«Ұйымшыл ұжым ғана ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕДІ»
— Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап спортты жаныма серік етіп келемін. Шыныққанды ұнатамын, әсіресе, футбол спортына қызығушылығым зор. Түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып жүрдім. Кейін Атырау мұнай және газ институтына оқуға түсіп, механикалық факультеттің мұнай және газ өндірістеріндегі машиналар мен қондырғылар мамандығы бойынша бітірдім. Институтта бес жыл бойы оқыған кезімде де футболдан қалалық чемпионаттарға қатысып жүрдім. Жалпы, футбол – өмірімнің ажырамас бір бөлігі деп айтуға болады. Оқу бітірген соң өз туған жеріме келіп, Кенбай кен орнына жұмысқа орналастым, — дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.
ӘКЕ ӨСИЕТІ
Содан бері 15 жыл өтіпті. Отбасында үш баланы тәрбиелеп отырған Қуаныш Айтуғанов бүгінгі күні өнегелі әке, асыл жар және тәрбиелі ұл атанып отыр.
— Үлкен ұлым 10-сыныпта оқиды. 1998 жылы футболдан Әлем чемпионатының ақтық сынында Франция мен Бразилия құрама командалары кездесіп, жанкүйерлік еткен командам – Франция құрамасы жеңіске жетті. Дәл сол күні дүниеге келген ұлымның есімін Марсель деп қойдым. Өйткені, Марсель –француздардың есімі. Бұл есімді қоюға қарсы болғандар көп болды, алайда, мен ешкімді де тыңдаған жоқпын, — дейді ол. Міне, футболға жан-тәнімен берілген нағыз жанкүйердің ісі.
Қызы Мадина биыл 6-ыншы сыныпқа аяқ басса, ал, кенже ұлы Мадияр 4 сыныпта білім алуда. Ал, жұбайы да ене жолын қуып, білім беру саласын таңдап, жас ұрпақты тәрбиелеуде. Анасы Сағира Мүсілімова – білім беру саласының зейнеткері .
— Мен әкемнен 16 жасымда жоғары оқу орнының бірінші курсын оқып жүргенімде айырылдым, — деп еске алады Қуаныш Айтуғанов. — Әкем көзі тірісінде: «Балам, мұнай өндіру саласының болашағы зор. Осы салада жұмыс жасасаң, далада қалмайсың» деп Атырау мұнай және газ институтына өзі әкеліп, оқуға түсірген еді. Мектеп кезінде мен негізі спорт факультетіне оқуға түсуді армандағанмын. Алайда, кейін ойлана келе әке сілтеген бағытты мен де құп көріп, мамандық иесі атандым. Шын мәнінде, қазір бұл сала мемлекетіміздің экономикасының дамуына елеулі үлесін қосып отырған басты сала деп айтуға толық негіз бар. Ал, бүкіл өмірімде хоббиім болған футбол ешқашан жанымнан қалмады. Мәселен, қазір жасым 37-ге келсе де, әлі күнге дейін жастармен доп қуып, жүгіріп келемін. Өз денемді бірқалыпты ұстауда, шынығуда футболдың тигізіп жатқан үлесі зор.
Екі ұлым да футбол десе «ішкен асын жерге қояды». Нағыз жанкүйерлер. Келер жылы кіші ұлымды Атырауда ашылған футбол орталығына беруді жоспарлап отырмын. Ең бастысы, футбол ойнауға деген ынта-жігері жоғары. Сондай-ақ, ауылдың жас балаларына да үлгі болатындай жарыстарды да жиі ұйымдастырамыз.
ҚАЗАҚ – ЫРЫМШЫЛ ХАЛЫҚ
Қуаныш Айтуғановтың айтуынша, аталмыш кен орнына келмес бұрын, «қара алтынның» қандай болатынын, қалай өндірілетінін мүлдем білмеген. Институт қабырғасында теория жүзінде өткенімен, тәжірибеде кездестірмепті. Ал, жас маман ретінде жұмысқа кірісе сала, әр ұңғыманың қыр-сырына үңіле бастайды. «Тек жұмыс орнына барған кезде ең алғаш рет мұнайдың қалай өндірілетініне көзім жетті. Әр ұңғыманың өз сипаты болады екен. Ырымшыл халықпыз ғой, «жаңбыр болған күні май жақсы шығады», «жел теңізден соққан күні май жақсы өнеді» деген сияқты ырымдарды сол жердегі ардагерлерден жиі естіп, біраз нәрсені үйрендім. Мұнай саласында үлкен тәлім-тәрбие берген Ермек Зұлханов пен Серік Ғабдоловты ұстаз ретінде бағалаймын. Ол екеуі – майталман мұнайшылар. Олардан алған үлгі-өнегемді кейінгілерге жалғастырып келемін», — дейді ол.
Қазір цех бастығы қызметін абыроймен атқарып жүрген Қуаныш Айтуғанов үшін ең бастысы – ұжымның бірлігі, ұжыммен тіл табысып жақсы жұмыс жасай білу. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істеген ұжым ғана, ешқашан далада қалмайды». Бұл – ұстазы Ермек Зұлхановтың өнеге ретінде шәкіртіне қалдырып кеткен ақылы. Осы сөзді өмірлік ұстаным етіп кеудесіне тоқыған Қуаныш Айтуғанов ұжымдастары арасында үлкен беделге ие.
КЕН3ШТІҢ ӨЗ СПОРТ КЕШЕНІ БОЛАДЫ
Қуаныш Орынғалиұлының айтуынша, Қуандық Халидуллин есімді азаматтың бастамасымен Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты басқармалар арасынан футбол командалары құрылып, кіші аяқдоптан облыстық, қалалық біріншіліктерге қатыса бастады. Команданың жасақталғанына бір жылдай ғана уақыт болса да, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, тәжірибелерін шыңдап келеді. Ең алғашқыда, Бірінші лигадан бастап, қазір Жоғары лигада мұнайшы-футболшылар өнер көрсетіп жүр. Қазір команданың құрамында 15 ойыншы бар.
Жуырда Жаңаөзен қаласында мұнай мекемелері арасында өткен спартакиадада «Қазгермұнай» мен «Өзенмұнайгаз» командаларынан жеңіліс тапқан атыраулық мұнайшылардың жігерлерін жеңіліс жани түсті. «Бұл командалар Жоғары лигада өнер көрсетіп жүргендіктен, мықты командалар қатарында. Олармен текетіресу біз үшін, әрине, қиын болды. «Өзенмұнайгаз» командасы — алматылық «Қайраттан» кейін екінші орында келе жатқан команда. Жеңіліс жігерді жаныған кезде де Қуандық Халидуллин үнемі қолдау көрсетіп, мыңды жыққан спортшылардың да оңтайлы сәтті пайдалана алмай жеңіліп қалатын кездері болатынын айтып, көңілімізді көтерді. Қазір «Өзен-Елес» ЖШС-нің атқарушы директоры қызметіне ауысып кетсе де, үнемі жанымыздан табылып жүреді.
Басқармамыздың бастығы Абат Құтжанов мұнайшылардың спортпен шұғылдануына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Кезінде өзі де мұнайшылар арасында кір тасын көтеруден талай жарыстардың жеңімпазы атанған еді. Сол себепті, спортқа жаны жақын азамат болғандықтан, кейінгілерге де қолдау беріп келеді. Соның ең басты айғағы — Кенбай кен орны маңынан спорттың бес түрімен айналысатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және жасыл алаң салуды қолға алып жатыр. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталмақшы. Бұл игі бастама – жас мұнайшылар үшін дене шынықтыруға, спортпен шұғылдануға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз, — дейді қуанышты жаңалығымен бөліскен Қуаныш Айтуғанов.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын аталмыш спартакиаданы келесі жылы Атырауда ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл додада атыраулық футболшылар жоғары нәтижеге қол жеткізуге бел буып отыр.
«Қайнармұнайгаз» МГӨБ футбол командасы, енді беделі жоғары, кәсіби шыңдалған командалармен бақ сынасатын болады. Кейіпкеріміздің айтуынша, команда құрамында аталмыш басқарманың жеті қызметкері бар екен. Соның ішінде бесеуі Қуаныш Айтуғанов қызмет атқаратын цехта жұмыс жасайды. Қалған екеуі — жерасты ұңғымаларын жөндеу және есеп бөлімінің мамандары. Спорт болғасын, жарысқа дайындық тыңғылықты жүруі шарт. Жоғары лига болғандықтан, командалардың дені де мықты болатыны белгілі. «Ең бастысы, команданы қолдап, оның мүшелерін жаттығуларға жұмыстан босатып, қатысуға басшылық тарапынан жағдай жасалса, үздік ойын өрнегін көрсетуге ықпал ету жалғасын таба берсе деген тілегім бар. Әрине, бір мезгілде 6-7 қызметкерді бірдей жұмыстан босату мүмкін емес. Бірақ, соған мүмкіндік туғызылса, біз де ұжым абыройын сәтті қорғайтынымызға сенімдімін», — дейді команданың болашағына алаңдаған Қуаныш Айтуғанов.
Өз ісінің шебері, біліктілігі мен тез үйренгіштігі арқасында кәсіби мансабында қарқынды өсіп келе жатқан Қуаныш Айтуғанов қарапайымдылық қалпын еш жоғалтпаған. Өзі таңдаған мұнай өңдеу саласымен қатар, хоббиіне айналған спорт саласында да белсенділік танытып жүрген Қуаныш Орынғалиұлын «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат ретінде бағалауға толық негіз бар.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.