ТШО ТҰРҒЫЗҒАН МЕКТЕП

Атырау  қаласындағы  алғашқы  ондықтың  сапында

Облыс орталығында орын тепкен «Сарықамыс» ықшамауданындағы сәулетті ғимараттардың бірі – осындағы №33 орта мектеп.  Оның сонау 2006 жылғы тамызда ашылған сәтіне де куә болғанбыз. Содан бері не өзгерді екен? Білім ошағына қарай беттегенімізде көкейімізде осы сауал тұрған-ды.

Оқушылар әлдеқашан каникулға кетіп, мұғалімдер еңбек демалысына шыққанымен, мектеп директоры жұмыс орнында қалады. Өйткені, кезекті оқу жылы аяқталған бойда-ақ келесіге дайындық басталады. Білім ошағының басшысы Жеміс Бапаеваны сондай сәтте кездестірдік. Ықшам жұмыс киімін киіп алып, техникалық персоналмен бірге аула тазалап жүр екен.

- Жеміс, кездеспегелі де көп болыпты. Бұдан сегіз жыл бұрын осы мектептің ашылу салтанатын бірге тойлаған едік қой...

 – Әрине, жадымда. Осы мектеп 2006 жылғы тамызда ашылды. Білім ошағы 432 оқушыға арналған. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражатына «Мехстройсервис» аталатын түрік компаниясы тұрғызды.

Бастапқы қиындықтар да есімде. Әлі көші-қон аяқталмаған кез ғой. Кейбір мұғалімдер де, оқушылар да ескі мекеннен келіп үлгермеді. Мектеп ұжымы алдымен көшуі керек деген тәртіп жоқ, бәрі де белгіленген кестемен қоныс аударады. Сенесіз бе, мектепті жаңа оқу жылына дайындауға бәріміз жұмылдық. Басшы деп, қосшы деп қарап қалмадық. Құрылыстан кейінгі тазалық жұмыстарын бірлесіп жүргіздік. Терезелер мен едендерді жудық. Өйткені, жаңа оқу жылында балалар жаңа мектептің табалдырығын аттауы керек.

Ол кезде бюджет бекітіліп кеткен. Облыстық білім беру басқармасы да, қалалық бөлім де қажетімізге қаражат бөле алмады. Бөлмелерде құр қабырғалар мен таза парталар тұр. Кабинеттер көрнекі құралдармен жабдықталмаған.  Соны ойлап ТШО-ның сол кезде үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері қызметін атқарған Мәрия Жапаққызы Қаражігітоваға хабарластым.

Жалпы, осы кісіні әлі күнге жылы сезіммен еске аламын. Көп көмектесті. Адам жанын, әсіресе, мұғалімдер мұқтажын жақсы түсінетін адам. Қашан барсам да күлімсіреп қарсы алып, жағдайымды сұрайтын. Сын сағатта ТШО көрсеткен көмекті ешқашан ұмытпаймын. Әрине, осындай сәулетті ғимаратты салып берген бірлескен кәсіпорыннан тағы да жәрдемдесуін өтінуге қысылғаным да рас. Бірақ, уақыт тығыз, мезгіл таяу. Содан Мәрия Жапаққызына барып, төменгі және жоғарғы дәліздерді безендіруге көмектесуін өтіндім. Сөзге келген жоқ, басшылармен ақылдасып, мәселені тез шешті. Сөйтіп, 300 мың теңгеге мектептің бастапқы безендіру жұмыстары жасалды. Төменгі дәлізге мемлекеттік рәміздер ілінді.

Мүмкін, бұл қаражат қазіргі нарықпен түк те емес шығар, бірақ, сол кезде көп мәселені шешті. Кейін Мәрия Жапаққызы тағы араласып, 360 мың теңгеге саз құралдарын алып берді. Сол жабдықтар әлі де бар, түрлі шараларға пайдаланып жүрміз. Қазақ «аштықта жеген құйқаның дәмін тоқтықта ұмытпа» дейді. Міне, бірлескен кәсіпорынның сын сағатта көмек қолын созғанын қазір де ыстық ықыласпен айтып жүремін. Мәрия Жапаққызы бүгінде облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де жұртшылық алғысына бөленіп жүр.

– Осы мектептің қала өмірінде қаншалықты рөлі болды?

– ТШО тұрғызған мектеп тек сонау Сарықамыстан көшіп келгендердің мәселесін ғана шешіп қойған жоқ, қалалықтарға да көп көмегін тигізді. Әсіресе, біздің аралас мектеп болуымыз маңайдағы мекендердің сұранысына сәйкес келді. Мәселен, осы төңірек тұрғындарының орыс сыныптарына баратын балалары бұрын қалаға қатынайды екен. Біздің мектеп ашылған соң Еркінқала, Ракуша елді мекендерінің, «Гауһар тас» ықшамауданының және жақын жердегі жеке сектордың оқушылары осында ағылды. Міне, ТШО осы проблеманы да оңынан шешті.

Өткен сегіз жылда қол жеткен жетістіктерімізбен қаланың білім көрсеткішіне де елеулі үлес қостық. Мәселен, біз о баста алғашқы оқу жылын 400 шамалы баламен және 36 мұғаліммен бастадық. Қазір оқушылар саны толық, ұжымда 76 педагог қызмет істейді. Олардың 15-і жоғары және 22-сі бірінші санатты ұстаздар. Барлық қажетті құралдармен қамтылдық.

Білім деңгейіміз де жаман емес. «Алтын белгі» алған Айнұр Сүлейменова мен Ақгүл Оразалықызы бүгінде Алматыда оқып жатыр. «Үздік аттестат» иесі Салтанат Мұхамбетова да оңтүстік астанада. Биыл Қарлығаш Берғалиева есімді қызымыз «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Өкінішке орай, кейбір түлектерімізге ҰБТ нәтижесімен бірер балл ғана жетпей қалды. Бірақ, олар да мемлекеттік грантқа ие болып, білімдерін одан әрі жалғастырмақшы. Осындай табыстарымыз ескерілсе керек, қалалық білім беру бөлімі шығарған рейтингіде біз облыс орталығындағы елу шақты мектептің алғашқы ондығынан табылдық. Әрине, жұмысымызды әлі де ширатуымыз керек. Өйткені, біздің мектеп – Мемлекет басшысы қолдаған, елімізге тұңғыш келген ірі мұнай инвесторы тұрғызған білім ордасы.

– Сіз Сарықамыста да мектеп директоры болдыңыз емес пе?

– Жалпы, мен сол Сарықамыс мектебінің түлегімін. Кейін Атырауда жоғары білім алып, ауылға қайта оралдым. Алдымен қатардағы мұғалім, кейін оқу ісінің меңгерушісі, ал, 2001 жылы мектеп директоры болып тағайындалдым.

Білесіз бе, осы мектепті салушылардың қатарында мен де болдым. Бір күні Жылыой ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары Мәжит Сағиев шақырып, «сен мұнда жүрсің, Атырауда мектебіңді салып жатыр, барып көрмейсің бе?» дейді. Әлі қатарға қосылмаған мектепке сыртымнан басшы етіп тағайындап та қойған тәрізді. Бұл 2005 жылы еді. Содан Сарықамыс пен Атырау арасында шапқылап жүрдім. ТШО-ның Асқар және Алексей деген жігіттері болды. Үшеуіміз бөлмелерді аралаймыз. Кішкене кемшілік көрсек, дереу құрылысшыларға айтамыз. Әр сапарымда дайын бөлмелерді суретке түсіріп, Сарықамыстағы мұғалімдерге көрсетемін. Оларға қандай тамаша ғимарат салынып жатқандығын айтамын. Сайып келгенде, біраз мұғалімнің осында көшуге ниет білдіргені де сондықтан. Әйтпесе, сарықамыстықтардың біразы Жаңа Қаратонға қоныс аударды ғой. Сол суреттердің кейбірі менде әлі сақтаулы, арасында қарап қоямын.

– ТШО компаниясымен қазір байланыстарыңыз бар ма?

– Бүгінде жағдайымыз жөнделді, материалдық-техникалық базамыз толықты. Қалалық білім беру бөлімі қажетті қаражатпен қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан, әр нәрсені сұрап, ТШО-ның мазасын ала берген дұрыс емес. Әрине, өзі тұрғызған мектепке көмектесуден қашпас, бірақ алақан жая берген жараспайды.

Бірақ байланысымыз үзілген жоқ. Бірлескен кәсіпорынның экология бөлімінде Гүлнәр есімді қыз бар. Сол сіңлім әр көктемде жас шыбықтар әкеліп береді. Анау жылы «тшолықтар» үлкен автобуспен келіп, көшеттер отырғызған. Қазір соларды өзіміз баптап жүрміз.

Мынадай қызық оқиға болды. Мектеп салынған соң бірер жылдан кейін осында бір топ американдық әйел келді. Сөйтсек, ТШО компаниясында жұмыс жасайтын шетелдік мамандардың жұбайлары екен. Күйеулері еңбек ететін кәсіпорынның қаражатына салынған қалашық пен білім ордасын көруге ниет білдіріпті. Өте тамаша жүздесу болды. Осындағы үйлерді аралады, мектебімізге бас сұқты. Құрқол емес көрінеді, сол бойда химия кабинетін жабдықтап берді. Инвесторлардың осындай өте жақсы бастамаларынан үлгі алған да жөн. 

– Осы сегіз жылда мектепке күрделі жөндеу жасалды ма?

– Оның қажеті де жоқ. Өйткені, құрылыс өте сапалы жүргізілген. Жоғарыда айттым ғой, қаражат бөлген тапсырысшы ретінде ТШО мамандары ұдайы қадағалап тұрды. Соның нәтижесінде құрылыста еш кінәрат орын алмады.

Көп ешкімге аша қоймаған бірі сырым бар еді, соны сізге айтайын. Екі жылдан соң осы білім ордасының пайдалануға берілгеніне тура 10 жыл толады. Өзіндік айтулы күн емес пе? Міне, соған құрылысты жүргізген «Мехстройсервис», қаржымен қолдаған «Теңізшевройл» және сұраныс берген жергілікті атқарушы билік басшыларын шақырғым келеді. Мектептің еш жерін де қозғағанымыз жоқ, сол тапсырылған күйінде тұр. Соны көрсетпекпін. ТШО тұрғызған мектепті таза да тиянақты сақтап отырғанымызды айтпақпын.

– Ендеше, сол айтулы күні кездеселік.

– Айтқаныңыз келсін. Жалпы, елімізге келген алғашқы ең ірі мұнай инвесторы ретінде ТШО компаниясының өңірдегі әлеуметтік проблемаларды шешуге қосқан үлесі аса қомақты. Қазір оның да құрылғанына жиырма жылдан асты ғой. Осы уақытта қаншама білім ошақтары мен денсаулық сақтау нысандары қатарға қосылды, әлеуметтік нысандарды техникалық жаңарту жүргізілді. Айта берсе, өте көп. Сондықтан, халықтың күткені де осындай инвестор еді ғой. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді» дегендей, кейін келген шетелдіктер осы компаниядан үлгі алуда. Жергілікті жұртшылықпен қалай байланыс жасау қажеттігі жөнінен тәжірибесін пайдалануда. Ендеше, ТШО-ға тек табыстар тілеймін.

       Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз