Біз де балық аулағанбыз

img 20201021 wa0028 Жаңалықтар

Бұрынғы «Қазақстан» кеңшарының орталығы Шоқпартоғай с е лосынан 20 шақырым жерде Барпылдақты аталатын көл бар. Аумағы әжептәуір. Жем жақсы тасығанда суға әбден толады. Сонау бала шағымызда содан қармақпен балық аулайтынбыз.

Содан бері де, әрине, біраз уақыт өтті. Бірақ, сауыры күнге шағылысқан балықтар сусып қолға тұрмай, ұстағанша әбден әбігерге салатыны әлі есте. Аштықтан емес, балалық әуесқойлықтан сол көлдің маңынан шықпаймыз. Сол молшылық, расында да, келмеске кеткені ме? Қазіргі су тапшылығы адамдардың барды бағаламайтын шашпашылдығының салдары ма? Әлде табиғаттың арасында сараңдық танытуы қалыпты құбылыс па?

Анау уақытта қолыма ескі газет қиындысы түскен. Қателеспесем, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жарияланған мақалада Жем тартыла бастағандығы жазылыпты. Жоғарыдан жететін су саябырсыған. Сол кезде қағылған дабылдың себебі шығар-ау, Аралтөбе су қоймасы құрылысының қолға алынғаны. Әттең, ақырына дейін жетпеді. Әйтпесе, жылда демегенмен, ара-тұра молшылыққа кенеліп отыратын едік қой. Балық дегеннен шығады, былтыр ма, әлде алдыңғы жылы ма, әлдекімдер Тұрғызбаның тұсындағы Қараша көлінен ұзындығы қос құлаш сазан ұстапты. Бұл – көлемі біраз жерді қамтитын су көзі. Жем жақсы тасыған кезде жаяу түгілі, аттылыға өткел бермейді.

Жалпы, сонау бір шақта Жылыойда ауға бекіре түскен оқиғалар кездескен. Демек, бағалы балыққа да өріс табылғаны ғой. Яғни, бәрі судың қаншалықты келуіне байланысты.Өткен жылы Жемнің бастауына бардым. «Жақсыны көрмекке» деген ғой. Бірақ, көңіл құлазып қайтты. Егер Мұғалжардан бері қарай түйір ылғал кездеспесе, өзеннің төменгі бөлігінде орналасқан бізге не жорық? Шабындыққа қалай су шығарамыз? Жайылымды немен суарамыз? Төрт түліктің шөлін басудың қандай амалы бар?

Жасыратыны жоқ, кейбір малбегілері атакәсіптен бас тартудың аз-ақ алдында жүр. Әр жылы малдың қыстық азығын алыстан арқалап, қыруар шығынға бату кімге керек? Оны өтеу үшін өнім бағасын көтеруге тура келеді. Бұл тұтынушының ренішін туғызады. Саудаға кері әсерін тигізеді. Рас, жерлестеріміздің жағдайын ойлап, қымбатшылыққа жол бермейміз. Алайда, кез келген кәсіпкерлік ныса-ны табыспен жұмыс жасауға ұмтылуы тиіс екенін ескерсек, табиғи жағдайға байланысты шеккен залалдың орнын немен толтырамыз? Әрине, ақтөбеліктер де шөлдеп отыр. Олар тарапынан бізге жасалған қысастық бар деп ойла-маймын. Жемнен төмен жағалап, ешқандай бөгетті көрмедік. Демек, бәрі ауа райының күрт өзгеруі салдарынан.

Егер Мұғалжар басында ылғал мол болса, онда қос облысты да қамтуға жағдай жасалар еді. Жем – Жайық емес, оның бастауы өз жерімізде. Яғни, республикалық құрылымдар реттеп отыра-ды. Бірақ, мәселе мемлекеттік тұрғыда таразыға тартылуы тиіс. Әйтпесе, Жемнің қазіргі күйінен де айырыламыз.

Жалпы, табиғаттың ара-тұра құбылып тұруы да өзінше заңдылық шығар? Жоғарыда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қағылған да-был туралы айттым ғой. Ал, шежірені сараласақ, оның ар жағында да, яғни отызыншы жыл-дары су тартылған. Тарихтан белгілі, сонау уақытта Жылыойда балықшылық жақсы дамыған. Тонналаған су маржандары орталыққа, соғыс жыл-дары майданға жөнелтілген. Осы салада еңбек етіп, орден-медаль иеленген ардақты адамдар бар. Тек 1937 жылы Жем жағадан бірнеше шақырым қашықтап, балық қоры күрт кеміген соң ғана кәсіпшілік жабылған. Өкінішті, әрине. Бірақ, қайта қалпына келтіруге болатын тәрізді. Өйткені, тоқсан үштің тасқыны тәрізді көп су түбі келуі мүмкін. Ендеше, соны реттейтін тетік қажет.

Су қоймасы туралы айтылғанда сол еске түседі. Пандемия жергілікті азық-түліктің қаншалықты маңыздылығын тағы да көрсетті. Сыртпен барыс-келіс шектелгенде өзіңді күнделікті тағаммен қамтамасыз ете алмасаң, нағыз тығырыққа тірелу сонда болады. Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы тыстан тасылған тауардан едәуір жоғары екені бұған дейін де айтылып жүр. Ендеше, соны барынша молайтуға күш салы-нуы қажет қой. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға разымыз. Жылыойлық фермер-лер төрт түлікті асылдандырып, жерлестерін ет-пен де, сүтпен де қамтамасыз етуге дайын. Тек су мәселесі шешілсе екен. Жоғарыда отырғандардың осы проблеманың түйінін тарқатқанын қалаймыз.

Қазір сыздықтап су жүріп жатыр. Бұл – күзгі ылғал. Қазан-қарашада кездесетін қалыпты құбылыс. Баршаға белгілі, шілде-тамызда күн әбден қызғанда өзен арнасы бойындағы бұлақ та тартылады. Өйткені, жер үстінде су жиналмаса, оның астында да жоғалады. Ал, ыстық басылып, күн суытып, жер салқындағанда бұлақтар көзін аша бастайды. Міне, мына келіп жатқан су сол. Жә, мейлі. Бірақ, бұдан шаруаға тиер пайда шама-лы. Әрі аз, әрі мезгілі емес. Ен дала жазда шөлдейді. Көктемде жақсы суарылса, кейінгі екі-үш айға да жетер еді. Шабындыққа шөп шығып, жайылымда төрт түлік емін-еркін жайылуға жағдай жасалады.

P.S.

Барпылдақты көліне тағы бардым. Тай шаптырым аумақтың шаңы шығып жатыр. Көптен ылғал тамбағаны көрінеді. Балалық шағымды сағындым. Өз балала-рыма осы жерде қармақ салғанымды қалай түсіндірсем екен? Ал, шындығында, біз де балық аулағанбыз.

Сейітжан БАЛЖІГІТОВ,

ҚР Фермерлер одағы Жылыой аудандық ұйымының төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз