Жарнама
Экономика

Төменгі жалақыға — төмен салық

5 сәуірде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі ҚР Парламенті Мәжілісіне жаңа және қолданыстағы Салық кодексіне арналған екінші түзетулер пакетін ұсынды. Бұл өзгерістер халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және мемлекеттік бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, — деп хабарлайды республика Ұлттық экономика министрлігі.

Түзетулердің басты бағыттарының бірі — жеке табыс салығына сараланған мөлшерлеме енгізу. Енді төмен жалақы алатын азаматтар үшін салық мөлшерлемесі төмен болады, ал жоғары табыс табатындар бұрынғыдан көбірек салық төлейтін болады.

Сонымен бірге, азаматтардың білім беру, медицина және әлеуметтік қызметтерге жұмсайтын шығындары бойынша салықтық шегерімдер оңтайландырылады. Бұрынғы 14 АЕК орнына 30 АЕК мөлшерінде бірыңғай базалық шегерім енгізіледі. Қосымша шегерімдердің алынып тасталуы бухгалтерлердің жұмысын жеңілдетеді және азаматтардың салық органдарына құжат тапсыруын азайтады.

Экономиканың басқа салаларын да қамтитын өзгерістер көзделуде:

  • Экспорттық-кредиттік агенттікке арналған салық салу тәртібі бекітіледі;
  • Банк секторы үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі нақтыланады;
  • Мемлекеттік және квазимемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табыстарға салық салу енгізіледі.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, энергетикалық сусындарға акциз белгіленбек. Бұл қоғамдық денсаулықты қорғау және салауатты өмір салтын қолдау мақсатында жүзеге асырылады.

Мұнай саласындағы салық реформасы аясында “салықтық маневр” жүргізу жоспарланған. Бұл өзгеріс мұнай өндіру кезеңінде салықтық түсімдерді арттырып, экспорттық төлемдерге түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар салық әкімшілендіруді күшейту, салық міндеттемелерін орындауды бақылау және мониторинг тетіктерін нақтылау бойынша түзетулер ұсынылуда.

Екінші түзетулер пакеті аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инвестициялық саясат, әлеуметтік төлемдер тәртібі сияқты салаларға да өзгерістер енгізу көзделген.

Міндетті әлеуметтік және медициналық сақтандыру саласында, сондай-ақ арнайы салық режимдерін қолданудағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту шаралары ұсынылды.

Жалпы алғанда, Үкімет жаңа Салық кодексі жобасы мен оған ілеспе заңдарға 71 түзету, ал қолданыстағы Салық кодексіне 67 түзету енгізуді жоспарлап отыр.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button