Жарнама
Экономика

Табиғаттың байлығы — табыстың көзі

Атырау – «қара алтынымен» ғана емес, «су маржанымен» де бай өлке. Бүгінгі таңда өңірде балық шаруашылығы да өркендеп келеді.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, көктемгі маусымда облыста 620 тоннадан астам балық ауланған. Барлығы 384 тонна тауарлы балық өсіріліп, 1 120 келі қара уылдырық өндірілген. Тұтастай алғанда, жарты жылда 6 500 тонна «су маржаны» ау қоржынына ілігіп, ауланған балықтың 2 800 тоннасы экспортталды.

– Қазір кәсіпшілік балық аулаумен облыста 18 табиғат пайдаланушы субъект шұғылданады. Бұл мақсатқа барлығы 31 учаске (тартым) бекітілген. Қосымша 27 учаске резервке қойылған. 2023 жылдан бері өңірде үш балық өсірумен айналысатын кәсіпорын пайдалануға берілді. Соған байланысты жаңа жұмыс орындары құрылды. Одан бөлек, тауарлы балық өсіру және балық өңдеу зауытын жаңғырту жөнінде 8 жобаны жүзеге асыру (мерзімі – 2028 жылға дейін) жоспарланды, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Сәрсенғали.

Бүгінде саладағы шаруашылық субъектілері арасында «Амангелді» ЖШС кәсіпшілік балық аулау бойынша ірі кәсіпорындардың бірінен саналады. Осылайша, ол Каспий теңізі, Жайық және Қиғаш өзендері аумағында өндірілетін балық өнімдерінің түрлері бойынша көш бастап келеді. Серіктестік тәулігіне 150 тонна «су маржанын» өңдеп, маусым кезінде 1 500 адамға дейін жұмысқа тартуға қауқарлы.

Білгеніміздей, «Амангелді» ЖШС жыл басынан бері өңделген өнімнің 241 тоннасын экспортқа, 90 тоннаға жуығын ішкі нарыққа шығарған. Кәсіпорынның балық қабылдайтын екі үлкен айлағы, балықты өңдеп, өнім шығаратын бір зауыты мен екі цехы, сондай-ақ 20 шағын кемесі мен 6 теплоходы бар.

Бұдан басқа, Атырау аймағында балық өндірісінің толық циклын қамтамасыз ететін «Абылай хан» ЖШС-нің зауыты жұмыс жасайды. Мұнда балықты аулаудан басталатын барлық жұмыстар жүзеге асырылады, жылына 3 000 тоннаға дейін өңделген балық өнімдері өндіріледі. Сумен жабдықтаудың тұйықталған жүйесінде жұмыс жасайтын, толық циклды қамтамасыз ететін «А-Дана» кешенінде жылына 80 тоннаға дейін теңіз сибасы мен 15 млн-ға дейін бекіре тұқымдас балықтың шабағын өсіріп шығару жоспарланған.

Болашақтағы жоспарларға келсек, ең алдымен Шортанбай балық зауытының жаңғыртылуын айтуға болар еді. Осы жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, кәсіпорынның өндірістік қуаты 10 мың тоннаға дейін артады. Яғни, зауытта жылына осынша балық өңделіп, 5 мың тонна дайын өнім, 5 млн дана құтыдағы балық шығарылатын болады. Бұған қоса, балық шаруашылығы үшін азық (жем) өндіретін зауыт іске қосылады, – деп толықтырды сөзін салалық басқарманың өкілі.

Мұның бәрі тауар айналымын тұрақты дамытып, қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге қарай жасалған батыл қадам, түбегейлі бетбұрыс болып саналады.

Сарапшы мамандардың пайымдауынша, саладағы айрықша басымдық берілген бағыттың бірі – оның экологиялық құрамдас бөлігі болып табылады. Балық аулау үрдісін бақылау, балық қорын қорғау мен молайту, қоршаған ортаны – табиғатты аялау – кәсіпшілік балық шаруашылығын тұрақтандырудың кепілі. Сол себепті де аналық балықтардың уылдырық шашуы мен су айдындарында мұз қатуы кезінде балық аулауға уақытша тыйым салынады.

Түйіндеп айтқанда, балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған өңірлік жоспарына сәйкес, қамтылып отырған кезеңде тауарлы балық өндірісін, өңдеу, тұтыну және экспорт көлемін көбейту көзделген.

Бекіре тұқымдас балықтарды көбейте отырып, саланың өндірістік әлеуетін көтеруге бағытталған сумен жабдықтаудың жаңа технологиялары, азық шығаратын фабрикалар мен өңдеудің жоғары стандарттары – осы сектордың ғана емес, тұтастай өңір экономикасы деңгейін арттырып, қуатын нығайтуға септеседі сөзсіз.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button