«ТЕҢІЗДІҢ» ТАСЫТЫП МҰНАЙЫН… НЕМЕСЕ МҰНАЙШЫ БӨЛЕКБАЙ САҒЫНҒАЛИЕВ ТУРАЛЫ СЫР
Сайын дала төсіндегі осы бассейндердің бірінде, дәлірек айтқанда, Атырау облысының сол кезде Ембі ауданындағы Опорная деп аталатын темір жол бекетінің батысынан 70 шақырым қашықтықта, 1979 жылғы желтоқсанның 19-жұлдызында, қазақ даласында бұрын-соңды болмаған дүлей мұнай фонтаны атқылады. Оның қуатты да, мол болғандығы сондай, сол кездегі Гурьев облысы мұнай өндірудегі үшінші орыннан бірінші орынға көтерілді. Бүгінде Атырау деген жаңа атымен сол біріншілікті ешкімге бермей, мұнайлы астана атағын қолда берік ұстап отыр. Ал, әңгімемізге арқау болып отырған Бөлекбай Сағынғалиевтың есімі осынау оқиғамен тығыз байланысты.
Сол заманның өз талабы болды. Билік тізгінін ұстап отырған Хрущевтың басшылығымен ел іші неше түрлі өзгерістерге ұдайы ұшырап жататын. Соның бір айғағындай, Атырау облысындағы «Эмбанефть» өндірістік бірлестігі осындағы «Қазмұнайгазбен» біріктіріліп, «Қазмұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылды. Оның бастығы өз дәуірінің атақты геологтарының бірі Жолдасқали Досмұханбетов болды. Бұл бірлестік Хрущев биліктен кеткеннен кейін тарқатылып, Жолдасқали Ахметұлы екінші рет өмірге келген «Эмбанефть» өндірістік бірлестігіне бас геолог болып тағайындалады. Ал, 1971 жылы өндіріс ошағының бас директорлығына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр индустрия бөлімінің нұсқауымен Губкин атындағы Мәскеу мұнай-газ институтының түлегі Бөлекбай Сағынғалиев тағайындалды.
Бұл тұста В.П.Шебалдиннің басқаруымен, «Саратов- мұнайгеофизика» тресі Пустынный, Тәжіғали, Қаратон, Масабай, Тегіс, Ботақан, Ақінген, Аққұдық, Королев және басқа алаңдарда жаппай геофизикалық іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқан-ды. Барлау жұмыстарының барысына қарағанда аталған алаңдардың барлығының да мұнай-газ перспективасы күннен-күнге жаңа мәліметтермен дәлелденіп, жергілікті мамандардың сенімі арта түсті. Ал зерттеу жұмысы ұзаққа созылып, нәтиже көңілден шықпаған соң, одақтық министрліктер, соның ішінде бірқатар ғалым-геологтар да күдер үзіп, «Каспий ойпаты төңірегінен қара алтын табамыз деп жүріп, уақытты босқа жоғалтудамыз, мұндағы нәтиже бермейтін іс-әрекеттерді жедел тоқтату керек» деген ұсынысты талқылаған арнайы басқосу өзкізілді. Жиынға қатысқан 12 жоғары лауазымды мұнай мамандарының, араларында Бөлекбай Сағынғалиев пен сала министрі В.Шашин бар төрт адам ғана іздестіру жұмыстарын тоқтатпауды жақтайды да, қалған сегізі үзілді-кесілді қарсы болады. Ұзаққа созылған талқылаудан соң, әзірге нақты шешім қабылданбай қалады да, Б.Сағынғалиев бастаған топ үш ұңғымамен іздестіру-бұрғылау жұмыстарын жалғастыруға рұқсат етілген «жеңіспен» елге оралады.
Сол ұңғымалардың қайсысын қай жерге орналастыру барысын ақылдасып, талқылау үстінде бас геолог Жолдасқали Ахметұлы: «Басқаларын білмеймін, ал № 1 ұңғыма дәл мына жерге орнатылады, одан шыққан мұнай теңізше ағады және ұңғыма да «Теңіз» деп аталады» – деп, қызыл қарындашпен сызылған жалпақ шеңбердің қақ ортасына сұқ саусағын тіреп, жиналғандарға тесіле қарағанда, олар бұны «иә, мақұл, аузыңа Құдай салып тұрған болар» – деп, ду күлкіге айналдырады. Бұл – шынында аузына Құдай салғандығы ма немесе даңқты геолог-барлаушы Жолдасқали Досмұханбетовтің мол тәжірибесінен туындаған көрегендік пе, кім біліпті, әйтеуір баяндауымыздың басында аталған дүлей фонтан Жүкең саусағымен көрсетіп берген дәл осы жерден атқылайды. Сондықтан болар, осы үш ұңғымамен бұрғылауды ұйымдастыру, үйлестіру және басшылық жасаған бірлестік директоры Бөлекбай Сағынғалиев және сол ауыр технологиялық процестерге бастан-аяқ қатысып, бірге еңбек еткен әріптестері – О.Есқазиев, С.Намазов, М.Рахметов, Д.Бейісқазиев, Қ.Балжанов, сондай-ақ басқа да қарапайым мұнайшы, инженер, техниктері әзіл араластырып: «Жүкеңнің саусағымен шығарылған фонтан» – деп атап кетіпті. Ең бір өкініштісі – Лениндік сыйлықтың және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Жолдасқали Ахметұлы өзі нұсқап көрсеткен жерден мұнай теңізі аққан қуанышты күнге жете алмай, 1977 жылғы желтоқсанның 19-жұлдызында бақи болады. Ал оның ашқан кен көзі шынында Жүкең қойып кеткен Теңіз деген атпен өсіп, нығайып, бұл күнде ол ел қазынасын «миллиардтармен» толтырып отырған, аты әлемге әйгілі алып кен орны. Сол секілді, Жолдасқали Досмұханбетовтың есімі де анда-санда мерейтойлар мен мерекелік баяндамаларда болмаса, өте сирек айтылатын болып бара жатқаны да өзекті өртейді.
Әрине өмір тоқтамайды, өз жалғасын табады. Қазақ жерінің өн бойынан мұнай мен газ көптеп табылып, кен орындары ашыла берді. «Каспий төңірегі ойпатының мұнай-газ перспективасы жоқ» – деп, бақадай шулаған Сағынғалиевке қарсы дауыстар, су шашылып басылған шаңдай, үнсіз қалды. Сөйтіп, бұдан «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің бас директоры күш алып, жігеріне жігер қосты. Қалған екі бұрғылау қондырғыларынан да жоғары дебитті май, ілеспе газ алынды. Теңіздің тұз күмбезі астындағы терең қойнауында ғасырлар бойы тығулы жатқан қазына-қоймаларды тауып алуға бағытталған шабуылдар одан әрі жалғастырылып, Пустынный алаңындағы №10 ұңғымадағы бұрғылау барысында 3639 бен 3658 метр аралықтарындағы тереңдікте мол көмір сутегі белгілері анықталды. Ал, Тәжіғали барлау алаңында бірден мұнай ағыны алынып, оның дебиті тәулігіне 100 тоннадан астам мұнай, 600 текше метр ілеспе газ болды. Міне осындай қол жеткен табыстар геолог барлаушылардың жігерін арттырып, жұмыс та жаңа қарқынға ие болды.
1982 жылы бірлестік басшысы Волгоградқа барып, онда жаңадан ұйымдастырылған «Прикаспийбурьнефть» бірлестігінен он бұрғышылар бригадасын көшіріп әкеліп, Теңіздегі жұмысқа қосты. Жергілікті жердің есебінен де он бригада жасақтап, нәтижесінде бірден жиырма ұңғымада бұрғылау жүргізілді. Сөйтіп, кенішті бұрғылаумен қатар, бір мезгілде қазылған ұңғыларға сынақ жұмыстарын жүргізіп, кен қорының алдын ала есептерін шығаруға да қол жетті.
Осындай бір сәтте Теңіз кен орнында бір жарым-екі миллиард тоннадай мұнай, екі триллион текше метрден астам газ байлығы жатқандығы анықталды. Жалпы тұңғиық қоймадағы бұл алып «сандықтың» аумағы да айтарлықтай еді, ұзындығы 21, ені 19 шақырым екен. Бұл жаңа кен іздеу алаңдарын көбейту, жаңа ұңғымалардың қатарға қосылуы, олардың қорын анықтау мақсатымен сынақтан өткізу әлі аяқталмаған кездегі алдын ала есептеудің нәтижелері еді. Одан бері 30 жылдың үстіне шықты. Отанымыздың геолог мұнайшыларының көп жылғы маңдай тер, адал еңбегімен ашылып, өндірістік игеруге дайындалған сарқылмас кен қорын қырық жылға жуық уақыттан бері мұнай компаниялары жер астынан сорып шығарып, дүниенің төрт бұрышына жөнелтуде. Ал, Теңізбен іргелес жатқан Королевская кен орнында да біздің даңқты геологтарымыздың еңбегімен ашылған мол мұнай қорлары жатқандығы дәлелденді.
Жалпы Бөлекбай Сағынғалиев өндірістік бірлестікті басқарған 15 жыл ішінде оның ұйымдастыруымен 20 жаңа кен орны ашылып, одан 60 миллион тоннадан астам мұнай алынған.
Сөз соңында айтарым – әлем мойындаған, баршаға аян мынадай бір мәміле бар: бүкіл адамзаттың заманауи тіршілік тынысы, бүгінгі өркениеттің ең негізгі тіреуі – энергетика болса, ал оның тірегі – мұнай мен газ. Әрбір ел, әрбір мемлекет, соның ішінде біздің тәуелсіз Қазақстанымыз да өз өнеркәсібінің шикізат базасы болып табылатын индустрияның осы саласы арқасында беделді және әлемге танымал болып отыр. Мұнай мен газ тек елдің шикізат базасы ғана емес, оның бай валюта қоры, әлемдік рыноктағы оның жетекші орны, ол саясат. Жері байтақ Қазақ елі осындай бедел деңгейінде. Бұл – аспаннан салбырап, қолымызға өздігінен түсе салған табыс емес. Ол – алдымен жаратқан Алланың, одан кейін осы қысқа ғана баяндауымыздың кейіпкері, бүкіл саналы өмірін мұнайға жұмсаған, Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы, еліміздің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту, «Октябрь революциясы» ордендерімен, сондай-ақ толып жатқан медальдармен марапатталған Бөлекбай Сағынғалиев және оның әріптестері, аталған Мемлекеттік сыйлық лауреаттары Еламанов, Балжанов, Балғымбаев, Есқазиев, Авров, Хисметов, Досмұханбетов және басқалары сияқты ел мақтанышына айналған, осындай азаматтардың арқасында қол жеткен табыс. Бұл азаматтардың адал еңбегінің нәтижесінде Қазақстанның мұнай-газ индустриясы жасалып, қалыптасты, оны шет ел мамандары да мойындап, жоғары бағалауы нәтижесінде қолымыз жеткен мәңгі мұра. Бұл – қазақ халқының бақытты болашағының кепілі.
Бүгінгідей мұнайлы өлке атанып, жерасты байлығының қызығын тұтастай республика жұртшылығының кәдесіне жаратуына септесіп отырған аймақта әлі де қызу жұмыс, қайнаған еңбек. Сайын дала төсінде самсаған мұнай ұңғымалары дамылсыз жұмыс жасап, «қара алтын» кенін игеруде. Осы ретте мұнай кеніштерінің біріне Бөлекбай Сағынғалиев есімін берсек деген ұсыныс-тілегімді білдірсем деймін. Бұл да өз кезегінде соңында қалған ұрпақтың санасына Бөлекбай есімін сіңіруіне септесетін игі қадам болары сөзсіз…