Жарнама
Экономика

Жәрмеңкеде жұмыс көп

Атырауда жұмыссыздар санын азайту мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Бұл жолы жәрмеңкеде өңірдегі 56 мекеме 500-ден астам жұмыс орнын ұсынды. Олардың басым бөлігі – жұмысшы мамандықтары. Яғни, қазір еңбек нарқында механик, дәнекерлеуші, сантехник, электрик, автоэлектрик, ұста, сылақшы, құбырлар инженері, құрылыс мастері, өндіріс технологына сұраныс көп.

Атырау қаласының тұрғыны Қажымұқан Тілепиевтің КИПиА мамандығы бойынша жиырма жылдық тәжірибесі бар. Бұған дейін Теңіз кенішінде еңбек еткен ол алып жобаның іске қосу жұмыстары аяқталған соң наурыз айында жұмыстан қысқарып қалған. Содан бері оған мемлекеттен жәрдемақы төленіп келеді. Алайда отбасылы азамат тұрақты жұмыс істейді. Осыған дейін бос жұмыс орны жәрмеңкесіне қатысқан ол өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргенін жеткізді. Қаладан жұмыс тапқанның өзінде айлығы шайлығына жетпейтіндігін айтып қынжылды.

Несиеміз бар, ипотекамыз бар, ер-азамат болғаннан кейін бір жәрдемақыға қарап отыру дұрыс емес қой. Байқағанымдай, жәрмеңекеде негізінен құрылыс саласына сұраныс жоғары. Менің өз мамандығым бойынша жиырма жылдық еңбек өтілім бар, — дейді Қ.Тілепиев.

Ал мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жаңадан аэропорттар салынуына байланысты әуе диспетчерлеріне сұраныс көбейген.

–Ұшақтар ешқашан ұшуын тоқтатпайды. Сондықтан бізге мұндай мамандар тұрақты түрде қажет. Әуе диспетчерге қойылатын басты талап – жас шамасының 20-30 жас аралығында болуы, ағылшын тілін жетік білуі, психологиялық, физикалық тұрғыдан денсаулығының болуы. Егер осы критерийлерге сай келген маман болса біз оларды Испания, Швеция, Германия, Англия, Рига секілді шетелдің ең үздік оқу орындарында тегін оқытып, стипендия төлейміз. Ол үшін осы талаптардан өтуі шарт. Жатын орны да тегін болады. Содан кейін біз мамандарды еліміздің аэропорттарына жұмысқа орналастырамыз. Ол осында 10 жыл жұмыс істеуі керек. Бірақ тәжірибе көрсеткендей басқа қызметке ауысып кеткендер жоқ. Олардың жалақысы еліміздегі орташа жалақыдан жоғары. Сондықтан бізде мүмкіндіктер көп. Бүгінде 200-дей әуедиспетчері қажет, — дейді “Қазаэронааигация” РМК өкілі Жансая Өмірғалиқызы.

Атырау жоғары медицина колледжінің маманы Тұрған Өтемісованың айтуынша, білім ордасына оқытушылар қажет. Яғни, физика, математика, орыс тілі, информатика, графика және жобалау, қазақ тілі, орыс тілі және әдебиеті пәндеріне ұстаздар керек. Олардың еңбек өтіліне қарай 170-250 мың теңге көлемінде жалақы төленеді.
Жалпы, жұмысшы мамандықтары жылына орай биыл мұнайлы өлкеде 50-ден астам жәркеңке өткізу жоспарланған. Жыл басынан бері осындай 16 іс-шара ұйымдастырылған. Өткен жәрмеңкеге қатысқан 3 мыңнан астам жұмыссыздың 400-ге жуығы тұрақты жұмыс тапқан. Бүгінде еңбек нарығында инженерлерге сұраныс жоғары.

Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button