АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ

«Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан, бүгінгі фермерлер тек уақытша, әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерге малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Аграрлық сектор – халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін маңызды сала. Біздің облысымызда ауыл шаруашылығын дамытуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан, әлем нарығында да бәсекелестікке қабілетті агроөнеркәсіп секторын дамытуға толықтай мүмкіндіктер бар. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу жөнінде айтылған.

 

2011 жылдан бастап біздің басқарма «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша бюджеттен несие берудің әкімгері ретінде ауылдағы бизнесті дамытуға үлес қосып келеді. 2011 жылы «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы сегіз несие серіктестігіндегі 104  жеке тұлғаға 212  миллион теңге бердік. 2012 жылы 23 несие серіктестігіндегі 294 жеке тұлғаға 679 миллион теңге бөлінсе, 2013 жылы 53 несие серіктестігіндегі 611 жеке тұлға 1 миллиард  543 миллион теңге несиемен қамтылды. Былтырдан бастап  «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламасы бойынша да төменгі пайызбен несиеге сиыр, жылқы және қой берілді.

Ауылдық жерде несие алып, егін егуге, жылыжай, наубайхана салуға, тауық өсіруге, шаштараз салонын ашуға мүмкіндік бар. Бірақ, мемлекет берген ақшалар өз мерзімінде кері қайтарылуы тиіс. Судың да сұрауы бар. Сонымен қатар, ауылдағы ағайын ауласына шағындау етіп жылыжай салса, өз отбасын маусымдық мерзімде пісетін көкөніспен қамтамасыз ете алады.

Бір кездері Құрманғазы ауданы, Котяев ауылындағы балық өңдейтін цехта қытайлықтар монтаждау жұмыстарын жүргізген болатын. Ауылда сиырдың тезегі жатпай ма?  Қытайлар көзіне көрінген тезекті жинап қояды екен. Сол ауылдың балалары келіп, оны шашып кететін болса керек. Қытайлардың әлденеге көңілі толмай жүретінін байқағандар аудармашылар арқылы себебін сұрайды. Сонда қытайлар «бұдан қалай байимыз, мына әр жапаны бір дорбаға салсаң, әрқайсысы бір доллар ғой» депті. Олар ауылдағы кеуіп қалған теректі саусағымен көрсетіп: «Мына теректі кесіп, қаншама тісшұқығыш жасауға болар еді. Сол тісшұқығышпен бірнеше мейрамхананы қамтамасыз етер едік. Ол ақша емес пе?» дейді екен.  Олардың сөзінің жаны бар. Ал, біз бұл туралы ойлана бермейміз.

Қытайда диханшылық кәсібі жақсы дамыған.  Біз егінді шегірткеден қызғыштай қорып, қырып-жойып жатсақ, олар сол шегірткені тамақ қылады. Біз сол шегірткені өлтіргенше, жинап алып, тауыққа, балыққа неге жем қылмаймыз?

Ең мықты валюта – аграрлық өнімнің валютасы. Бұл саланың өнімі әрқашан өз маңызын жоймайды.

Серік СӘРСЕКЕНОВ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз