
Жасанды интеллект – жаңа экономикалық парадигманың іргетасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын ел экономикасының қозғаушы күшіне айналдыру туралы мәлімдемесі – еліміздің даму траекториясын түбегейлі өзгертуге бағытталған тарихи бастама. Бұл – цифрлық дәуірдің талаптарына сай, кешенді әрі ұзақмерзімді стратегиялық шешім.
Президенттің «Қазақстан алдағы бес жылда цифрлық мемлекетке айналуы тиіс» деген тұжырымы – жай ұран емес, нақты экономикалық қажеттіліктен туындап отыр. Себебі, жаһандық экономика жасанды интеллект пен үлкен деректерге сүйенетін жаңа модельге өтіп жатыр. Бұл өзгерісті уақытында қабылдап, соған бейімделе білген ел ғана табысты болады.
Экономикалық тиімділік тұрғысынан ЖИ-дің негізгі әлеуеті – еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік шығындарды азайту, шешім қабылдау үдерісін жылдамдату және адами фактордан туындайтын қатерлерді төмендету. Бұл – әсіресе өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, энергетика, тіпті мемлекеттік басқару жүйелері үшін ерекше өзекті.
Президент атап өткен өндірістік кәсіпорындармен пилоттық жобаларды іске асыру – ЖИ-дің нақты нәтижелерін көрсетудің тиімді тәсілі. Бұған қоса, «Самұрық-Қазына» сияқты ірі ұлттық компанияларды осы бағытқа тарту – трансформацияның қарқынын еселейді. Мұндай серпінді қадамдар экономиканың технологиялық жаңғыруына жол ашады.
Президент цифрлық саясатты қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бұл өте маңызды. Себебі жасанды интеллект тек технология емес – бұл мемлекеттік басқару, заңнама, кадрлық саясат және инвестициялық стратегия сияқты көптеген саланы қамтитын күрделі құбылыс. Осыған орай, Үкімет пен Стратегиялық жоспарлау агенттігі әзірлейтін кешенді құжат елдің ЖИ-ге қатысты ұлттық стратегиясына айналуы керек.
Онда экономика мен мемлекеттік секторға ЖИ-ді енгізудің нақты механизмдері, деректер қауіпсіздігі мен этикалық нормалар, ЖИ саласындағы отандық стартаптарды қолдау шаралары, венчурлық инвестицияларды ынталандыру тетіктері, кадр даярлау және қайта даярлау жүйесі қамтылуы керек.
Президенттің еңбек нарығын трансформациялау қажеттілігі туралы айтуы – өте өзекті мәселе. ЖИ-дің дамуы кейбір кәсіптерді біртіндеп ығыстырғанымен, жаңа мамандықтарды өмірге әкеледі. Сондықтан жаппай оқыту бағдарламаларын іске қосу, студенттер мен жұмыссыз жастарды цифрлық дағдыларға баулу – елдің адами капиталына салынған инвестиция болмақ.
Сондай-ақ, мектептен бастап жоғары білімге дейін ЖИ, мәліметтер ғылымы, бағдарламалау және алгоритмдік ойлау негіздері енгізілуі тиіс. Бұл – келешек экономикасын басқаратын мамандарды даярлау ісінің негізі.
Жасанды интеллект – тек технологиялық тренд емес, жаңа экономикалық парадигманың негізі. Мемлекет басшысының осы бағыттағы бастамалары – Қазақстанды цифрлық дербестігі бар, жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналдыруға бағытталған. Бұл бастаманы іске асыру – мемлекеттік органдардың, бизнес пен ғылым өкілдерінің бірлескен жұмысына байланысты.
Басты мақсат – Қазақстанды технологиялық қуатты мемлекетке айналдыру. Ендігі міндет – осыны нақты әрі дәйекті түрде жүзеге асыру.
Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты