АЛҒАШҚЫ СЫНАМА

Бұдан 34 жыл бұрын Теңіз кеніші ашылды

1979 жылдың желтоқсан айының сол бір қарасуық, ызғырықты күні Жанұзақтың жадында ұзақ сақталып қалған. Содан тура бір күн бұрын «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты Орталық ғылыми-зерттеу зертханасының өзі жұмыс жасайтын Гидродинамикалық зерттеу бөлімінің бастығы Қаукенов Ғазиз бір топ қызметкерлерді жұмыс бөлмесіне жинаған. Шақырылғандар түгелдей келді-ау деген шамада қолындағы қаламсабын саусақтарымен әрлі-берлі ойнақшытып отырған үнсіз қалпы қос жанарымен «бәрің жиналдыңдар ма» дегендей оларды бір шолып өтті. Сосын жөткерініп алды да:

– Түскі үзіліс кезінде үйлеріңе барып ескертерсіңдер, бүгін түсқайта Прорваға, Сарықамысқа жүреміз. Әрқайсыңыз өздеріңізге тиесілі жабдықтарыңызды ала жүрулеріңіз керек, ешнәрсені ұмыт қалдырмаңыздар. Керек-жарақтарыңызды дәл қазір менен шыққан бойда дайындаңыздар да, үйлеріңе жүре беріңдер, сағат тура 14.30-да жүруге дайын болыңыздар,– деді. Содан соң енді боссыңдар дегендей, оң жағына қарай сәл бұрылған қалпы жұмыс столының шетіндегі екі телефонның өз жағына жақындауының тұтқасына қолын соза берді. Бұлар топырлап тысқа бет алды. Осы сәт арт жақтан бастықтың:
– Айтпақшы, Жанұзақ, монометрлерді алуды ұмытпассың,– деген үні естілді. Бұл кідіріп, бұрылуға ретін таба алмады, өйткені, шақырылғандардың алды болып есікті өзі ашып дәлізге өтіп бара жатқан, амалсыздан сол кетіп бара жатқан қалпы:
– Жақсы, жақсы, – деп жауап қатты.
Сарықамыс – Прорва мұнай-газ өндіру басқармасының мұнайшылары мен ұңғыларды күрделі жөндеу мекемесі жөндеушілерінің және кейбір бұрғылау ұйымдары қызметкерлерінің мекеніне айналған, жеті жүзге жуық отбасы тұратын үлкен жұмысшылар кенті-тұғын.
Олар облыс орталығынан
төрт жүз шақырымдай шалғайдағы осы жұмысшылар кентіне көшпелі зертхана жабдықталған арнаулы ГАЗ-66 автокөлігімен кештетіп жетті. «Кештетіп жетті» деп айтуға жеңіл болар, аудан орталығы Құлсары кентінен кейінгі бір жүз елу шақырымға созылған даланың айдау жолы оларды шаршатып тастағандай еді. Қайта қыстың кезі, ал, жаздың аптабы мен көктемгі-күзгі лайсаң кез болса-шы, онда олардың әбден сілікпесі шығар еді-ау. Жолшыбай байқағаны, бұрын күндіз келіп-кетіп жүргенде көп елемейді екен, енді аңғарғаны – Сарықамысқа қырық-елу шақырымдай қалғанда қыстың қамшының сабындай қысқа күні ұясына қонғаннан кейін-ақ әр жер-әр жерден бұрғылау мұнараларының жарық шамдары самаладай жарқырап, құдды осынау аймақта жер жұлдыздары самсап тұрғандай әсер қалдырған. Осынау көрініске ерекше зейін қоя, қызыға қараған жоғары оқу орнын бітіріп еңбекке араласқанына тек бір жылдай ғана болған жиырма үш жастағы Жанұзақ дәл сол сәтте дәл сол өңірдің дәл сол күні жұлдызды сәті туғанын, ал, кейінірек әлемге Теңіз деген атымен мәлім болар осы кеніште арада тоғыз жыл өткенде өзінің тікелей жұмыс жасайтынын, сөйтіп бұдан былайғы ғұмырының тура осы өңірмен байланысты боларын білген де, сезген де жоқ еді. Ал, манағы бұрғылау мұнараларының шамдары жарқыраған жерде сол күні мұнай бұрқағы атқылағанын ол тек сол күні түнде естіген.
Өздері орналасқан кәдімгі
тұрғын үй ретінде салынған қонақ үйінің шағын асханасынан кешкі астарын ішіп, ауқаттанып алғаннан кейін(шамасы алдын ала хабарлап қойған болуы керек, кешкі ас бұлар келгенде дайын тұрды) олар жатар бөлмелеріне қайта жиналды. Сағат кешкі он жарымдардың кезі желтоқсанда қараңғылық ерте қоюланатын кез. Жолсоқты болып келген жігіттер ертерек жатып демалғанды жөн көріп жатуға жинақталғандары сол еді, бірлестіктің бас директоры келгенде орналасатын көрші бөлмеден телефонның шыр-шыр етіп безек қаққан үні бебеу қағып бергені. Есігі ашық тұрған бөлменің шамын жағып Ғазиз телефон тұтқасын көтерді. Арғы жақтағылар кім екенін сұраған болуы керек Ғазиз өзінің аты-жөні мен қызмет лауазымын айтты да сәл тыныстады. Сәлден кейін:
– Ассалаумағалейкүм, Бөлекбай Сағынғалиевич! Иә, Ғазиз Қаукеновпін, – деп қайтадан үн қатты да тағы тынышталып, тыңдауға көшті. Әлден уақытта барып: – Біздер дайынбыз, Бөлекбай Сағынғалиевич, Таяу күндері мұнай беріп қалуы мүмкін деген тапсырма берілгесін алдын ала келе берейік деп жеткеніміз осы қазір ғана. Таңертең сол жерде боламыз. Сау болыңыз! – деп телефон тұтқасын орнына қойған бастықтары кері бұрылып есіктен ішке енерін де енбесін де білмей босағада ошарылып тұрған бұларды көріп аңтарылып қалды. Мұнай бұрқағы жайлы әңгімені естіген бұлар орындарынан өре тұрып бәрі Ғазиз телефонмен сөйлесіп жатқан бөлменің есігіне ентелей жеткенімен, ішке енуге именіп босағада тұрып қалған. Бірер сәттік үнсіздіктен кейін Ғазиз үстінен бір үлкен жүк түскендей «уҺ» деп бір тыныстап алды, сол-ақ екен жүзі шырайланып, көздері күлімсіреп:
– Жігіттер, сүйінші! Бүгін №1 бұрғылау қондырғысы мұнай бұрқағын беріпті. Бөлекбай Сағынғалиевичтың өзі тікелей тапсырма беріп отыр, ертең ертелетіп сол жерде болуымыз керек. Тікұшақпен бірлестіктің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиевтің өзі және Мұнай министрлігінің осындағы өкілдері бастаған басшылар мен мамандар тобы келмекші. Сондықтан да қазір кешікпей жатып, ертелетіп тұрып жүріп кетелік, – деді де бұларға қарай беттеді. Жігіттер болса, «бұрқақтың қуаты қандай екен», «қай кезде беріпті» дегендей жамыраса сұрақтар бере бастады.
– Ол жағын тәптіштеп сұрамадым, бас директор «өте қуатты бұрқақ» деп басыңқырап айтты ғой, осал болмас, – деді Ғазиз өздері жататын бөлмеге еніп жатып.
Басқа серіктерін қайдам, Жанұзақ өзі «жастыққа басым тисе «құр» ете түсермін» деп ойлаған. Олай болмады. Әр нәрсе есіне түсіп, біразға дейін дөңбекшіп ұйықтай алмады. Мектепте оқып жүргенде мұнайшы боламын деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген жай еді-ау. Тіпті, бұл ғана емес, оның туып-өскен әрі темір жол стансасы, әрі ірі кеңшар орталығы саналатын Сағыз елді мекеніндегі екі орта мектепті жыл сайынғы бітірушілер арасында бұған дейінгілер мен онымен қатарластар арасында мұнайшы болғандар ілеуде біреу болар шамасы. Мектеп түлектерінің басымы жақын жердегі Ақтөбе қаласындағы медицина және педагогика институты мен Атыраудағы педагогика институтына және ауыл шаруашылығы техникумына, әрі кетсе Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы, Халық шаруашылығы, Зооветеринарлық, Медицина, Энергетика, Физкультура институттары мен Мемлекеттік университетке құжаттарын тапсыратын. Өткендері оқып кететін де, өтпегендері ауылға келіп не кеңшарға, не темір жолға жұмысқа тұратын. Отбасындағылар арасында да мұнайшылар жоқ-тұғын. Әкесі Қуаныш Орынбордың педагогика институтын бітірген. Сол жоғары оқу орнынан алған жолдамасымен осы Сағыздағы мектепке мұғалім болып келді де тұрақтап қалған. Өзінің алдындағы екі апасы Тәрбие мен Зейнеп жоғары білімді математиктер еді. Тек бір қуанышты оқиға ғана оның мамандық таңдауында күрт өзгеріс жасатты. Атырау қаласындағы КазНИГРИ(Қазақтың геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты) деп аталатын іргелі ғылыми мекемеде жұмыс жасайтын жездесі(тіпті, жоғары оқу орнынан алған мамандығы бойынша ол да математик болатын) Дініш Диаров бұл орта мектеп бітірерден бірер айдай бұрын Мәскеуден Мұнай кеніштерін игеру тақырыбындағы ғылыми диссертациясын сәтті қорғап, ғылым кандидаты атанып қайтқан. Міне, тап осы жай оны мұнай кеніштерін игерушілікке жетелеген-тұғын.
Содан Алматыдағы поли
техникалық институтының мұнай кеніштерін игеру факультетіне құжаттарын тапсырған. Қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, студент атанды. Сөйткен, жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп, жолдамамен Ембі мұнай бірлестігінің орталық ғылыми-зерттеу зертханасында жұмыс жасап жатқанына жыл жарымдай уақыт болып қалған екен. Енді, міне, үлкен мұнай көзі ашылып жатыр, соның куәгері болмақшы. Куәгері ғана емес, алғашқы сынама алу жұмыстарына тікелей араласпақшы. Жас кадрдың пешенесіне бұйырған мұндай мүмкіндікке кәнігі мамандардың сене қалуы неғайбыл… Кірпіктері бірте-бірте бір-бірімен жақындасып, ақыры айқасып, ол маужыраған қалпы ұйқы құшағына ене берді…
…Дабыр-дұбыр дауыстардан оянғанымен, қапелімде қайда жатқанын біле алмай абдырап, ұйқылы-ояу қалпында әп дегенде өзіне-өзі келе алмады. Сәлден кейін барып Сарықамыстағы қонақ үйінде жатқанын есіне түсірді. Жол соқты болды деген осы екен-ау деп өзінше түйін түйді. Аз-кем керіліп-созылып алды да орнынан тұрып киіне бастады. Содан соң жан-жағына көз салып, өзінің аға жұмыстастарымен амандасты. Жуынып, ауқаттанып алғаннан кейін олар өздерінің жылжымалы зертханаларымен тағы да жолға шықты.
№1 бұрғылау қондырғысы тұрған жер Сарықамыстан едәуір қашықта екен. Жылжымалы зертхана біраз жерді шиырлады шамасы. Ақыры келіп жеттік дегендей тоқтай қалды да, жүргізуші әдетінше акселераторды екі-үш рет басып, аж-аж еткізіп барып көліктің үнін өшірді.
Бұлардан бұрын да келген
дер бар екен. Әр жер-әр жерде топ-топ болып әңгіме-дүкен құрған. Бәрі де көңілді. Бұлар да топтарын бұзбастан бәрімен жағалай амандасып шықты да шеткі топпен араласып тұра қалды. Сөйтті де өзге әріптестері секілді Жанұзақ та төңірекке көз жүгіртіп, айналаны шола бастады. Биік бұрғылау мұнарасының желден ықтасын арғы жақ тұсында алдын ала дайындалған амбар мұнайға толыпты. Амбар арнайы алабажалақ арқанмен қоршалған. Сәлден кейін тып-тыныш ұйып тұрған аспан аясын дарылдаған үнімен бұзып-жарған тікұшақ та көрінді. Аулақтағы бұрыннан белгілі қону-ұшу алаңына қарай бірте-бірте төмендей бастады. Осы сәт үш-төрт УАЗ-469 көлігі сол тұсқа қарай жақындай берді. Тікұшақтың құлақ жарған үні тыншып, қаңғалақтары тоқтар-тоқтамаста әлгі УАЗ-дардан түскен үшеу алып инеліктің есігіне қарай ұмтылды. Есік ашылысымен әуелі ұшқыштың қарасы көрінді, содан кейін барып біртіндеп іштегілер сатымен абайлап түсе бастады. Қарсылағандар мен келгендер дабырлап, амандасып, бір-бірін құттықтап жатты. Сәлден кейін барып көлікке мініп бұлар тұрған тұсқа қарай бағыттады. Бөлек-бөлек шоғырланған топтар енді жинақтала бастады.
Бірлестіктің бас директоры
Бөлекбай Сағынғалиев, бас геологы Салтанат Балғымбаев және басқалары бұлармен қол алысып амандасып, қуанышты жаймен құттықтады. Ғазиз сәл үзілісті пайдаланып «сынама алуға бола ма» деп сұрап еді, бірнеше дауыс қатарыласа: «Өле алмай жүрсіңдер ме, мұнай құрамында күкіртті сутегі көп қой» деп басып тастады. Бірақ бастығы бәрібір көпке бармады, бұның құлағына еңкейіп: «амалын тауып, бірдеңе етіп бір-екі шиша мұнай құйып алшы» деді.
– Қалбыр тапсаң ұзындау сым тап та соған байла. Сосын аларсың, көп еңкейме,– деп тағы ескерту жасады сыбырлап. – Абайла! Сақ болғайсың!
Еттен босаған қалбыр құты да, сым да көп іздетпей табылды. Бастығы айтқандай оңашаланып, құралын мұқият дайындап алған ол қалың топ басшылардың әңгімесін тыңдап жатқанда тездетіп амбардың жел жақ тұсынан келіп өзімен бірге алып келген екі шишаны мұнайға толтырып алды. Қашықта тұрғанда байқамаған екен, амбар басында сезгені – жел жақ тұста тұрғанына қарамастан шіріген жұмыртқаның исі мұрнын жарып, тұншықтырып бара жатты. Тездетіп қалбырды тастады да екі шишаны екі қолына ұстаған күйі өздерінің жылжымалы зертханасына қарай жүгіре жөнелді. Келе сала жалма-жан сөмкесінен «жолда не қонақ үйде оқырмын» деп ала шыққан газеттерді шығарып, шетінен жыртып, тығын жасап, шишалардың ауздарын бітеп, арнайы шыны ыдыстарға арналған орынға орналастырды. Сосын тысқа шығып тереңірек қайта-қайта дем алып алды да жиналғандарға келіп қосылды.
Бұл жолы қондырғы басында сынақ жұмыстарын жүргізудің сәті түспеді. Өйткені, аса жоғары қысым, мұнай құрамындағы көп мөлшердегі күкіртті сутегінің болуы әдеттегіде атқара беретін жұмыстарын жасауға мүмкіндік бермеген. Басшылардың ұйғарымы солай болды. Ал, алғашқы сынақ мұнда екі жылдан кейін шетелдерден арнайы жабдықтар алдырылып, қондырылған соң барып басталған. Дегенмен, сол күні олар әлгі екі шиша Теңіз мұнайын Атырауға он сағаттың үстінде жүріп жеткізді. Қанша дегенмен, қағаз тығын күкіртті сутегінің исін ұстап тұра алмайды екен, амал жоқ, сәт сайын тоқтап, тысқа шығып тыныстап алумен болды бұлар. Сөйтіп жеткізген мұнайларын зерттеуден өткізгенде көздерінің жеткені, мұнай аса сапалы, жеңіл болып шықты. Ал, құрамындағы күкірт мөлшерін анықтау үшін басқа арнайы ыдысқа құйылған сол қос шишадағы Теңіз мұнайы Мәскеудегі ірі ғылыми-зерттеу институтына жөнелтілді.
Арада екі жыл өткенде шілде айында Жанұзақ Теңізге тағы жол тартты. Бұл жолы ол №1 ұңғы басына орнатылған төрт сатылы сеператорда үш ай бойы сынақ жұмыстарын жүргізуге қатысты. Ал, 1988 жылдан бастап Теңіз мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа орналасып, өз тағдырын осынау алып кенішпен біржолата байланыстырды.
Қазір «Теңізшевройл» ЖШС-нің ТШО кеніштерін нормативтік-құқықтық жағынан қамтамасыз ету жөніндегі бөлімнің менеджері болып жұмыс жасайтын Жанұзақ Оразов осылайша Теңіз мұнайының алғашқы сынамасын алуға тікелей атсалысқан еді…

Төлеген БЕРІШБАЙ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз