Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Балықшының ЖАЙЫН, халықтың ҚАМЫН ойлаған…

Елдің дамуы ондағы еңбекқор да бейнеткеш жандардың қабілет-қарымына байланысты. өйткені, қандай істі де ұтырын тауып ұйымдастыру, ең қиын шаруаны да тігісін жатқыза үйлестіре білу нағыз майталман маманға тән қасиет. Ал, ондай шебер ұйымдастырушылардың әр салада да болатыны анық. Атырау өңірінде күллі елге танылған балық өнеркәсібінің шыңға шығып, асқар асуларды бағындыруы да осындай іскер мамандардың қабілеті мен маңдай терінен тұрған еді.

Ол кезде Жайық өзенінің суы көктемде кемерінен асып шалқып тасып, балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулап жататын. Ал, «Гурьеврыбпром» өндірістік бірлестігі бірде Астрахандағы трестке, бірде Мәскеудегі министрлікке тікелей қарап тұрды.

Бірақ, одан зауыттың қызметінде өзгеріс болған жоқ. Күллі Одақтың балыққа қатысты мәселесі Гурьевтегі кәсіпорынның тыныс[1]тіршілігімен өлшенген заман болатын. Ал, мұнда бүкіл әулетімен көк айдын төсінде атой салып, «су маржанын» сүзуге бар ғұмырын арнаған еңбекшілер әулеттері көп болды. Ол кезде күнделікті ішіп-жемінен артық байлық пен дәулетке жұрт қызыға қоймайтын.

Бар бақытын балықшылық кәсіптен тапқан сондай жандардың бірі Тұрғали мен Мәрияның отбасында 1939 жылы мамырдағы өр суымен бірге өмірге келген Иванның да бар ғұмыры осы саланың өсіп-өркендеуіне арналды. Гурьев қаласынан теңіз сағасына шыға берістегі Жұмыскер ауылында туған ол онжылдық білімді қаладағы Жамбыл атындағы орта мектептен алып шықты. Сосын В.И.Ленин атындағы Гурьев балық-құты комбинатына қарасты Дамбы балық қабылдау бекетіне есептеуші болып жұмысқа тұрып, кейін нормалаушы болып ауысады. Қысы-жазы белуардан су кешіп жүрудің аса жақсы емесін аңғарған жас жігіт комбинат базасындағы оқу комбинатынан арнаулы білім алған соң өндірістік бірлестік үшін күбі-жәшік шығаратын зауыттың нормалаушы технигіне ауысқан Иван Тұрғалиұлы жастайынан еңбек қазанында қайнап, шарболаттай шыңдалды.

Өмір жолында өзіне жөн сілтеп, жол көрсеткен аға буын өкілдерінің ағалық, әкелік қамқорлығына бөленген ол аса білікті маман Александр Ковальчуктің есімін көбірек атайтын. Ленинград орман[1]техникалық академиясын бітіріп, 900 күнге созылған блокадада қалған қаһарман қаладан Гурьевке эвакуацияланып, күбі[1]жәшік зауытының бас инженері қызметіне келген Александр Николаевичтің тікелей көмегімен Иван Қалмурзин 1960 жылы сол кезде «Отанымыздың жүрегі» саналатын Мәскеудегі Бүкілодақтық орман техникумының сырттай бөліміне оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Самайын қырау шалған профессор ұстазы қызыл дипломды табыстай тұрып, Иванның білімге деген ынтасы мен құштарлығына тәнті болғандықтан:

– Жарқыным-ау, сен тұратын Гурьев облысында орман атымен жоқ қой. Сен немен шұғылданбақсың? — деп сұрапты. Сонда Ивақаң еш тосылмастан:

– Рас, табиғи климаттық жағдайына қарай біздің өңірде орман жағы тапшы, жоқтың қасы. Алайда, мен еліміздің орманды алқаптарынан жеткізілген әртүрлі ағашты өңдеп, одан балық өнімдеріне арнап сан алуан ағаш ыдыстар шығаратын зауытта жұмыс жасаймын ғой. Жалпы қандай мамандықты да пайдаға асыру, кәдеге жарату адамның өзіне байланысты, — деп биязы үн қатқан екен.

Иван Қалмурзин атыраулық жастардың арасынан сол оқу орнын үздік бағамен тәмамдаған алғашқы қазақ жігіті еді. Осыны ескерген шығар, 1963 жылғы шілдеде Гурьев аумақтық балық өнеркәсібі басқармасына жұмысқа шақырылған ол осы мекемеде техникалық нормалаушы, аға инженер, кадр, еңбек және жалақы бөлімінің аға инженері, бөлім бастығы болып абыройлы еңбек етті.

Еңбектен қол үзбей жүріп, кәсіби біліктілігін арттыруды мақсат тұтқан азамат көп ұзамай, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Алматы филиалына емтихансыз қабылданып, оны да жоғары экономикалық біліммен ойдағыдай бітірді. Осыдан соң Иван ағамызға зор сенім білдіріп, «Гурьеврыбпром» өндірістік бірлестігі бас директорының өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары – Гурьев балық-консерв комбинатының директоры лауазымына тағайындалды, бұл қызметті де он жылдан астам уақыт абыроймен атқарды.

Бүкіл Кеңес Одағына аты әйгілі комбинаттың ол кездегі жұмыс үрдісі аса қарқынды еді. Әсіресе, 1974-1981 жылдары балық өндірісі бойынша рекордтық дәрежеден түскен жоқ. Бекіре тұқымдас балықты өңдеп, одан түрлі өнім шығару 100 мың центнер, қара уылдырық өндіру 10 мың центнер болса, балық консервісін шығару жылына 20 миллион шартты бірлікке жетті.

Ерекше құлшыныспен өнімді еңбек етіп, еңбекшілердің жадында мәңгілікке сақталып қалғаны да сол жылдар еді. Балық аулау Жайық бойындағы Жамбыл, Құрманғазы, Амангелді, В.И.Ленин атындағы және «Қызыл балық», «Ракуша» ұжымшарларына жүктеліп, олар ауланған балықты шашау шығармастан сапалы күйінде комбинатқа тапсыратын. Оны дереу қабылдап, өңдейтін комбинаттың 4 мыңға жуық еңбекшісі еді. Уақытпен санаспай жасалған жұмыстың нәтижесінде комбинат үш дүркін «Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы» (1974, 1975, 1979 ж.ж.), КОКП Орталық Комитеті, КСРО Министрлер Кеңесі және БЛКЖО Орталық Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Министрлер Кеңесінің бірлескен қаулысы бойынша 1976 және 1981 жылдары комбинаттың аты Қазақ КСР-ның «Алтын Құрмет Кітабына» жазылды.

Сан салалы өндіріс пен технологияны бақылау және алып кәсіпорынға басшылық жасауда табанды еңбек еткен Иван Тұрғалиұлының ерекше қасиеті – жұмысқа өте ерте келіп, кеш кететін. Оған қоса, нақтылық пен ұқыптылықты жаны сүюші еді. 1987-1988 жылдары В.И.Ленин атындағы «Гурьеврыбпром» өндірістік бірлестігі жоспарлау-экономикалық бөлімі бастығының орынбасары, қайта құру мен жариялылық заманында өндіріс цехтарын шаруашылық есепке негіздеп ұйымдастыру мақсатында ең үлкен өндіріс цехын 1989-1991 жылдары басқарды. Бұл – оның әрдайым өз білімін жетілдіруі мен шыңдауының жемісі. Өйткені, ол Москва облысы Дмитров қаласындағы балық өнеркәсібінің басшы қызметкерлері мен мамандарының білім жетілдіру институтының филиалында, кейін Калининград, Астрахан балық өнеркәсібі және шаруашылығы жоғары техникалық институттарында арнайы курстардан білімін шыңдады.

Сол ізденісіне сай Иван Қалмурзин елдік мүддеге сай қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене қатысатын.

1978 жылы еңбекшілер депутаттары Балықшы аудандық советінің депутаты болып сайланса, 1991-1994 жылдары халық депутаттары Балықшы поселкелік советінің төрағасы, халық депутаттары Балықшы аудандық кеңесінің төрағасы, Балықшы ауданы әкімінің орынбасары, Балықшы кентінің әкімі қызметтерін атқарды.

Ауыр сала еңбекшілерінің жақсы тұрмысын қалыптастыруға ғұмырының 55 жылын арнаған Иван Тұрғалиұлы 1994 жылы аты өзгерсе де, заты өзгермеген «Атыраубалық» аумақтық акционерлік қоғамына қайта оралып, кәсіпорын президентінің тұрмыс-әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті болды. Екі жылдан соң нарықтық қатынастардың қоғамға мейлінше тереңдеп енуіне байланысты ол бас экономист лауазымына ауыстырылды. Арада тағы екі жыл өткенде акционерлік қоғам президентінің кадр және әлеуметтік мәселелер жөніндегі көмекшісі болып істеп, 2011 жылдың желтоқсанында зейнеткерлікке шықты.

Ұзақ жыл комбинатта жұмыс жасағанмен Ивақаң бүкіл Балықшы ауданының әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын жетік біліп, соның оң шешілуіне күш салды. Тіпті, ол аудан тұрғындарының көпшілігін жақсы танып, аты-жөнімен атап, отбасылық жағдайын да тәптіштеп беретіні бар. Балық өнеркәсібінің білгір маманы, өндіріс басшыларының бірі, ақпейіл де жайдары жан ретінде Иван Тұрғалиұлы Жайық пен Қиғаш бойы және маңғыстаулық балық өнеркәсібі еңбекшілеріне ғана емес, бүкілодақтық «Каспрыба» балық өнеркәсібі бірлестігіне қарасты Әзербайжан, Түркіменстан, Дағыстан елдері мен Астрахан облысындағы балықшыларына жақсы таныс, оның үстіне КСРО Балық шаруашылығы министрлігі аппараты қызметкерлерінің арасында да зор беделге ие болды. Олар Иван Тұрғалиұлын жақсы танып, ерекше құрметтеді. Тіпті, Ивақаңды бойына қарап «бір жарым Иван» (Полтора Иван) деп атайтын. Әзілге бұра айтылса да, бұл әрине халқының ұлына деген зор құрметі-тұғын.

Өндіріс білгірлері, балық өнеркәсібінің танымал басшылары Ғалымжан Еламанов, Мұхит Машқалиев, Құмар Жүнісов, Елеусін Жазықбаев, Мағлұм Әшенов, Александр Ковальчук, Степан Милешин, Ысқақ Өтеғалиев, Анатолий Глухов, Қауыс Нұрқабаев, Қайыржан Әлиевтерден Иван Тұрғалиұлы еңбекті ұйымдастырудың қыр-сырын үйренді, білмегенін сұрап отырды. Ауыр саладағы ерен еңбегі үшін Иван Қалмурзин «Ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» және «Еңбек ардагері» медальдарымен, басқа да көптеген марапаттармен наградталды.

Осыншама бай да ұлағатты еңбек жолынан өткен Иван Тұрғалиұлы қиын шақты да бастан кешті. 1985 жылы жан жары Зоя Темірәліқызы мезгілсіз дүниеден өткенде, ұжымда білікті басшы ретінде танылған азамат отбасында парасатты отағасы ғана емес, ұл-қызына мейірім-шуағын төгіп, анасының орнын да жоқтатпады. Дәм-тұзы жарасып, кейін Ләйлә Тоқтарқызымен шаңырақ құрды. Бүгінде Иван Тұрғалиұлының жоғары білімді екі ұл, төрт қызы түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр.

Әрине, бұл бір адамды мадақтау емес. Адал да абыройлы еңбегімен есімі таныс, саналы ғұмырын өлкеде балық өнеркәсібін өркендетуге арнаған айтулы азамат, ел ағасы, өмірлік өнегесі, биік адами болмысымен, бай тәжірибесімен кейінгі толқынның тәлімгері танылған Иван Тұрғалиұлындай майталман маман, білікті басшы, шебер ұйымдастырушылар әр салада бар. Тек бүгінде соларды ұлығылап, елге жасаған өнеге-үлгісін насихаттау кемшін.

Бейілхан ОРАЗАЛИН,

балық өнеркәсібінің ардагері

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button