«Total energy school» — Атырауда
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Total мектебі ашылды.
Францияның жетекші профессорлары атыраулық студенттер мен жас ғалымдарға тәлім береді. Тәжірибелі халықаралық сарапшылардың теориялық білімі мен практикалық дағдысын үйрену, мұнай өнеркәсібі және академиялық оралымдылық шеңбері арасында байланыс орнату – Total мектебінің басты мақсаты.
Университеттегі «Total energy school» ашылу салтанатына ZOOM платформасы арқылы қатысқан ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев аталған компанияның жоғары әлеуметтік жауапкершілігі мен ашықтығына ризашылығын білдірді.
«Қазір жұмысқа қойылатын талап күшейді. Қайта даярлау мәселелері, жаңа технологияларды меңгеру маңызды болып отыр. Total мектебі ұйымдастыратын курстар осы мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Бұған дейін Назарбаев университетінде және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де өткен курстар тиімділігін көрсетті. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде екі апта ішінде 350 азамат осы курсқа қатысып, білімін жетілдіреді. Бұл жастардың ғылым-білімге деген құлшынысын арттырып, болашағына сенім мен серпін береді»,-деп атап өтті министр.
«С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова: «Төмен көміртекті энергетика саласының көшбасшысы Total компаниясының осы маңызды мәселеде біз үшін ең игі және ортақ мүдде жолында бірдей көзқараста, бір мақсатта болғанына қуаныштымыз. Мектеп әлемдегі ең үздік энергетикалық компаниялардың жұмысын тек теориялық тұрғыда емес, іс жүзінде зерттеуге де тамаша мүмкіндік ұсынып отыр.
Бұл тәжірибе студенттердің болашақта жұмысқа орналасуына үлкен артықшылық беретіні сөзсіз. Дәрістерді «Тоталь» мамандары кәсіби сараптама мен нақты іс-тәжірибедегі мысалдарды зерделеу негізінде дайындаған. Біз ынтымақтастықты тек мұнай-газ секторы бойынша ғана емес, болашағы зор жаңартылған энергия көздері саласында да жалғастыруға және бірлескен жобаларды дамытуға ниеттіміз»,-деді өз сөзінде.
Онлайн форматта өткен шараға Тоталь компаниясының Қазақстандағы басшысы, Тоталь E&P бас директоры Ахлем Фрига Ной, Францияның Қазақстандағы Елшілігінің кеңесшісі Алекс Бортолан, Тоталь Профессорлар Ассоциациясының Президенті Жан-Марк Фонтен, профессор Эрве Оберрайнер, «ҚазМұнайГаз» БӨ АҚ» Басқарма Төрағасы, бас директоры Құрманғазы Исқазиев, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер, НКОК компаниясы өндірістік операциялар жөніндегі директоры Ричард Хоув, Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры Асқар Мұнара қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Total профессорлар Ассоциациясы бакалавриат пен магистратураның жоғары курс студенттеріне, профессор-оқытушылар құрамына курстар ұйымдастырады.
Total — кен орындарын игерумен, мұнай-газ өндірумен айналысатын әлемдегі ең ірі мұнай-газ компанияларының бірі. «Total» мектебі қазақстандық студенттердің теориялық білімдерін жетілдіруге және практикалық дағдыларын дамытуға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Франция арасындағы халықаралық ғылыми және білім беру ісіндегі ынтымақтастыққа ықпал етіп отыр.
Тоталь профессорларының Ассоциациясы бакалавриат пен магистратураның жоғары курс студенттері, Атырау мұнай және газ университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы үшін сертификаттар бере отырып, энергетикалық пәндер (мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика және қоршаған орта) бойынша курстарын ұйымдастырады.