Жарнама
Экономика

Тәуекел түбі жел қайық

Бүгіндегі өңірдегі кәсіпорындар мен белгілі сауда орталықтары, өндіріс ошақтарының иесі қазақтың қарапайым ауылынан шыққан қыз-келіншектері екенін естігенде кеудені мақтаныш сезімі кернейді. Шын мәнінде олар – бір кездері шағын ауылда жеке ісін бастап, бүгінде танымал бизнестің иесі атанған қайсар жандар. «Бауыр еті – баласы» үшін тауды да қопара алатын әйел-аналар көп реттерде мұндай батыл қадам жасауға балалары түрткі болатынын айтады. Халыққа арзан бағамен сапалы киім-кешек ұсынып, бірнеше дүкен желісін ашқан исатайлық Ақмарал Тахаеваның да бизнес ашуына декреттік демалыста отыруы себепші болыпты.

Мейлі мемлекеттік қызмет болсын немесе үлкен кәсіп болсын қай-қай жұмысты да жатсынбай шырқ иіре әкететін қыз-келіншектеріміз арамызда көп. Исатай ауданы, Аққыстау ауылының тұрғыны Ақмарал Тахаева да бір салада тұрақты қызмет етіп жүрген маман болатын. Кейін декреттік демалысы кезінде көп балалы ана балаларына сапалы әрі қолжетімді бағада киім табу үшін біраз сергелдеңге түсетін.

– Бес баламды Атырауға барып киіндірудің орнына, неге сол қажеттілікті ауылдың өзінде қамтамасыз етпеске деген ой келді. 2016 жылы декреттік демалыста отырғанда осы идеяны жүзеге асыруды ұйғардым. Жолдасыммен ақылдасып, оның қолдауымен алғашқы қадамдарымды жасай бастадым. Ең алдымен, үйден интернет арқылы сауда жасап, балалар киімдерін Түркия мен Алматыдан тапсырыспен алдырттым. Уақыт өте келе бұл ісім сұранысқа ие болып, кәсіптің қыр-сырын меңгере түстім. Осылайша, сауда орталығынан шағын орын жалға алып, кәсібімді кеңейттім. Бұл менің кәсіпкерлік жолымдағы алғашқы маңызды қадамым болды,-дейді Ақмарал.

«Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» демекші, қай бизнесті де бастар алдында бойда қорқыныш сезімі болатыны белгілі. Ақмарал әсіресе, қай кезде де қолдау білдірген жолдасының еңбек демалысына алған бүкіл ақшасын кәсіпке салып жібергенде «ісім жүрмей қалса, не істеймін?» деген ой мазалапты. Бірақ ол әркез жақсы ойлап, алдағы мақсатына ұмтылған.

– Кез-келген істі бастағанда сенімсіздік, белгісіздік қорқынышы болады. Өзіңе сену және алға қарай қадам жасау қажет. Жеке кәсібін бастағысы келетіндерге айтарым: қорқынышқа берілмей, алдымен, қандай кәсіппен айналысқыңыз келетінін нақтылап алыңыз. Шағын қадамнан бастаңыз, үлкен тәуекелге бірден барудың қажеті жоқ. Ең бастысы – әрекет ету,-дейді кейіпкеріміз әңгіме барысында.

– Мен қашан да балаларды заманға сай әдемі киіндіргенді қаладым. Әрқашан жаңа киім-кешек алып беретінмін. Сол кезде ауылдан сапалы, бірақ бағасы қолжетімді киім табу қиын еді. Шынымды айтсам, бастапқыда пайда табуды емес, ең алдымен, өз балаларымды жақсы киіндіруді, содан кейін ауыл тұрғындарына да сапалы, арзан тауар ұсынуды мақсат еттім. Осылайша, халыққа тиімді бағада тауар ұсынып, өз кәсібімді бастауды жөн көрдім.

2018 жылы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық бөлімшесі арқылы «Бизнес бастау» жобасынан білім алдым. Кәсіп жүргізудің қыр-сырын үйреніп, мемлекеттен қолдау алу мүмкіндіктерімен таныстым. Кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жеңілдетілген несие алып, аудан орталығы Аққыстаудан жеке дүкенімді аштым. Осы қаржының арқасында тауар ассортиментін көбейтіп, кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта «Даму» қоры арқылы тағы бір несие алып, екінші дүкенімді салып жатырмын. Мемлекет тарапынан осындай қолдаулардың болуы кәсіпті дамытуда үлкен көмек болды. 

Иә, бизнес пен отбасын қатар алып жүру оңай емес. Кәсіп табыс көзі ғана емес, үлкен жауапкершілік пен үздіксіз еңбекті талап етеді. Кейде жұмыс пен үйдің арасында үлгермей, қатты шаршайтын сәттерім де болады. Бірақ бұл жолда мен жалғыз емеспін – жолдасым әрқашан жанымда табылып, қолдау көрсетіп келеді. Оның көмегі мен сенімінің арқасында барлық қиындықтарды жеңіп, осы жетістіктерге жеттім. Отбасының түсіністігі мен қолдауы болмаса, бизнесті жүргізу әлдеқайда қиын болар еді. Сол себепті, әр жетістігімде жолдасымның да еңбегі зор,-деп ағынан жарылды Ақмарал.

Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесінде кейіпкеріміз әйел-аналарға құттықтау тілегін де жеткізді.

– Әйел – отбасының берекесі, өмірдің сәні, мейірім мен махаббаттың қайнар көзі. Біз ана, әрі жар, кәсіпкер, әрі қоғамның белсенді мүшесіміз. Осы жауапкершіліктерді қатар алып жүрсек те, ешқашан өзімізді ұмытпауымыз керек. Барша анаға мықты денсаулық, отбасы амандығын, мол бақыт пен табыс тілеймін. Армандарыңыз орындалып, әр күніңіз қуаныш пен берекеге толы болсын! Өздеріңізге сеніңіздер, жаңа белестерден қорықпаңыздар, өйткені әйел затының қолынан бәрі келеді!-деді ол.

Табысты кәсіпкер бизнесті дамытып қана қоймай, қайырымдылыққа да үлес қосып келеді. Ақмаралдың ауыл ақсақалдарын газетке жаздырып, үлкендерден алғыс алып жүргенін біреу білсе, біреу білмейді.

– Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмын. Қазір ауылда балаларға арналған ойын алаңы, кафесі бар үлкен сауда орталығын салып жатырмын. Бұл жер сауда жасау орны ғана емес, отбасылар үшін жайлы демалыс аймағы болса екен деймін. Болашақта өзімді нағыз кәсіпкер ретінде көремін. Кәсібімді одан әрі дамытып, жаңа бағыттарда да өзімді сынағым келеді. Сонымен қатар, жолдасыммен және балаларыммен еркін саяхаттап, әлемді аралау – басты армандарымның бірі. Осы мақсаттарға жету үшін аянбай еңбектеніп келемін. Еліміздің экономикалық ахуалын жақсарту үшін ең алдымен шағын және орта бизнесті дамытуға баса назар аудару керек. Себебі, кәсіпкерлік – экономиканың тірегі. Бизнестің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың табысының артуына және жергілікті өндірістің көбеюіне ықпал етеді.

Менің ойымша, экономиканы көтеру үшін мына қадамдарды жасау маңызды: Біріншіден, кәсіпкерлерге қолдау көрсету – жеңілдетілген несиелер, салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімділігін арттыру қажет. Екіншіден, отандық өнімдерді дамыту – елімізде өндірілетін тауарлардың сапасын арттырып, импортқа тәуелділікті азайту керек. Үшіншіден, кәсіпкерлік білімін жетілдіру – кәсіп ашқысы келетіндер үшін тегін оқыту курстарын көбейтіп, бизнесті жүргізу мәдениетін дамыту маңызды. Төртіншіден, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу – цифрландыру, заманауи өндіріс әдістерін пайдалану арқылы экономиканы жаңа деңгейге көтеруге болады. Бесіншіден, ауыл шаруашылығын дамыту – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп, жергілікті өндірісті жандандыру қажет. Ең бастысы, әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарап, елдің дамуына өз үлесін қосуға ұмтылуы керек. Осылай ғана біз экономикамызды нығайтып, болашағымызды жарқын ете аламыз,-деп түйіндеді әңгімесін Ақмарал Тахаева.

Айбөпе САБЫРОВА

Исатай ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button