ЖАҢА ЖОБАЛАР – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Алдымен Ескене стансасы тұсындағы вагон-цистерналарға сервистік қызмет көрсету орталығына бет алдық. Облыстық әкімдікте осындағы келешек зауыт құрылысын алғаш талқылаған сәт әлі есімізде.
Енді, міне, біз сол құрылыс басында тұрмыз. Ескене стансасына келмегелі біраз уақыт болған-ды. Осы қысқа ғана мерзімде келешек зауытқа қажетті жабдықтарды вагондармен жеткізетін темір жол тұйығы салынып та үлгеріліпті. Әріректе арнаулы қуатты техникалардың күшімен қара жерді солқылдатып қадалар қағылып жатыр.
Осы жерде алдымыздан шыққан нысанның бас тапсырысшысы – «ЦВС-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Олег Литвинов келешек зауыттың қызметін қысқаша баяндап өтті.
Жалпы, бұл нысан болашақта күкірт, мұнай мен жанар май тасымалдайтын вагон-цистерналарды тазалауға арналған. Олег Литвиновтың айтуынша, зауыт келешекте тәулігіне 600-ден астам вагонға қызмет көрсетеді. Серіктестік Мақат ауданында тіркелгендіктен жергілікті бюджетке де қомақты түсім түсуі күтілуде. Мәселен, алдын ала есеп бойынша жылдық салық көлемі бір миллиард теңге шамасында болмақ. Оның үстіне, ТШО тәрізді іргелі компания тапсырыс беріп отырғандықтан өндірісте еш кідіріс болмайды.
Ал, жұмысшылар ше? Индустриялық жобаларды жүзеге асырудағы бір мақсат жергілікті жерде жұмыссыздық мәселесін барынша оңтайлы шешу емес пе? Олег Литвинов біздің бұл сауалдарымызға да тұщымды жауап берді. Болашақта зауытта 400 шамалы адам еңбек етпекші. Олардың денін жергілікті мамандар құрамақ.
Ал, құрылыс жұмыстарын бас мердігер «ASТ – Азия-Спецтехника» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Оның бас директоры Талғат Құлбалиев қысқа мерзімде жүзеге асырылған шараларды тұщына баяндады. Сайып келгенде, анау тұста жерді солқылдатып қағып жатқан қадалар да, вагондармен келіп тұрған құрылыс материалдары да, тұрғызылып жатқан әкімшілік және қалашық құрылысы да осы мекеменікі. Құрылысшыларға тағы бір разы болғанымыз – Атырау-Құлсары тас жолынан Ескене стансасына қарай бұрылар тұстағы жолды қуатты техникамен күреп, біраз тегістепті.
Жоспар бойынша зауыт құрылысы алдымыздағы жылдың тамызында мәреге жетпек.
Айтпақшы, Талғат Құлбалиевтің өзі – жылыойлық жігіт, кезінде талай кен орындарын өз қолымен ашқан бұрғышы Жақып қарттың ұлы. Заман талабына сай елге қажет кәсіппен шұғылданып, туған жерін түлетіп жүр. Бұған дейін де ол басқарған ұжым талай ірі нысандарды қатарға қосып, тапсырысшылардың әбден сеніміне енген. Енді, міне, индустрияландыру бағдарламасы аясындағы мемлекеттік маңызды нысанды салып жатыр. Іске сәт дейміз.
«Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамы біраз жылдан бері өңірді жылу және электр энергияларымен молынан қамтамасыз ету бағытында ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның бастапқы 75 киловаттық қуатын Елбасының өзі Атырауға келгенде қатарға қосқан-ды. Алайда, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегеновтің айтуынша, энергетиктер қолжеткенмен тоқтап қалмақ емес. Мұнда келешек энергетикалық молшылықтың іргетасы қаланып жатыр. Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін айтып отырғанда оған облыс энергетиктері өзіндік сүбелі үлесін қоспақшы.
«Рауан Налко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де құны 1 млрд. 800 млн. теңгелік өңірге аса қажетті жобаны жүзеге асырды. Атырау аймағының мұнай-газ кеніштерінің мол екендігін ескерсек, бізде соларды бұрғылайтын компаниялар да жеткілікті. Бұған дейін осы кәсіпорындар химреагенттерді тыстан тасымалдайтын. Енді, оны өзімізде өндіру мүмкіндігі пайда болды. Кезінде зауыттың бас директоры Сағидолла Қазетов Солтүстік Каспий жобасы бойынша кең көлемде бұрғылау жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялардың қажетті химреагенттерді енді қыр асып, шет елден әкелуге еш мұқтаждығы жоқ екендігін айтқан-ды. Сөз ретінде айтар болсақ, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында осы зауыт Елбасына тікелей эфир арқылы таныстырылып, Мемлекет басшысының батасын алған.
Атырау аймағына бау-бақша дақылдары мен көкөніс негізінен сырттан тасымалданады. Расын айтқанда, кеңестік кезде күллі қалалықтарды қауын-қарбызбен, жеміс-жидекпен қамтамасыз еткен шаруашылықтар әлі қалпына келіп болған жоқ. Сондықтан, атыраулықтар сырттан әкелінетін өнімге тәуелді. Міне, «Жайық Агро» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырған жылыжай мен көкөніс қоймасы осы олқылықтың орнын толтырмақ. Осында сақталған өнім қала базарларына тұрақты шығарылып, бағаның орынсыз өсуіне жол бермейді. Аталмыш нысандарды қатарға қосқандағы негізгі мақсат та осы.
Сайып келгенде, «Новус Силинг» және «Флоу Серв» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мәреге жеткізген жобалар да — өңір экономикасын дамытуға сүбелі үлес қосатын нысандар. Алда кезегімен өзге жобалар да жүзеге аспақ. Республика бойынша Астананың 15 жылдығы қарсаңында жүргізілген индустрияландыру апталығында мұнайлы мекеннің де өзгеге үлгілеп ұсынатын осындай жобалары бар.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.