық банктің Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Серік Омаровтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасына меншігінде жылжымайтын мүлігі жоқ еліміздің кез келген азаматы қатыса алады. Олардың жұмыс жасауы, кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы болуы тиіс. Тұрғын үйдің құны Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында 25 миллион теңгеден, өзге өңірлерде 15 миллион теңгеден аспауы керек.

«7-20-25» бағдарламасының тағы бір өзгешелігі, мұнда мақсатты мемлекеттік қаржыландыру деген болмайды. Бағдарламаны қаржыландыру несие ресурстарының тез қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылады, – деді ол.

Бағдарламаның операторы болып Ұлттық банкінің еншілес ұйымы «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ белгіленген. Оператор облигацияларды шығару және орналастыру есебінен қаржыландырудың нарықтық тетіктерін пайдалану арқылы Қазақстан қор биржасына (KASE) кемінде 1 триллион теңгені тартады. Алынған қаражатты бағдарламаның талаптары бойынша қатысушы банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға жібереді.

«Мәселен, банктер халыққа несие береді. Ал, «Баспана» АҚ сол несиені банктен сатып алады. Бұл – халыққа да, банктерге де тиімді. Сондықтан, «7-20-25» барлығына қолайлы болады», – деді Серік Омаров.

Ипотеканы  алу  схемасы:

  1. Клиент жаңа салынған, пайдалануға берілген тұрғын үйді тауып, банкке жүгінеді;
  2. Банк қарыз алушыны тексеріп, заем беруді мақұлдайды;
  3. Клиент құрылыс салушымен сатып алу-сату шартын жасайды және оған алғашқы жарнаны төлейді;
  4. Банк заем береді, заем сомасын құрылыс салушыға аударады;
  5. Клиент жаңа үйдің кілтін алады.

 Қажетті құжаттар тізімі:

  1. Еңбек немесе кәсіпкерліктен түсетін табысты растайтын құжаттар;
  2. Ипотекалық жылжылмайтын мүлік қарыздарының жоқтығын дәлелдейтін несиелік бюроның кредиттік есебі;
  3. Меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауын растайтын анықтама (Халыққа қызмет көрсету орталығында беріледі);
  4. Сатып алынатын тұрғын үйдің құжаттары;
  5. Сатып алынатын тұрғын үй құнын анықтайтын тәуелсіз бағалаушының бағалау есебі;
  6. Серіктес банктің талабы бойынша басқа да құжаттар.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз