Жарнама
Экономика

Жай жарылатын мина

Құлсары қаласындағы жанармай құю бекетіндегі сұмдық жарылыс қос адамның өмірін жалмады. Бірнешеуі жарақат алып, ауруханада жатыр. Төбе шашты тік тұрғызған оқыс оқиғаның себебі неде?  Бетін әрмен қылсын, бірақ оның қайталанбауы үшін аймақта қандай жұмыстар жасалып жатыр? 

«112 пультіне Жылыой ауданы Құлсары қаласы М.Өтемісұлы даңғылы бойында газ жарылысы орын алғаны туралы хабарлама түсті. Соның салдарынан айналасындағы ғимараттар отқа оранған. Оқиға орнына шұғыл түрде өрт сөндірушілер мен арнайы техникалар жұмылдырылды. «Тілсіз жау» ауыздықталып, қауіпті аймақтан адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Оқиғадан 16 адам зардап шеккті, екі адам қаза тапты. Өрт жалмаған аумақ 450 шаршы метрге жетті» делінген облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Назарәлі Селимовтың айтуынша, жарылыс бекетке газ құйып жатқанда болған. Өмірлері кенеттен ерте үзілген ерлі-зайыптылардың бірі – кассада, екіншісі – көлік рөлінде отырған.

Иә, апат айтып келмейді. Бүгінде елімізде жанармай бекеттерінің тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта орналасуы – заңмен белгіленген талап. Алайда бұл ара қашықтық халықтың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жеткілікті ме? Құлсары қаласындағы жанармай бекетінде орын алған апат осынау маңызды сауалды қайтадан күн тәртібіне қойып отыр.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын автокөлікке газ қондырғалы жатқан кезде жарылыс болып, бас-аяғы азғана уақыттың ішінде ойламаған жерден екіқабатты тұрғын үйдің күлі көкке ұшқан еді. Әп-сәтте қызыл жалын сүттей ұйыған отбасының отанасынан, қамқор бауырдан айырған болатын. Дегенмен біз осындай қайғылы жағдайлардан сабақ алмаған секілдіміз. Газ құю немесе жанармай стансаларында қарапайым қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Данияр Қарпыкбаевтың айтуынша, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңның тиісті бабына сәйкес, нысандар мен олардың кешендерін салу, коммуникацияларды тарту, инженерлік дайындық, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жобалық-сметалық құжаттама бойынша жүзеге асырылады.

– Осыған байланысты автогаз құю станциясын жанармай құю бекетінің аумағында орналастыру жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде міндетті түрде ескерілуі керек. Бекеттерді орналастыру, жобалау, салу және пайдалану талаптары «Автомобильдік газ құю станциясы. Жобалау нормалары» құжаты бойынша белгіленген. Кестеге сәйкес, бекеттен тұрғын және қоғамдық ғимараттарға дейінгі ең аз қашықтық – 60 метр, өндірістік және қоймаға дейін – 40 метр, тұрғындар көп жиналатын орындарға дейін – 60 метр болуы тиіс,-дейді Данияр Кенжебайұлы.

Бүгінде өңірдегі жанармай құю бекеттері қаланың күнделікті өмірімен біте қайнасып кеткен. Олар бұрынғыдай қала шетінде емес, кофеханалар, дүкендер мен дәріханалардың дәл жанында орналасқан. Тұрғындар олардың маңында алаңсыз жүріп-тұрып, үйреніп кеткендері соншама, бұл нысандарға назар да аудармайтын  болған. Алайда сырт көзге байқалмайтын қауіп дәл осы жайбарақат тіршіліктің тасасында тұр.

Экология мен қауіпсіздік мәселесі мұндай нысандар орналасқан аумақтарда жыл сайын өзектілігін жойған емес. Жанармай иісі мен ауаға таралатын зиянды қалдықтарды айтпағанның өзінде кез-келген техникалық ақаулар мен адам факторынан туындайтын жағдай айналаға, басқа адамдардың өміріне кесірін тигізуі мүмкін.

– Біз тұрып жатқан Балықшы шағынауданында екі жанармай құю бекеті орналасқан. Олардың арасы жүз метрге де жетпейді. Құдай сақтасын, дегенмен біреуінде жарылыс бола қалса, екіншісінің де сау қалуы екіталай. Мұның салдарын елестетудің өзі қорқынышты. Себебі, сол жанармай бекеттерінің бірі көпқабатты тұрғын үйдің ауласында, дәл балалар ойын алаңының жанында орналасқан. Терезеден тікелей жанармай бекетін «бақылап отырған» тұрғындар күн сайын бензиннің иісіне тұншығып, төтенше жағдай бола қалса, құтқарылуға еш мүмкіндік қалмайтынын іштей сезіп өмір сүріп келеді. Осынау өзекті мәселені бірнеше мәрте көтергенімізбен жабулы қазан сол күйінде қалды,-дейді өзінің пікірін білдірген Балықшы шағынауданының тұрғыны Ернұр Ғалымжанов.

Қаланың орталық бөлігіндегі жағдай да көңіл көншітпейді. Айталық, сот шешімімен сүрілуге жататын NB Towers тұрғын үй кешенінің дәл жанында жанармай бекеті тұр. Ара қашықтығы 30 метрге де жетпейді.

Атырау облысы бойынша 34 автогаз сататын субъект (101 автогаз құю станциясы) бар. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде өңірде 162 767 автокөлік тіркелген. Оның 119743-і жанар-жағармай қолданса, 24353-і газ қондырғысымен жүреді екен.

Ащы да болса шындығы сол – қауіп алыста емес. Сондықтан қоғам бұл мәселеге көз жұма қарамай, қадағалау органдары мен құрылыс саласындағы жауапты мекемелердің нақты, әділ әрекет етуін талап етуі қажет. Әйтпесе, тексерілмеген әрбір бекет ертеңгі апаттың себебі болуы мүмкін. Ал Сіз қалай ойлайсыз?

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button