Жарнама
Экономика

ҚЫМБАТШЫЛЫҚТАН ҮНЕМ ҒАНА ҚҰТҚАРАДЫ

Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы облыстық комитетінің бірінші хатшысы: — Біз өз тарапымыздан осы мәселеге орай халық арасында сауалнама жүргіздік. Оған қатысқандардың дені көтеріңкі тарифті төлеудің қиындығын айтады. Мен де жақында оны өз басымнан өткердім. Сондықтан, қоғамдық ұйымдардың күш біріктіріп, кеңінен талқылайтын күрмеулі мәселенің түйінін бірлесіп тарқатқаны жөн.
Бақытбек ҚАБЗУЛДИНОВ, «Әділет» демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы: — Осы мәселе наурыз айы туғалы айтылып келеді. Тесік құбыр, жарық тұрбадан су далаға ағып жатыр. Оның шығынын кім өтейді? Республиканың кейбір өңірінде электр жарығы, ауыз су, табиғи газ іргелес елдерден келеді. Жолда біраз шығындалады. Сондықтан, ол жақта қымбаттау. Ал, бізде бәрі де өзімізде емес пе? Су іргеде ағып жатыр, газ кеніштен алынуда. Тіпті, текке жанып тұрған алаулар қаншама?..
Меңдібай СҮМЕСІНОВ, облыстық «Атырау» газетінің арнаулы тілшісі: — Мен бұл жерде БАҚ өкілі ретінде қатысып отырсам да қарапайым тұтынушы ретінде де өз ойымды білдіре кетейін. Әрине, мен де коммуналдық төлемдердің өсуін, жалпы қымбатшылықты қолдамаймын. Бірақ, осы шаралардың бәрі қолданыстағы заңдылықтар аясында жүзеге асырылып жатса, кім қарсы болмақ? Елбасының өзі де коммуналдық қызметтердің арзан болмайтындығын, сондықтан үнем мәселесіне ден қою қажеттігін айтқан.
Ал, аз қамтылған отбасыларын қолдауға келетін болсақ, оларға берілетін заңмен белгіленген жәрдем бар. Кейбір деректерге қарағанда, осы бағытта бөлінген қаражат игерілмей қалатын көрінеді. Өйткені, мұқтаж жандардың өзі барып алмайды. Себебі, сондай жеңілдік барын олар білмейді. Бұған не айтамыз?
Елеусін СӘРСЕНБИЕВ, «Ауыл» социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы: -Түрлі партиялардың қоғам өміріне белсене араласуы дұрыс. Қазір бізге рухани байлық жетіспей жатыр. Мәселен, сырқат адамды емдеу орындары қабылдап болмайды жолдама сұрап, сенделтіп қояды. Өзі науқас адам оған қалай шыдайды? Ау, сонда қарапайым адамгершілік қайда? Осындай оралымсыздықты жоғарыға жеткізген жөн.
Ағила МОЛДАҒАЛИЕВА, Қазақстан Патриоттар партиясы облыстық бірлестігінің төрайымы: — Осы шараға монополия мекемелер жетекшілерінің де қатысқаны жөн еді. Оларға да айтылар базына көп. Рас, бізде республиканың көп өңірлерімен салыстырғанда тариф төмен. Әйтсе де, жергілікті байлықты әлі де тиімді пайдалану қажет.
Аз қамтылған отбасыларына көмек туралы айтылды. Расында да, соны көп адамдар білмеуі мүмкін. Сондықтан, газет беттерінде тағы бір айтып өткен орынды.
Оның үстіне, бізде инвесторлар көп. Солардың көмегімен бірқатар әлеуметтік мәселелер де шешілуде. Бірақ, осы инвесторларға нақты мұқтаж жандардың тізімін ұсынып, соларға лайықты қолдау көрсетуді талап ету қажет. Олардың санатына Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерін, зейнеткерлерді, жалғызілікті жандарды, көп балалы отбасыларын, т.б. жатқызуға болады.
Құдабай ҒАРЖАУОВ, «Руханият» партиясы қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы: — Мен де коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар басшыларының ашық болғанын қалар едім. Расында да, халықтан жиналған қаражат қалай жұмсалуда? Қымбатшылық барлық салада да сезілуде. Оның бәрін қарапайым халыққа көтеру қиын. Міне, осы жайларды билікке жеткізуіміз керек.
Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Атырау облыстық департаменті бастығының орынбасары: -Қазір әрбір монополист мекеме өзіне инвестициялық бағдарлама қабылдайды. Ал, оны қаржыландыру көзінің негізі – тариф. Яғни, әрбір тұтынушы жарық пен жылуды, табиғи газ бен ауыз суды үздіксіз алғысы келсе, оған өзі де атсалысуы керек. Осындай бірлескен әрекетпен ғана әбден тозығы жеткен коммуналдық құралдарды қалпына келтіре аламыз. Қазір республиканың барлық дерлік өңірінде жабдықтарды жаңғырту жүріп жатыр. Рас, монополия мекемелердің өздері де энергетикалық қуаттарды үнемдейтін, өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне жол ашатын шараларды жүзеге асыруы керек. Біз мұны талап етіп отырмыз.
Ал, ашықтыққа келетін болсақ, жоғарыда айтылғанындай, біз инвестициялық бағдарламалардың орындалуын тұрақты қадағалап отырмыз. Коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындарды жоспарлы түрде аралап, бұл шараға жұртшылықты кеңінен қатыстыруға тырысамыз. Сіздерді де соған шақырамыз. Тарифтерді таразыға тартатын сараптамалық кеңестің мүшесі бола аласыздар. Жақында монополия мекемелер халық алдында кезекті есебін береді. Соған келіп, өз пікірлеріңізді білдіре аласыздар.
Ал, есептеу құралдарын орнату, алдымен, тұтынушының өзіне тиімді. Әркім өзінің қанша киловатт электр энергиясын, неше литр ауыз су тұтынғанын біліп отырады емес пе? Ақшасын да сол бойынша төлейді. Бұдан ұтпаса, ұтылмайды.
Оның үстіне, қазір сараланған тариф енгізілді. Бұл да үнемшілдікке бастайтын шара ретінде қабылдануда. Бастапқы нәтижелер көңіл қуантарлық. Коммуналдық қызметті тиімді тұтынуға қадам жасалды. Осындай оң өзгерістерді, әрине, игілікті іс ретінде қабылдау қажет.
Ағила МОЛДАҒАЛИЕВА: — Ал, далаға текке ағып жатқан судың ақысын кім төлейді?
Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА: — Оның төлемі тұтынушының мойынына ілінбейді. Ол – монополист мекеменің өз шығыны. Сондықтан, әрбір коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын нормадан тыс ысырапты болдырмау жолында жұмыстануда.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ: — Сараланған тариф бойынша бекітілген деңгей тым төмен емес пе? Соны қайта қараудың қандай мүмкіндігі бар?
Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА: — Біздің ойымызша, төмен емес. Республиканың өзге өңірлерінде бұдан да аз. Егер тұтыну деңгейін көтерсек, онда үнемшілдікке қатысты алынып жатқан шаралардың нәтижесі де болымсыз болады.
Ағила МОЛДАҒАЛИЕВА: — Расында да, үнем мәселесі керек. Далаға ағып жатқан суға, талтүсте текке жанып тұрған жарыққа тыйым салатын кез келді. Әйтсе де, қайталап айтқанда, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын барынша қолдау қажет.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ: — Қазір тарифті тағайындағанда заңды тұлғаларды бюджеттік мекемелер және кәсіпкерлік нысандары деп айырып, төлемдерін бөлек тағайындайды. Міне, осындай айырманы жеке тұлғаларға да қолданған жөн. Мәселен, мұғалім мен мұнайшының жалақысын әлі де теңестіруге болмайды. Ендеше, бюджеттік мекемелерге сәл жеңілдетілген тариф беріледі екен, осындай қамқорлық неге оның қызметкерлеріне істелмейді? Міне, осыны халықтық коммунистер өздерінің Парламенттегі өкілдері алдына алдына қойғандары жөн.
Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ: — Меніңше, бүгін мәнді отырыс болған тәрізді. «Дөңгелек үстел» мақсаты – биліктің жасаған жақсылықтарын жоққа шығарып, оған орынсыз күйе жағу емес. Керісінше, онымен бірлесіп, мына белең алып бара жатқан қымбатшылықты тізгіндеуге ұмтылу. Халықтың әлеуметтік әлсіз тобының қиналып қалмауына септігімізді тигізу.

Өз тілшіміз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button