Сақтану – сарыуайымға салыну емес

snimok 13 Жаңалықтар

Atr.kz/27 наурыз, 2020 жыл. Елімізде төтенше жағдай жарияланды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. Елімізде қатерлі дертке душар болғандар саны жүзден асты. Енді осы тосын жайт экономикалық дамуымызға, әлеуметтік ахуалымызға, күнделікті тірлігімізге қалай әсер етпек? Дүниежүзілік дүрбелеңде сең соққан қайықтай күй кешіп қалмаймыз ба? Әлде соны соқпақ салып, бұдан да шығып кетеміз бе?

Елбасы сонау жылдары-ақ тыстан төнер он қатерді санап берген. Солардың бірі – сыртқы қарым-қатынас арқылы келетін қауіп. Өйткені, әлемдік сахнада өзіндік орнымыз болғандықтан, басқалармен барыс-келіс қалыптасады. Мемлекет басшысы айтқанындай, бұл жолғы ауыртпалық та шекара асып, алыстан жетті. Сөйтіп, ішкі тірлігімізге кері әсер етті. Қалыпты тұрмысымызды бұзды. Әйтсе де, басқалардың басынан өткенді ой елегімен екшеп, ахуалдың алдын алуға әбден мүмкіндік бар.

АЛЫПТАР АРАСЫНДАҒЫ АЙҚАС

Экономикасы мұнай мен газ экспортына көбірек тәуелді Қазақстан үшін сыртқы сауданың шектелгені оңды емес. Әсіресе, көмірсутегі шикізатын тысқа тасымалдау арқылы толымды табыс тауып отырған ел қомақты пайдадан қағылмақ. Ал, тажалды дерттің дүние жүзіне тегіс дерлік таралуы оған деген сұранысты күрт кемітті. Өткен жылы мамандар егер әлемдік бағамда «қара алтын» құны әр барреліне 60 доллардан 55-ке төмендесе, онда Ұлттық қорға 137,7 млрд. теңге аз аударылатынын айтқан. Қазіргі жағдай одан да күрделі.

Бүгінде мұнай бағасы отыз доллар төңірегінде. Біресе көтеріледі, сәл саябырсиды. Әйтеуір, осы деңгейден аспай тұр. Бұл – әрине, бізге тиімсіз меже. Жалпы, «қара алтын» құнының құлдырауы коронавирус басталғаннан бұрын-ақ білінген. Көмірсутегі шикізаты мол мемлекеттердің бір-біріне көз алартуы соған дейін де сезілген. Ал, қатерлі ауру отқа тамызық тастағандай болды.

Алдымен, АҚШ пен Сауд Арабиясы шекісті. Америкалықтардың тақтатас мұнайын өндіруді күрт көтеруі арабтардың қытығына тиді. Бұлар да ұңғымалардың тығынын ағытты. «Қара алтын» сел боп ақты. Арзан бағасына алушылар да табылды. Әйтсе де, бұл тайталас сәл сабасына түскендей еді, енді екі алыптың айқасы белең алды. Биыл Сауд Арабиясы мен Ресей бетпе-бет келді. Бұлар әлемде «қара алтын» қазынасы бойынша алдыңғы екі орында тұр.

Демек, қазіргідей сын сағатта осылар өзара мәмілеге келгенде, әлемдік ахуал одан әрі ушықпас еді. Мұнай өндіруші он бір мемлекетті біріктіретін ОПЕК ұйымының кезекті отырысында ресейліктер өнім көлемін кемітуге келіспеді. Арабтар да шалқасынан түсті. Әлем мұнайының он пайызына ие ел ешкімнен айылын жимақ емес. Былтыр 14 қыркүйекте дәл осындағы мұнай өңдеу зауыттарының біріне шабуыл жасалу салдарынан «қара алтын» құны күрт көтеріліп еді.

Енді Сауд Арабиясы сәуірден бастап өнім өндіруді тәулігіне қазіргі 9,7 млн. баррельден 12 миллионға жеткізбекші. Экспортқа әдеттегі жеті миллионның орнына 10 млн. баррель мұнай шығармақ. Тіпті 25 доллар шамасында саудаласуға даяр екендігін мәлімдеді. Әсіресе, өздерінде көмірсутегі шикізаты жоқ Еуропа елдеріне тасымақшы. Ал, мұндағылар арзан мұнайға қазандарын толтырып алуға ұмтылады.

Осы орайда Қазақстандағы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ тәрізді ірі кеніштердің өнімі қаншаға бағаланбақ? Қыруар қаражат шығарылып, қатарға қосылған кен орындарының қайтарымы қандай болмақ? Олар да мұнай бағасын түсірсе, бұл өзіндік құнын өтер ме? Үш алыпта да жаңа жобалар жүзеге асуы жоспарланған-ды. Мыңдаған маман қызметке тартылған. Енді солардың тағдыры қалай болмақ? Шаралар кейінге шегерілсе, жұмыс орындары босап қалмас па? Ондаған отбасының күнкөрісі қиындамай ма? Мемлекеттің ендігі шешетін мәселесі, міне, осы.

ХАЛЫҚҚА ҚАЖЕТІ – ШҰҒЫЛ ШАРАЛАР

Қатерлі дертті әлдекімдер арзан әзілге айналдырып, әлеуметтік желіде келеңсіз қалжыңдарға жол беріліп жатқанымен, оған немкеттілік танытуға әсте болмайды екен. Төбеден түскендей тосын жай тұрмысқа да теріс әсерін тигізбек. Қазір дүние
жүзінде миллиардтаған адам үйінде отыр. Не сыртқа шығуға сескенеді, не қызметі қысқарған. Демек, олардың отбасылық табысы күрт кемігені кәміл.

Ал, жұмсалатын шығындар сол күйінде. Күнделікті азық-түлікке, коммуналдық қызметке, жолақы мен жалақыға, өзге де төлемдерге қаржы керек емес пе? Төбеден тосын төнген қиындыққа қарсы тұрар қабілет екінің бірінде болмауы мүмкін. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және асыраушысынан айырылған отбасылар, жалғызбасты қарттар мен аналар, басқа да әлеуметтік тұрғыда қорғалуы тиіс адамдар бар.

Демек, қазір халыққа қажеті – тіршілік тізгінін үзбейтін шұғыл шаралардың алынуы. Әрине, Қазақстан да мұндай шарадан тыс қалған жоқ. Халықаралық қорда 90 млрд. долларымыз бар екендігі көңілге демеу. Қызметкерлерін қысқартпай, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін кәсіпкерлерге барлығы 300 млрд. теңгеден кем емес қаражат қаралмақ. Елбасы қоры тарапынан тағы 200 млрд. теңге бөлінбек. Тек соған ие болғандардың оны қалай жұмсағанын қадағалаған жөн. Әйтпесе, ақшасын алған соң жұмысшыларын жөніне жіберіп жатса, бұл қайтарым саналмайды.

Немесе айлығын анағұрлым азайту еңбек адамдарын қолдауға жатпайды. Бөлініп отырған қосымша қаржы – бизнес нысандарының өнімі өтпей, табысы төмендеп кетуі ықтималдығына берілетін өтемақы. Сонымен қатар, өндіріс бағытын өзгертіп, дәл бүгін өтімді тауар шығаруға бейімделу мүмкіндігі. Оны өзге мақсатқа пайдаланып, көлденең табыс көзіне айналдыру – қазіргі сын сағатта адамгершілікке жатпайтын жайт. Қызметкерлердің қысқаруы – әбден мүмкін нәрсе. Қазірдің өзінде оның алғашқы нышандары байқала бастады.

Рас, тұрақты жұмыс орнын жоғалтқандарға ең төменгі деңгейдегі жалақы, яғни 42500 теңге төленеді. Бірақ, бұл қазіргідей қымбатшылықта жұмырға жұқ болар ма? Оның үстіне, республиканың кейбір өңірлерімен салыстырғанда, әсіресе, Атырауда бағаның қымбаттығы жасырын емес. Бұған дейін мұнайлы мекенде еліміздің басқа аймақтарына қарағанда орташа жалақы жоғары екені мақтанышпен айтылатын. Қазір жағдай бірдей. Демек, таразы басын теңестіруге бола ма? Бұл мүмкін бе? Әлде қымбат қала қалпында қаламыз ба?

Жалпы, қабылданған ұжымдық шартқа сәйкес немесе кәсіпорынның қаржылық қауқарына байланысты жалақының ең төменгі деңгейінен де көп өтемақы ұсынуға болады. Оны қос қолдап қолдамаса, ешкім қарсы шықпас. Ал, осы мөлшерді де төлеуге бірқатар шағын кәсіп иелерінің жағдайы жоқ. Түсер табысы күнделікті пайдадан құралып жатқандықтан, өнімі өтпесе, қалайша қор жинайды? Т ү р л і с е б е п т е р м е н қызметкерлеріне бірнеше ай бойы еңбекақы төлей алмай отырғандар енді қайтеді? Атырау – республикадағы төрт донор облыстың ең ірісі.

Өткен жылы Ұлттық қорды қоса есептегенде мемлекет қазынасына аймақтан үш триллион теңге салық пен төлем алынған. Ал, жоғарыдан қайтарым қандай? Немесе аударым көлемін аз-мұз кемітуге болмай ма? Мұнда өңір тұрғындары азаңдау болғанымен, ауысым әдісімен еңбек ететіндер баршылық. ТШО компаниясының өзінде 50 мыңға жуық қызметкер бар. Оның мердігер мекемелерінде ше? Мамандардың айтуынша, солардың 80 пайызы келімдікетімді адамдар көрінеді. Бәрі осында тұрады, еңбек етеді, тамақ ішеді, қызмет түрлерін тұтынады.

Демек, біраз салмақ та салады. Осыған орай өңірден алынатын алымға өзгеріс енгізген абзал. Әсіресе, қазір қосымша қаражат қажет-ақ. Бүгінде оқушылар кезекті каникулға ертерек жіберілді. Енді қашықтан оқытылады. Ал, төменгі сыныптағыларға қарайтын көз керек. Немесе балабақшалар ресми жабылмағанымен, бүлдіршіндердің дені үйінде отыр. Қыс пен көктемнің аумалы-төкпелі кезінде тұмау тәрізді ауру асқынады. Үлкендер содан да сескенеді.

Ендеше, отбасында отырып қалғандарға қандай қолдау бар? Әсіресе, жалғызбасты аналарға қиын-ақ. Рас, мемлекет қаржылай көмек қарастырып жатыр. Сол әзірге жеткілікті ме? Елімізде әлеуметтік әлсіз топқа жататын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Әрине, олардың зейнетақысы мен жәрдемақысын беруде кідіріс болмас. Бірақ, дүрбелеңмен бірге жеткен қымбатшылық аз ақшаны жұтып жібермес пе екен? Онсыз да басқа тартса, аяққа жетпейтін қысқа көрпені қымтанып жүргендер тарығып қалмай ма?

Қысқасы, бұрын да күнделікті күрделі саналатын проблемалардың салмағы енді тіпті сомдана түскендей. Рас, мемлекет өз азаматтарын қамқорсыз қалдырмайды. Барынша қолдау танытады. Әйтсе де, баршамыз да белді бекем буғанымыз жөн. Ал, ықтимал қатерді сөз етсек, бұл – сарыуайымға салыну емес. Соған сәйкес қарекет ету. Алынып жатқан қауіпсіздік шараларын қапысыз сақтау.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

http://atr.kz/bez-rubriki/%d2%9baza%d2%9bstanda-koronavirus-zh%d2%b1%d2%9btyr%d2%93andar-sany-121-adam%d2%93a-zhetti/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз