Жарнама
Экономика

ШӘКІРТАҚЫ ТӨЛЕУ БАҒДАРЛАМАСЫ

 

Кәсіпорын аталмыш оқу орнының 1-курсының бес студентіне  шәкіртақыны осы бағдарлама бойынша төлемек. Олар  «Мұнай-газ кен алаңдарын пайдалану» мамандығы бойынша оқуға түскен аз қамтылған және көп балалы  отбасыларының балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері. Оларға қойылған басты талап – «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнына түсерде жоғары балл жинау және жақсы үлгерім болатын.

Мамандарды басқару және дамыту департаментінің директоры Г.Шарафетдинованың айтуынша, мұнай компаниясы әлемдік «қара алтын» бағасының құлдырауына орай туындаған ел экономикасындағы қиындықтарға қарамастан,  мұнай-газ саласын  білікті мамандармен  қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.

—  Компания үшін өз қызметкерлерінің заман талабына сай білім алып қана қоймай, олардың теория мен тәжірибені қатар  алып жүруіне мүмкіндік жасау – басты ұстаным. Осы орайда, қазақстандық кадрларды дайындауға жыл сайын өз бюджетінен қомақты қаражат бөліп отыр, — дейді компания өкілі.

 «Ембімұнайгаз» АҚ оқу жылының соңына дейін студенттердің оқу ақысын төлеумен қатар, оларға  бір айлық жалақы деңгейінде шәкіртақы тағайындады.  Сонымен бірге, болашақ мұнайшылар кәсіпорынның өндірістік базасында тәжірибеден  өтеді. Аталмыш бағдарлама соңында стипендия иелері бос тұрған орындарға жұмысқа орналасады.

— Мұнай-газ саласында еңбек ету менің арманым. Бұл орайда әлемдік деңгейде техникалық білім алуыма осы акционерлік қоғам қол ұшын созып отыр. Сол үшін де компания басшылығына шексіз ризамын, — дейді шәкіртақы иесі, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Виктория Осипова.

Үстіміздегі жылдың 24 тамызында «Ембімұнайгаз» АҚ «Дуальдық  оқу жүйесін енгізу» пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Оған «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының 3-курсында оқитын 5, Қазақ-Британ техникалық университетінің 3-курсының 20 және Атырау мұнай және газ институтының 3-4 курстарында оқитын 35 студент қатысып отыр.

Әріптестік бағдарламасы аясында «ЕМГ» АҚ «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының оқу базасын мұнай-газ жабдықтарымен қамтамасыз етеді.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button