«КАСПИЙ ҚҰБЫР КОНСОРЦИУМЫ-Қ» АҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН

Атырау қаласына таяу орналасқан Балықшы кентіндегі «Мөлдір» балабақшасы қайта жаңғыртудан өтті. Енді бұл бөбекжай-балабақшасында жүз бүлдіршін тәрбиеленетін болады. Аталған тәрбие ошағының салтанатты ашылуында Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

 

Бұл балабақша сонау 1978 жылы тұрғызылған. Содан бері өткен 37 жыл ішінде ол түрлі функцияны атқарды: бастапқыда мектепке дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиеледі, кейін жаппай жекешелендіру кезінде жекенің қолына өтіп, тұрғын үй болды, сосын тағы да санаториялық типтегі балалар мекемесіне айналды… Енді осы жолы ғана ол өзінің тікелей қызметімен айналыспақшы.

«КҚК-К» АҚ-ның демеушілік көмегінің арқасында бұл ғимарат жаңаша түрге еніп, көрерге көз керек ғимаратқа айналды. Бұрынғыдай асхана далада емес, іште. Оның үстіне ол соңғы үлгідегі асханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жаңа медициналық пункт те, қойма да, асхана қызметкерлері үшін душ кабинасы да бар. «Кезінде ыстық суға толы бактер мен сорпа-сусынды үлкен ыдыстармен сырттан тасушы едік. Әсіресе, қыстағы аязда, күзгі жаңбырда қиын болатын. Аяғымыз тайып кетіп, құлап қалмайықшы деп, қатты үрейленуші едік. Қазір шүкір, бәрі жаңарды. Мұндай жерде жұмыс жасаудың өзі бақыт!» – дейді асхана қызметкерлері ағынан жарыла.

Бұл бөбекжай-балабақша көлемінің ұлғаюына байланысты неғұрлым күші мықты жылыту қазандығы мен түрлі төтенше жағдайдың алдын алатын германдық электрогенератор орнатылды. Балалардың жатын бөлмесіне өздеріне лайықты кереуеттер қойылды. Матрацтар да олардың жастарына лайықталған, барлық санитарлық талаптарға сай келеді.

– Біздің компания білім беру саласына, соның ішінде, жас ұрпақ дәріс алатын объектілерге үлкен мән береді, – деді бізбен арадағы әңгімеде «КТК-К» АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі жетекші маманы Любовь Евстифеева. – Мен қаладағы барлық дерлік балабақша меңгерушілерімен таныспын, ал, қайсыбіріне бір емес, екінші, үшінші рет баруымызға тура келуде. Нақты осы балабақша жайына келсек, «Мөлдірдегі» жұмыстарға компания 90 млн. теңге қаржы жұмсады. Өздеріңіз куә болып тұрғандай, қалалықтар осындай әдемі де жарық, кең де сәулетті балабақшалы болды. Енді балғындардың жан-жақты тәрбие алуына, мектепке дайындалуларына барлық жағдай бар.

Айтқандай, бұл бөбекжай-балабақша – Балықшы кентіндегі бірден-бір мектепке дейінгі мекеме. Бұрын кенттің кішкенелерін ата-аналары қаладағы №18 және 16-шы балабақшаларға қоғамдық көлікпен тасымалдайтын. Қазір сол қиындықтар артта қалды. Оның үстіне «Мөлдір» Жайық өзенінің жағалауында, тамаша табиғат аясында орналасқан. Бұл балаларға да, олардың ата-аналарына да жайлы тиюде.

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев балабақшаға жүргізілген жөндеу жұмысының сапалы да сәнді жасалғанына өз ризашылығын білдіре келіп, «КҚК-К» компаниясының байырғы әріптес екенін айтты. Қала басшылығы демеушілік көрсетіп келе жатқан аталған компанияның көптеген күрмеуі қиын әлеуметтік мәселелерді шешуде түсіністікпен қарайтындарына өз ризашылығын білдірді. Сырт көзге бұл жәй ғана балабақша, орта мектептер болғанымен, мұның артында бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі күннің келешегі, туған Қазақстанымыздың болашағы тұр.

– Біздің білім беру саласы нысандарымен байланысымыз одан әрі жалғасатын болады, – дейді Любовь Евстифеева. – Айталық, қаладағы №43 және 21 балабақшалардың терезелерін ауыстырсақ, мектепке дейінгі авторлық гимназияның кір жуатын бөлмесін жаңартып бердік. Сонымен қатар, №16 орта мектепке компьютерлер сыйладық. Ал, қараша айының аяғына қарай Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі жатақханасының жөндеу жұмысы дайын болмақшы. Бұл жатақхана халықтық музыка Академиясының артында орналасқан.

«КҚК-К» компаниясының қаржылай қолдауы арқасында небір көне ғимараттар жаңадан тұрғызылғандай су жаңа күйге енуде. «Осы аталған жатақхана да өте қиын күйде болатын, – дейді Л.Евстифеева. – Жағдайдың жоқтығынан онда адам тұрмаған еді. Ал, ауыл-селолардан келетін студент жастарға жататын орын керек. Колледждің мұны реттеп алатын күші жоқ. Сондықтан, бұған біздің компания араласуда. Қазіргі күні осынау бес қабатты ғимаратты жөндеу жұмысы жертөлесінен бастап төбесіне дейін жүргізілуде. Барлық коммуникациялары жаңартылуда. Енді ол жайлы да жарық, әдемі де әсем, жаңаша реңдегі ғимаратқа айналуда. Студенттер мұнда өз уақыттарын тиімді пайдаланып, сабақтарына тыңғылықты дайындала алатын болады».

«КҚК-К» Қазақстанның болашағы үшін жұмыс жасайды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз