ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕР ДЕ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Бейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың төрағалығымен, қылмыстық жазаны және қылмыстық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу және қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік көмекті ұйымдастыру жөнінде облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Еліміздің басқа аймақтарындағы тәрізді, Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару  департаментіне қарасты түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеп жатқан сотталғандарды да ақылы еңбекке тарту жөнінде алынып жатқан кешенді іс-шаралар аз емес. Оларды жұмыспен қамту мақсатында түзеу мекемелері жанынан әртүрлі өнімдер мен тауарлар шығаратын өндіріс орындарын ашып, іске қосуға бағыт ұсталынуда. Осы және өзге де жүзеге асырылу үстіндегі жұмыстардың жайын аталмыш құрылымның жетекшісі Н.В.Шемакин баяндады.

Өткен жылдың өзінде облыстың түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың ішінде еңбекке жарамды адамдардың саны 283-ті құрап, олардың 208-і немесе 73,4 пайызы жұмыспен қамтылған. Әр жыл сайын сотталғандардың арасынан 110-120 адам түрлі мамандықтар (автослесарь, ағаш жонушы, құрылысшы, дәнекерлеуші, тігінші, кондитер, аспазшы,т.б.) бойынша кәсіби білім алып шығады.

2013 жылы УГ-157/9 жалпы режимдегі түзеу мекемесінде жөндеу жұмыстарының жүр-гізілуіне байланысты «Еңбек-Атырау» РМК-мен келісім-шарт жасасу арқылы 24 жазасын өтеуші жұмысқа тартылған. Мұндағыларға  жалпы білім беру мен кәсіптік оқыту саласында арнайы компьютерлік оқу бағдарламасы енгізіліп, информатика сыныбы заманауи ақпараттық технологиямен жабдықталған. Бұдан бөлек, УГ-157/11 әйелдер колониясында жазасын өтеушілердің арасынан 35 адам «Еңбек-Атырау» кәсіпорнының тігін цехында мекемелердің тапсырысын орындаумен шұғылданады. Нақтырақ айтқанда, арнаулы жұмыс киімдерін, төсек-орын жабдықтары мен тұрмысқа қажетті бұйымдарды тігіп, дайындайды. Сол сияқты, нәзік жандылардың бір тобы келісім-шарт негізінде «Эрт-Три» ЖШС-не қызметке қабылданған. Тапсырыстар саны мен жұмыс көлемінің  көбеюі себепті алдағы уақытта мұнда жұмысқа тартылатындардың қатарын арттыруға бағыт ұсталынған.

Осыларды алға тартқан департамент басшысы бұл салада шешімін күткен проблемалардың да көп екенін жасырмады.

Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Жұмашұлы айтылған сыннан қорытынды шығарып, жүктелген тапсырма-міндеттерді тиянақты орындауды тапсырды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз