Махамбет ауданында соңғы жылдары құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Ақ Жайықтың екі бетін жайлаған елді мекендерде бой көтерген ақшаңқан үйлер мен әлеуметтік нысандар қатары көбейіп келеді.
Осы өңірде тұрақты қоныстануды мақсат еткен жүздеген отбасы өз қаржыларына баспаналарын тұрғызып алса, бюджет қаржысы есебінен көп қабатты алпыс пәтерлік бір үй пайдалануға берілді. Қазір осындай тағы бір көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Сонымен қатар, түрлі санаттар бойынша әлеуметтік топтарға бөлінген тұрғын үй кезегіндегі аудан тұрғындары да кезең-кезеңімен баспаналы болу бақытына ие болуда. Елбасының шалғай ауылдарды дамыту, елдімекендерге жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында оларға қызметтік пәтерлер бөлу жөніндегі тапсырмасы да орындалып келеді.
Жақында ауданның 90 жылдығы қарсаңында құрыш қолды құрылысшылар бюджеттік мекемелердегі жас мамандарға арнап салынған бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтады. Бұлардың үшеуі ауданға жұмысқа келген дәрігерлерге, ал, екі үй білім беру саласы мамандырына бөлінді. Жаңа қызметтік пәтерлер кілтін иелеріне табыстаған аудан әкімінің орынбасары Зұлқарнай Мұқаш жас мамандардың қызметтеріне сәттілік тіледі.
Бауыржан МИРАСОВ
Махамбет ауданы