ҚАЗІР САҒЫЗ СЕЛОСЫНЫҢ КӘСІПКЕРІ ЕКІ-ҮШ ЖЫЛ ТЕР ТӨГІП САЛҒАН БИЗНЕС НЫСАНЫН ІСКЕ ҚОСА АЛМАЙ ЖҮР. «АҚТӨБЕ – АТЫРАУ – АСТРАХАН» КҮРЕ ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛҒАЛЫ ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ НЫСАННЫҢ ТЫНЫСЫ КЕҢИДІ ДЕП КҮТІЛГЕН ЕДІ. АТАЛҒАН АВТОМАГИСТРАЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ШАҚЫРЫМДАРЫ АЯҚТАЛҒАН СОҢ, АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІ ШАЙХАНА МЕН ҚОНАҚ ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН ЖАППАЙ ҚОЛҒА АЛҒАН ЕДІ. АЛАЙДА, ЖОЛАУШЫҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ЕКІНІҢ БІРІНЕ БҰЙЫРМАЙТЫН БАҚ БОЛЫП ШЫҚТЫ.
Мамандар мұның себебін «халықаралық маңызы бар автомагистралдың кез келген жеріне тоқтап, жолдан бұрылып түсуге болмайды» деп түсіндірген. Енді стандарттарға сай келмейтін жол бойындағы кейбір нысандар бұзылуы мүмкін. Ақтөбе облысымен шекарада орналасқан Сағыз ауылы тоғыз жолдың торабында тұр. Бұл арадан Атыраудың ондаған елді мекенін басып өтіп, облыс орталығы арқылы Ресейге шығуға болады. Осы жерден солтүстікке бұрылсаңыз, Миялы селосы арқылы Индер, Махамбет аудандарына, тіпті Орал бағытына да оңай шыға аласыз. Содан ба, күре жолда көлік ағыны күні-түні толассыз ағылады. Ал, осынша жүргіншіге ас ішіп, демалатын орын әбден керек. Табыс көзін тамыршыдай тап баса білген сағыздық кәсіпкер Мұрат Көптілеуов 2020 жылы асханасы, демалатын орны бар кешенді қонақ үйдің құрылысын қолға алыпты. Айдалада бой көтерген ғимаратта жолаушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Тіпті, көлік тоқтайтын автотұрақ та бар. Тек сол жерге жету үшін күре жолдан түсетін 80 метр жерге рұқсат ала алмай отыр.
– Кірме жол талапқа сай салынбаса, мына шайханаға рұқсат бермеуге құқылары бар екен. Жол құрылысын жүргізген мердігер компанияның өкілдеріне сөзімді өткізе алмай, қор болдым. Кешен дайын, 15 шілдеден бастап жұмысын бастауға дайынмын. Бірақ, жұмыс істей аламын ба, жоқ па, білмеймін. Сметалық құны бойынша есептесем, 30 миллион теңгенің үстінде қаражатым шықты. Материалдың бағасы да қымбат. Қалған 140-тай ұсақ жандығым бар еді, маусым айында оны да сатып жібердім. Бұл жеке шаруам болғасын барынша сапалы салып, келушілердің көңілінен шығуға тырысып жатырмыз. Енді мына кірме жолдың мәселесін шешпесе, дап-дайын дүниені бұзатын түрі бар. Бұзып тастауы да мүмкін, — деп қынжылады кәсіпкер амалы таусылып.
Мұрат Көптілеуов өз күшімен кірме жолдың табанын дайындап қойыпты. Енді оның бетіне асфальт төсеп, стандартқа келтіру үшін тағы 20 миллион теңге керек екен. Бірақ, бар жиған-тергенін осы бизнеске салған ауыл азаматында ондай қаражат қайдан болсын?! Болғанның өзінде рұқсат тағы керек.
– Аудан әкімдігі тарапынан облыс басшылығы мен «Қазавтожолға» хат жазып, жағдайды баян еттік. Әзірге қолымыздан келгені осы. Себебі, бұл – үлкен шығынды қажет ететін жоба. Жол бойында жанар-жағармай бекеттері мен шайханаларды қосқанда, барлығы 32 нысан бар. Ал, оның барлығына жол салып беруді ешкім жауапкершілігіне алғысы келмейді. Өйткені, асфальт құрылысының шығыны көп. Сосын жол құрылысын жүргізгенде белгіленген жобасы бар. Кезінде кәсіпкерлерге жер телімін бергенде осы жағдай ойластырылмаған. Соның салдарынан енді ондаған нысан бұзылып кетуі де ықтимал. Бізге салса, бизнес нысанына баратын барлық кірме жолды жасатқымыз келеді. Әсіресе, осындай бизнес нысандары көбейсе, кімге зиян?! Жаңа жұмыс орындары ашылып, салық базасы нығаяр еді. Бірақ оған аудандық әкімдіктің құзыреті жүрмей тұр, — деді біз тілдескен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбөпиева.
Автомагистралдың Қызылқоға ауданын басып өтетін бөлігіндегі осындай нысандардың көпшілігінің құрылысы аяқталған. Бірақ, құжаттары дұрыс болмағандықтан, оның қаншасы қиратылатыны белгісіз.
Арыстанбек КЕНЖЕ
Қызылқоға ауданы