Жарнама
Экономика

ТАБЫСҚА ДАҒДАРЫС ТА ТОСҚАУЫЛ ЕМЕС

 

Бөлшек сауда айналымындағы бедерлі іс

Ағымдағы жылдың тоғыз айында бөлшек сауда айналымының көлемі 134837,4 млн. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден үш пайызға жуық өскен. Соның ішінде, жекеменшік нысанындағы кәсіпорындар өндірген тауарларды сату мен жеке кәсіпкерлік субъектілері арқылы жүзеге асырылған сауда-саттықтан құралған табыс көлемі 92,5%-ға теңгерілген.

Есепті мерзімде, облыстағы көтерме сауда айналымының көлемі де былтырғыдан 3 %-ға артқан. Мұнда да қол жеткен тауар айналымының 94,7%-ы мемлекеттік емес сектордың еншісінде екендігі белгілі болды. Ал, қоғамдық тамақтандыру қызметінің көлемі 0,8%-ға кеміген.

Жалпы алғанда, қаңтар-қыркүйек айларында аймақтағы бөлшек сауда айналымының өсімі Жылыой, Мақат және Құрманғазы аудандарында (4,5-4-3,9% аралығында) байқалған.

Құрылыс қарқыны қандай?

Қамтылып отырған кезеңде, облыста құрылыс жұмыстарына жалпы сомасы 18 млрд. теңге инвестиция бағытталып, былтырғы тоғыз айдағыдан 7,7%-ға кеміген. Осы мезгілде барлық меншік нысанындағы кәсіпорын-ұйымдардың және жекелеген тұрғындардың қатысуымен жалпы ауданы 357 мың шаршы метрді құрайтын 2813 пәтер салынып, көрсеткіш 6,3%-ға артқан.

Айрықшалап айтарымыз, есепті мерзімде облыс орталығынан бастап барлық аудандарда (Мақаттан басқасында) дерлік тұрғызылып, пайдалануға берілген баспаналар көлемі көбейе түскен. Соның ішінде, ең жоғары межені Исатай мен Махамбет аудандары (58,4-58%) бағындырса, одан кейінгі кезекте Атырау қаласы мен Индер, Құрманғазы, Жылыой аудандары тұр. Бой көтерген тұрғын жайлардың пайдалануға берілуі жөнінен Атырау қаласы, сонымен бірге Жылыой, Махамбет аудандары алдан көрінген.

Тұрғын үй құрылысын негізгі қаржыландыру көздері де жекеменшік нысанындағы кәсіпкерлік субъектілері мен жекелеген тұрғындар болып табылады. Нақтыласақ, олардың үлес салмағы 83,8%-ға дейін көтерілген. Бағасына келсек, көппәтерлі үйлердегі бір шаршы метр тұрғын алаңның құны 115,7 мың теңгені, жеке секторда 48,6 мың теңгені құрап, былтырғыдан біраз өскен.

Кәсіпкерлік қанат жайды

Қамтылып отырған кезеңде облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 48846 (оның 6050-і заңды тұлғалар, 41109-ы жеке кәсіпкерлер және 1687-сі шаруа қожалықтары) бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден 0,1%-ға ұлғайған. Соған байланысты, бизнес құрылымдарында қызмет істейтін адамдардың қатары да барынша көбейген.

Осылардың арасынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі Атырау қаласында (65,6%), Жылыой (12,7%) мен Құрманғазы (11,3%) аудандарында шоғырланған. Сондай-ақ, нақты жұмыс жасайтын шаруа қожалықтарының көбі де осы Құрманғазы, сонымен қатар, Махамбет пен Исатайдың аудандарының үлесіне тиеді екен.

Тек үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында ғана шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жалпы көлемі 286,1 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, былтырғы алты айлықтағыдан 11,5%-ға, жұмысқа тартылғандар қатары 9,7%-ға артқан.

Бағаларда тұрақтану байқалды

Тағы бір дерек, тамыз айымен салыстыра қарағанда қыркүйекте инфляция деңгейі 1,8%-ға тұрақтаған. Осылайша, экономиканың жетекші салалары саналатын өнеркәсіп өнімдерінің бағалары 2, құрылыста – 0,9 және ауыл шаруашылығында 1,3%-ға азайған.

Сол сияқты, транспорттың барлық түрлерімен жүк тасымалдау тарифтерінің құны 14,1%-ға жоғарыласа, байланыс қызметтерінің нарқы 0,2%-ға төмендеген. Тұтастай алғанда, осы кезеңде тұтыну бағаларының біртіндеп болса да тұрақтана бастағандығы байқалған.

Дайындаған Д. ЛАТИФҰЛЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button