Жарнама
Экономика

Жарық бағасы жанға батты

Қазір өмірді жарықсыз елестету қиын. Қарапайым тұрмыстық техникадан бастап, күнделікті қолданып жүрген электронды жүйенің бәрі электр қуатымен жұмыс істейді. Жақында өңірде жарық бағасын өсіру туралы әңгіме қозғалғаннан бері жұртшылық арасында алыпқашпа әңгіме желдей есті. Бұқараның тарифтің қымбаттауына қарсылығы басым. Осынау маңызды проблема облыстық қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде талқыланды.

cf3e31ba 6195 4c76 8819 c91b09ef963d

Тариф неге көтеріледі?

«Атырау Жарық» ЖШС директорының орынбасары Тұрлан Дошатовтың айтуынша, бұған дейін облыста электр қуатын тұтынушыларға жеткізу қызметін «АтырауЭнергосату» мекемесі жүзеге асырып келген болатын. Алайда жыл басынан бастап мекеме таратылып, оның функциясы «Атырау Жарық» компаниясына берілген. Содан бастап «Атырау Жарық» өз жұмысын екі бағытта үйлестіріпті, біріншісі – электр қуатын тарату, екіншісі – оны тұтынушыларға жеткізу.

Қыркүйектен бастап «Атырау Жарық» электр қуатын сатушы ретінде өз атынан қызмет көрсете бастаған. Сосын тарифке қатысты жаңа ұсыныстар дайындалып, шілде айында Табиғи монополияларды реттеу комитетіне жолданған. Ұсыныс қаралып, нәтижесінде тарифті өзгерту туралы ресми қорытынды алынған.

– Біріншіден, біз электр қуатын өндірушілерден тікелей сатып аламыз. Бұрын бұл станциялардан электр қуатын орта есеппен 31,82 теңгеден сатып алсақ, қазір бұл баға 49,13 теңге болды. Яғни электр қуатының бастапқы құны 54 пайызға дейін көтерілді. Екіншіден, тұтынушыға энергияны жеткізумен айналысатын мекемелердің өздері де қызмет бағасын өсірді. Мәселен, бұрын бұл қызмет үшін 996 теңге төленсе, қазір бұл сома 1301 теңгеге жетті. Ол – шамамен 30 пайыздан аса өсім. Үшіншіден, теміржол арқылы электр қуатын жеткізу қызметінің құны да өсті. Бұрынғы 3250 теңге тариф қазіргі уақытта 5 410 теңгеге жетіп отыр. Бұл – 66 пайызға жуық өсім. Төртіншіден, электр қуатының көтерме нарығындағы қуат дайындығының бағасы өзгерді. Бұл да айтарлықтай өзгеріс – шамамен 20-30 пайыздың аралығы, — дейді Тұрлан Сағидоллаұлы.

Бүгінде Қазақстанның ұлттық электр желісін басқаратын мекеме – KEGOC компаниясы да қызмет тарифін өсірген. Бұл өзгерістер үш негізгі бағытта: электр қуатын жеткізу желілерін пайдалану қызметі – 42,86%, электрмен жабдықтауды диспетчерлеу қызметі – 29,91%, өндірілген және тұтынатын қуатты ұйымдастыру қызметі – 34,38 % өсім көрсетті. Оған қоса, электр энергиясы саласындағы қызметкерлердің жалақысы мен әлеуметтік төлемдеріне байланысты шығындар да артты. Бұл да тарифтің өзгеруіне өз ықпалын тигізген.

Осылайша, «Атырау Жарық» ЖШС тарифті қосымша құн салығынсыз тұрғындар үшін – 22,29 теңге, заңды тұлғалар үшін – 42,78 теңге, бюджеттік мекемелер үшін – 71,1 теңге, ауыл шаруашылығы субъектілері үшін – 36,61 теңгеге көтеруді жоспарлап отыр. Орташа есеппен тариф 36,61 теңге болмақшы.

– 2009 жылдан бастап 2022 жылға дейін біз тұрғындарға электр қуатын бес деңгейлі әлеуметтік бағдарланған жүйемен жеткізіп келдік. Осы аралықта тариф бірде-бір рет көтерілген жоқ. Бұл кезеңде жергілікті әкімдіктің қолдауы мен араласуының арқасында халыққа қолайлы баға сақталып тұрды. Алайда 2023 жылдан бастап еліміз бойынша жаңа ережелер күшіне енді. Бұрын біз қуатты тікелей электр станцияларынан жеке келісім-шарттар арқылы сатып алып келсек, қазір Қазақстан бойынша «біртұтас жеткізуші жүйе» енгізіліп, барлық электр станциясы бірыңғай оператор арқылы жұмыс істей бастады. Бұл өзгеріс – мемлекет ауқымындағы энергетикалық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі қадам. Дегенмен, бұл бағаның артуына да сеп болды. Енді біз қуатты өндірушілерден бұрынғыдай төмен бағада ала алмаймыз. Қуатты сатып алу құны өссе, оны тұтынушыға жеткізудің де бағасы сәйкесінше өзгереді, — деп пысықтады ойын Т.Дошатов.

Оның айтуынша, электр қуаты тарифін көтеру бір мекеменің немесе жекелеген лауазым иелерінің ұйғарымымен қабылданбайды, нарық пен мемлекет тарапынан реттелген, нақты экономикалық негіздемелерге сүйенген шешім. Алдағы уақытта электр желісін жаңғырту, инфрақұрылымды дамыту, желідегі шығындарды азайту бағытында жүйелі жұмыстар жалғаса береді.

Мұны «Атырау Жарық» ЖШС-нің директоры Мейірбек Ғұбашев толықтырды. Оның айтуынша, тарифтердің өсуі тек Атырау өңірінде емес, бүкіл Қазақстан бойынша байқалып отыр.

– Бұрын біз энергияны әртүрлі электр станцияларынан жеке-жеке келісім-шарттар негізінде сатып алатынбыз. Алайда қазір елімізде біртұтас, бірыңғай жүйе енгізілуіне байланысты бұл тәртіп өзгерді. Елдегі газбен, мазутпен, көмірмен, басқа да отын түрлерімен жұмыс істейтін электр станциялары электр қуатын жалпы нарыққа ортақ тариф бойынша шығарады. Осылайша, біз бұрынғыдай арзан энергияны таңдап ала алмаймыз, — деп түсіндірді Мейірбек Уахитұлы.

Бұл жүйенің негізгі ерекшелігі – барлық электр қуатының бағасы ортақ және оны компания амалсыздан қабылдауға мәжбүр болады. Мұндай өзгеріс елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Сондай-ақ, электр энергиясын тасымалдау мен өткізу қызметтерінің тарифтері де өскен. Бұрынғы тарифпен салыстырғанда тасымалдау құны шамамен екі есе, кейбір жағдайларда тіпті одан да көп қымбаттады. Бұл жергілікті тұрғындардың қалтасына кәдімгідей салмақ түсіретіні сөзсіз. Мысалы, былтыр бұл көрсеткіш 15 теңге болса, қазіргі тариф – 33 теңге.

Тағы бір маңызды мәселе – Атырау өңіріндегі кейбір шалғай аудандардың электр қуатын Ресейден шетелдік баға бойынша сатып алуға мәжбүр болуы. Демек бұл елді мекендерде энергия құны әлдеқайда қымбат.

– Екінші жағынан, тарифтің құрылымы өте күрделі және ол жеке тұрғындар, заңды тұлғалар, бюджет мекемелері және ауыл шаруашылығы үшін бірнеше деңгейден тұрады. Әрқайсысының тарифі әртүрлі, бірақ орташа бағасы – 36 теңге. Тұрғындар әлі күнге дейін ескі, төмен тариф бойынша төлеп отыр, ал қалған айырмашылықты заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелер субсидиялайды. Электр қуатының сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында облыста күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, кейбір станциялардың ескіргені мен техникасының ескіруі жүйеге қосымша салмақ түсіреді. Бұл да тарифтің өсуіне әсер етеді, — деп нақтылады серіктестік директоры.

d70db646 b949 4aad 848d dcbf2174b882

Есепте «шикілік» көп

Әрине, мәселеге қатысты монополистердің өз уәжі болғанмен, тарифтің қымбаттауы барлық салаға тікелей әсер ететінін де естен шығармаған жөн. Электр қуатының құны өссе азық-түліктің де, қызмет көрсету бағасының да шарықтап шыға келетіні айдан анық. Демек, тариф бір-екі жыл көлемінде шешіле қоятын мәселе емес. Оны әлі де жан-жақты зерделеу қажет.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Дидар Хамзиннің айтуынша, бүгінде энергетика саласына жұмсалып жатқан қаржыда есеп жоқ. Мысалы, жүздеген миллион теңге бөлініп, қыс маусымында тарифтер қаралады. Алайда бұл қаражатты тиімді пайдалану мәселесіне ешкім ден қоймайды. Соңғы отыз жылда жаңа желілер салу мен тарифтік саясатты реттеу бойынша айтарлықтай кемшіліктер бар. Тарифтерді бекітуде стандарт тұтынушылардың жағдайына қарай жасақталғаны жөн. Өйткені қазіргі бюджеттен қаржыландырылатын жобалар жеткіліксіз.

– Желілердің тұрақтылығы мен қуаты мәселесі де маңызды. Мысалы, қазір қажетті қуат 470 мегаватт болса да, нақты жеткізілген қуат 240 мегаваттан аз. Бұл мәселе Ресей мен Қырғыз елінен электр энергиясын импорттауға әкеліп соқтырып отыр. Алайда отыз жыл ішінде бұл қуатты өзіміз жеткізуге болатын еді. Энергетика жүйесіндегі су, электр, газ тұтынуды монополияға айналдырмай, халыққа қолжетімді ету керек. Тарифтің көтерілуі халықтың қалтасына артық шығын әкеледі, соның кесірінен азық-түлік пен басқа да қажеттіліктердің бағасы қымбаттайды. Тарифтің негізсіз көтерілуіне қарсы қоғам тарапынан бірнеше рет дабыл қағылғанымен, тиісті шаралар қабылданбай отыр. Мен тарифтің көтерілуіне қарсымын, оған ешқандай негіз жоқ. 2022 жылы қараша айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау өңіріне сапары кезінде «Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар екенін айтып, компания өз міндеттемесін орындай алмаса, келісімді бұзу қажеттігін ескерткен болатын. Осыны назарда ұстауымыз керек, — дейді Д.Хамзин.

Ал, кеңес мүшесі Салтанат Рахимованың айтуынша, «Атырау Жарықтың» есебінде шикіліктер көп-ақ. Ол заңгер ретінде аудиторлық есеп қорытындыларына талдау жасаған.

– Электр қуаты тарифінің өсуі мен оның негіздемесі – біздің қоғамда ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені бұл – әрбір отбасының, әрбір азаматтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін жағдай. Қоғамдық кеңес мүшелері ешкімге орынсыз кінә артуды мақсат тұтпайды. Біз – халық пен билік арасындағы ашық әрі әділ диалог болғанын қалаймыз. Алайда, «Атырау Жарық» ұсынған есептерде кейбір маңызды сұраққа нақты, дәлелді жауап берілмегені өкінішті. Айталық, электр энергиясын сату мекемесі таратылғаннан кейін, оның шығындары тариф құрылымында не себепті сақталып отыр? Уәде бойынша өзгеріс тарифті төмендетуге септігін тигізуі тиіс еді. Бірақ біз керісінше, шығынның төмендегенін емес, өскенін көріп отырмыз. Күрделі жөндеуге бөлінген қаржы, тауар мен материалдарға кеткен шығын, сыртқы құрылымдарға төленген қызмет ақысы – мұның бәрі қоса-қабат жазылғандай әсер қалдырады. Ашықтық пен тиімділік туралы күмән туындайды. Ең бастысы, аудиторлық есепте көрсетілген миллиардтаған теңгенің жұмсалу мақсаты мен нәтижесі халыққа түсініксіз күйінде қалып отыр. Әрине, энергетика саласының күрделілігін біз де түсінеміз. Желілер тозған, инфрақұрылым ескірген, бірақ халықтың да төзімі шексіз емес. Қарапайым тұтынушыны қызықтыратыны – «жарықтың бағасы неге өсіп жатыр және ол қаншалықты әділетті?» деген сұраққа нақты жауап ал,-деді Салтанат Асқарқызы.

Тоқетер сөз

Шынында да, қалың бұқараға «бәрі қымбаттап жатыр» деген жалпылама жауап емес, неліктен, қалай, қаншаға және қандай тиімділікпен деген нақты талдау керек. Халықтың мүддесін қорғайтын тәуелсіз орган ретінде Қоғамдық кеңес мүшелері қоғам алдындағы жауапкершіліктен жалтармайды. Өйткені, халық сенімі – есептіліктен, әділдік пен айқындықтан басталады. Ендеше, тариф бекітуде де, есеп беруде де дәл осы қағидалар алдыңғы орында тұруы тиіс.

Кеңес отырысында жарықтың жиі сөнуі де сын тезіне алынды. Жаз келіп, салқындатқыш жүйелер үздіксіз жұмыс істей бастаса апатты жағдайлар көбейетіні жасырын емес. Оның кейбір себебі де белгілі. Мәселен, жаңа тұрғын үй кешендері салынғанда көбінесе сапасы төмен желілер жүргізіледі. Кейбір үйлердің электр жабдықтары толық тексерілмейді. Соның кесірінен техникалық ақаулар көбейеді. Демек жаңа үйді қабылдау кезінде техникалық қадағалау органының жауапкершілігін күшейту қажеттігі де сөз болды.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button