«Теңгеге күдікпен қарағандар да болды»

1610852306 news b Қоғам

15 ҚАРАША – ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАМЫЗ ТЕҢГЕ КҮНІ. ҚАРЖЫГЕРЛЕРДІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ ДЕ ОСЫ КҮНІ АТАП ӨТІЛЕДІ. АТАУЛЫ ДАТА ҚАРСАҢЫНДА САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ОСЫ ҚЫЗМЕТКЕ АРНАҒАН САЛА АРДАГЕРЛЕРІМЕН СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК. СОЛАРДЫҢ БІРІ – «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» ТӨСБЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ ҒИЛАЖ БЕКМҰҚАНОВ БОЛАТЫН.

– Ғилаж Құзайырұлы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Әңгімемізді ел тарихындағы ерекше оқиға – теңгенің айналымға енгізілуінен бастасақ…

– Төл теңгеміздің өмірге келуі еліміз енді ғана егемендігін еншілеп, әлеуметтік экономикалық дамудың дербес жолын таңдап, өз алдына қалыптаса бастаған кезеңінде бұл аса қажетті қадам болатын. Шынын айтқанда, болашағы бұлыңғыр, келешегі сенімсіздеу секілді көрінгенімен, сондай алмағайып, сындарлы сәтте мұның өзі зор тәуекелмен қолға алынған батыл шешім еді.

Өйткені , нарықтық экономика жағдайында бірқатар қаржылық-экономикалық реттеу құралдарының мүмкіндіктері шектеліп, қолданылу шеңбері тарылды. Ол ең алдымен баға мәселесін жүйелеуге кедергі келтіріп, кері әсерін тигізді. Оның үстіне, Ресей рублі Қазақстанда басылып шығарылмағандықтан, мұндай қызметті көрсеткені үшін көрші елге қомақты сомада ақша төлеуге тура келетін.

– Ойыңызды нақтылай кетсеңіз?

– Иә, 1993 жылғы қараша айының 15-інен бастап Қазақ елінің өзінің ұлттық валютасы айналымға енді . Әрине , алғашында бұған үміттен гөрі күдікпен қарайтындардың қатары көп болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында жағымды жаңалықты жұртшылыққа жариялап, сүйіншілеген де, керісінше, оны сынапмінегендердің де хабарлары тарап жатты. Оның төңірегінде қызу пікірталас тыңда туындағаны рас. Әйтсе де, «Шешінген судан тайынбас» деген қағиданы қатаң ұстанған сол кездегі мемлекет басшылығы алған бетінен қайтпады. Ол уақытта мен республикалық Қаржылық бақылау комитеті Балықшы аудандық бөлімшесін басқаратынмын. Теңгенің айналымға шығарылуына байланысты облыстық , қалалық, аудандық әкімшілік аумақтарында қолданыстағы Ресей рублін ұлттық валютаға ауыстырумен айналысатын арнайы комиссиялар құрылды. Мен ауданда құрылған осындай комиссияның мүшесі ретінде ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрдім.

Әрине, бәрі бірден жақсы бола қойған жоқ. Аз уақытта Қазақстанның рубль аумағынан шығып, теңгені айналымға енгізуі қаржылық дағдарысты үдете түсті. Азаматтардың жылдар бойына жиғантергені көзді ашып-жұмғанша құнсызданып шыға келді. Бұл елде іске асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды қайта қарау қажеттілігін туындатты. Ең алдымен, қандай тәсілмен болса да инфляция деңгейін төмендетуге, тежеуге тура келді. Қаржы жетіспеушілігін қысқарту үшін қатаң бюджет саясатын жүргізуге және бағаны либерализациялауға, салық жүйесін қатаңдатуға бағыт ұсталды. Соған қарамастан, елде қалыптасқан күрделі қаржылық ахуалдың салдарынан теңге айналысқа енген алғашқы жылдары жоспарланған бюджет болжамы кіріс бойыншада , шығыс жағынан да орындалмады. Оған төлем дағдарысы себепші болды.

 – Содан бері міне, отыз жылға жуық уақыт өтіпті. Еліміз қаржы саясатында бірнеше реформаны бастан өткерді. Оның әрқайсысы өзінің оң нәтижесін беріп отыр. Бұл туралы не дейсіз?

– Расымен де жылдар жылжып өткен сайын теңгеміз тұрақтанып, халықаралық валюта нарығындағы бағамы жоғарылап , беки түсті . Девальвацияға ұшырап , құнсызданып кеткен кезеңдері де кездесті. Бірақ, қай мезгілде де, қаншалықты қиын болса да тәуелсіз мемлекеттің негізгі символдарының бірінен саналатын төл теңге – Ұлттық валютамыз өзінің тарихи миссиясын абыроймен орындады және солай жалғасып келеді.

Ілкіде 1, 3, 5 және 10 теңгелік номиналдардан басталған банкноттардың сомасы бертін де үлкен көлемдегі банкноттармен алмасты. Әрбір шығарылым сайын оның қауіпсіздігіне де мән беріліп отырды. Теңгеміз дүниеге келген Ұлттық валюта күнімен бірге бұл датаның мемлекет басшысының Жарлығымен қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітілуі біздің де мәртебемізді асқақтатып, атқарып жүрген қызметіміз бен міндетіміздің маңыздылығын арттырды. Сөзімді қорыта келе, саналы ғұмырын осы салаға арнаған аға буын өкілдерін, қатар қызмет істеген, бүгінде еңбек етіп жүрген барша әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап, алдағы өмірлеріне жақсылық пен сәттілік тілеймін. Төл теңгеміздің төрден алған орны мәңгілік, мәртебесі биік, мерейі үстем болсын!

– Әңгімеңізге көп рахмет!

 Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз