Қазақстанның ірі кен орындарында «қара алтын» қорының сарқылуы күтілуде

munaj Жаңалықтар

Atr.kz/25 ақпан, 2020 жыл. Қазірдің өзінде тиісті шараларын алып, геологиялық барлау жұмысын жандандыру керек. Әйтпесе, 2040 жылға қарай елімізді ірі қор тапшылығы күтіп тұр. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзом Мырзағалиев Үкімет отырысында хабарлады.

«Геологтар мына қағиданы ұстанады: «бір тонна өндірсең, екеуін толтыр». Бүгінде қатты пайдалы қазбалар бойынша толығу көрсеткіші – 0,13; көмірқышқыл шикізаты бойынша – 0,9 (Қашаған кен орнын есептемегенде). Осы орайда, жаңа кен орнын ашу мен іске қосу аралығында ең аз дегенде 10-15 жыл уақыт өтеді»,- деді ол.

Министрдің сөзінше, қормен қамту және оны толтыру мәселесі соңғы жылдары өте өзекті болып отыр. Мәселен, Қызылорда облысында жыл сайын мұнай өндірісінің 1 млн тоннаға азайып отырғаны байқалады. Болашақта мұндай жағдай Ақтөбе мен Маңғыстау аймақтарында да күтілуде.

Бұдан бөлек, соңғы он жылдықтарда Шығыс Қазақстанда ірі қорғасын-мырыш кен орындары пайдаланылуға берілді: олар – моноқалаларға жақын орналасқан Шемонаихинское, Юбилейно-Снегирихинское және Зыряновское.​

Мырзағалиев еске салғандай, министрлікпен 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы жасақталды. Оны кешіктірмей іске қосу керек. ​

«2025-2040 жылдарға қарай ірі кен орындарында қор тапшылығы күтілуде: Орловское, Малеевское, Тишинское, Риддер-Сокольное», деп түйіндеді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз