ЖАРҚЫН ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШЫҚ
Соның ішінде бұрын-соңды бизнеспен айналыспаған жандардың өздерінің де ерекше құлшыныс танытып, батыл қадамдар жасап отырғаны назар аудартпай қоймайды. Оның үстіне, олардың бірден ірі-ірі жобалардан бастауы да таңғалдырады. Таяуда Атырау қаласындағы Нұрсая ықшамауданынан жекеменшік «Ақниет» балабақшасын ашқан Роза Өтепбаевамен ой бөліскенде мұның сырына қаныққандай болдық.
— Кәсіпкерлікпен басыбайлы айналысу менің көптен көкейде жүрген мақсатым еді. Бұған Елбасымыздың бүгінгі таңда шағын және орта бизнеске кеңінен жол ашып, зор мүмкіндік туғызып отырғаны айрықша қозғау салды. Соның арқасында өз басым «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауына сүйендім. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қаржылай көмек алған біз ең алдымен еліміздің болашағы – бүлдіршіндердің балабақшаға деген сұранысы көптігіне орай осы игілікті істен бастадық, — деді кәсіпкер Роза Өтепбаева. – Алға қарай басқа да жоба-жоспарларымыз бар. Атап айтқанда, бұдан да үлкен балабақша, ойын-сауық орталығын ашу ойымызда бар…
Айтса айтқандай, қазіргі кезде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қаржылай қолдауы қалалық жерді қойып, ауылдағы ағайындардың жеке кәсібін өрістетуіне кеңінен мүмкіндік туғызып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар ауыл кәсіпкерлерінің де тынысын кеңейтті. Соның арқасында шалғай елді мекендерде түрлі жобалар жүзеге асып, көптеген адамдар тұрақты жұмыспен қамтылды. Бізбен пікірлескен мұнай қалдықтарын қайта өңдеу жеке кәсіпорнының бас технологы Николай Луцук та осы орайда жеткен жетістіктерін тікелей мемлекет қолдауымен байланыстырады.
— Біз бұл жобамызды қолға алғанымызда қиындықтар аз болған жоқ. Рас, қазір соның бәрі артта қалды. Мемлекеттік қолдау алға қарай сеніммен қадам басуымызға жол ашып отырғаны қуантады. «Даму» қорының көмегімен соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар мен қажетті техникалар сатып алдық, — деді Николай Луцук.
Николайдың айтуынша, бизнеске қатысты заңдылықтарға енгізілген өзгертулер бойынша моноқалалардағы салалық шектеулер алынып тасталыпты. Осының нәтижесінде өздерінікіндей кәсіп саласы, басқа шағын шаhарлардағы сияқты, Құлсарыда да қанатын кеңге жаятын болады. «Даму» қорының нақты мәліметі бойынша, «2012-2020 жылдары моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша 769,58 млн. теңгенің 10 306, 4 млн. теңгенің 40 жобасы қолдау тапқан екен.
Осы жерде бұрынғы қатып қалған бір «қағиданы» айтпай кетуге болмайды. Қандай банк те, қор да кепілге қояр дүниесі жоқтығына байланысты ауылдық мекендердегі тұрғындарға шағын және орта бизнес үшін несие атаулы бұйырмай келген. «Даму» қоры – осынау шеменделген сеңді алғаш сетінеткен құрылым. Қордың тікелей ұйымдастыруымен бүгінде алты ауданда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды. Онда орталықтың кеңесшілері мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша несиенің пайызын субсидиялау, кепілзатпен қамтамасыз етілмеген несиені кепілдендіру, бизнес-жоспар жасақтау, «Бизнес-кеңесші», «Жас кәсіпкер мектебі» оқыту жобалары бойынша кеңестер береді. Биылғы шілде айынан бері 236 шағын және орта бизнес субъектілеріне осындай 1015 қызмет түрі көрсетілді. 31 жобаға 804,1 млн. теңге көлемінде кепілдеме беріліпті.
— Түсінікті болу үшін айтайын: Қаржылай қолдау дегеніміз – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау. Яғни, несиелер бойынша кепілдік беру. Ал, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау дегеніміз – қайтарымсыз түрде кәсіпкердің несие және лизингтік шарттары бойынша пайыздық мөлшерлемесі шығыстарының бір бөлігін мемлекет тарапынан орнын толтыру, — дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Атырау облыстық филиалының директоры Әлия Өтепқалиева. – Айталық, несиені 14 пайызбен алсаңыз, 7 пайызын мемлекет төлесе, 7 пайызын кәсіпкер төлейді. Бір сөзбен айтқанда, кәсіпкердің екінші деңгейлі банктен алатын несиесі бойынша міндеттемелерін орындауына ішінара кепіл боламыз.
Әлия Меңдіханқызының сөзіне жүгінсек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші және үшінші бағыттары бойынша 155 жобаға 27 170 млн. теңге субсидия бөлінбек. Сонымен қатар, тағы 22 жобаға 233, 92 млн. теңге көлемінде кепіл беріледі екен. Міне, тиімділігі зор, қайтарымы көп кәсіпкерлік түрлеріне осылайша қомақты қолдау-көмек көрсетілмек. Ендеше, мұны тиімді пайдалану — әркімнің өз құзырында.
Исатай ҚҰНДЫЗБАЙҰЛЫ.