СЕРПІЛІС
Рас, мұнайдың табиғи байлық екендігінде ешқандай дау жоқ. Бұл өңірге әлеуетті инвесторлар тартуды арттырды десек те, ел мүддесі үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы айрықша зор. Елдік мүддені ойлайтын мемлекетшіл азамат Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс әкімі лауазымына тағайындалысымен осы мақсатты іске асыруға кірісті. Нақтылай айтқанда, бұған дейін мұнайымен дәулеті тасып, абыройы асқақтаған Атыраудың бұдан былайғы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін өзі қамтитын әлеуетті өңірге айналатындығымен ерекшеленбек. Бұлайша сенімді пікір білдіруімізге дәлел ретінде соңғы үш жылда облыста ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдауға 22 млрд. теңге бөлінгенін айтуға болады.
Әрине, осынша қаржының бағытталуы мұнайлы өңірде өркендеуі кенжелеп қалған ауыл шаруашылығы саласына үлкен серпіліс туғызды. Қазір мұнай-газ өнеркәсібіндегі кәсіпорындарға жұмысқа тұруды қалайтын ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, сөйтіп, Атырауда осы кезге дейін кездеспеген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге талпыныс танытушылар қатары көбейе түсуде. Аталған салада іске қосылған жаңа кәсіпорындар өнімдер шығаруды қолға алды. Бірнеше өндіріс орнының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановпен кездесуде кеңінен әңгімелеп берді. Бас басылым басшысының бұл жолғы сапары Атырау облысында индустрияландыру жобасы аясында іске қосылған өндіріс орындарының жұмысымен жан-жақты танысумен жалғасын тапты.
Жеңіл өнеркәсіптің таптырмас
шикізаты
Ел ішінде жеңіл өнеркәсіптің таптырмас шикізатына пайдаланатын мал жүні өңделмей жатыр. Енді осы олқылықтың орны «Caspiy Lana Atyrau» түйе және қой жүнін өңдеу және тоқыма фабрикасының ашылуымен толтырылғалы отыр. Бір ғана аймақтың емес, әзірге ел көлемінде де теңдесі табыла қоймайтын жаңа жобаны іске асыруға жаңашыл кәсіпкер Әлімжан Балжігітов «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен батыл кірісті. Былтырғы күзде қадасы қағылған аталған жоба жыл аяғына таман іске қосылмақ. Әлімжан Балжігітовтің айтуынша, фабрикада жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүні алғашқы өңдеуден өткізіледі. Тарқатып айтқанда, тазаланып, жуылған жүнді буу мен тарау жұмыстары атқарылады. Мұнда жеңіл өнеркәсіпке қажетті басты шикізат – мал жүні алғашқы өңдеуден өткізілумен шектелмейді. Сонымен бірге, 400 000 метр көрпе мен жамылғы шығару ісі де өркен жайғалы отырған тың жобаға 2 432,0 млн. теңге салыныпты.
– Аудандарды аралағанымда мәслихат депутаттары ауылшаруашылық тауарларын өндіру мен жүн өңдеу мәселесін жиі көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жолдаған еді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша қолға алынды, — дейді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Жобаны іске асырушы Әлімжан Балжігітовтің түсіндіруінше, фабриканың құрылыс-монтаж жұмыстарына жергілікті жерде шығарылған материалдарды кеңінен пайдалану мақсаты алға қойылған. Жүн жуу цехына қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғыларды әкелу үшін қытайлық «QingdaoYuanQuanMachineryCO» компаниясымен, тоқыма цехы үшін жаңа технологияны жеткізуге италиялық VICOTEXSRL компаниясымен келісімшарт жасалыпты. Жеңіл өнеркәсібі қарқынды дамыған шетелдердің білікті мамандары кеңесші ретінде тартылады. Қазірдің өзінде Атырауда бастапқы өңдеуден өткізілетін жүнге Ресей, Қытай және Моңғолия елдерінің қызығушылығы байқалып отыр. Сонымен бірге, Еуропа елдері технологиясымен киім тігуді қолға алу жолдары қарастырылады. Осыған байланысты Франция, Италия және Бельгия секілді елдердің жетекші мамандары кеңес алу аталған жобаның сәтті жұмыс жасауына атсалыспақ. Әрине, мұнда жергілікті 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылатындығын жаңа кәсіпті игеруге оң қадам ретінде бағалауға лайық.
Сан алуан салат және сапалы ет
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ісін қолға алған шаруагердің бірі – Енисей Юн. Бұл жігіттің Махамбет ауданында көкөніс және бақша дақылдарын өсіретін егістік алқабы бар. Жер емген шаруагер енді күнделікті ас мәзірінде дастарқанға жиі қойылатын кәдімгі салаттың сан алуан түрін шығаруды да іске асыра бастады. Әрине, салат түрлері көкөністен дайындалады. Бұрын мұндай салаттар Атырауға көршілес Ресейдегі Астрахань өңірінен тасымалданып келді. Енді қыркүйектен бері өңір тұрғындары «Феликс» шаруа қожалығын басқаратын Енисей Юнның жаңа өндіріс орнында өңделген көкөніс салаттарын тұтына бастады.
Шаруагер жігіт көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорнын іске қосу жобасына өз қалтасынан 125 миллион теңге салыпты. Рас, бұл қаржы жаңа өндіріс орнын ашу үшін аздық еткендіктен, оған «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 700 миллион теңгенің қаржылай қолдауы көрсетіліпті. Сөйтіп, жалпы сомасы 825 миллион теңге салынған жобаға 45 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Ресейлік «Промхолод» кәсіпорнының технологиясымен жабдықталыпты. Мұнда жылына 75 мың құтыға салынатын салат түрлерінің көлемі 53 мың тоннаны құрайды.
Ал «Асыл-Агро» шаруа қожалығының жетекшісі Нұфтолла Құлбасовтың ет өңдеу кәсіпорнын да аталған саладағы тың жоба деуге болады. Өйткені, өңірде тұтынушыларға сапалы ет өнімдерін ұсынатын мұндай кешенді жоба жоққа тән. Аталған жобаның маңыздылығына тоқталар болсақ, мұнда бір жылда сойылатын 57 мың ірі қара халал үрдісімен бауыздалады. Яғни, осындағы сойылатын малды электр тоғымен жансыздандыру мүлде қолға алынбайды. Бауыздалған малдың қаны толықтай ағызылып, еттің сапалы өңделуіне баса мән берілгелі отыр. Сөйтіп, мұнда 5 мың тонна шұжық өнімдерін шығару ісі қолға алынды. Ірі қара етінен 52,8 мың дана темір қалбырдағы бұқтырылған ет шығарылады.
Ешкі сүтінің емдік қасиеті мол
Мұнайы болмаса да мұңаймайтын ауданның бірі – Махамбет. Бұл ауданның тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығы саласымен күн көреді. Ауданның негізгі саласына енгізілген жаңалықтың қатарында ешкі фермасының жұмысы баршаны қызықтырады. Бірнеше шаруашылықтың жұмысын қатар жүргізіп, соның бірі «Сарайшық» шаруа қожалығын ешкі түлігін өсіруге бейімдеген Владимир Розметовтің айтуынша, фермада жылына 180 тонна ешкі сүті өндіріліп, 140 тонна өнім шығарылады. Аталған фермаға алдыңғы жылы шетелден «Заанен» аталатын асыл тұқымды 150 ешкі әкелінген. Шетелдік ешкілер жергілікті ауа райына тез бейімделіпті. Былтырғы көктемде олардан алғашқы төл алынды.
Алғаш алынған төлдің ішінде егіз лақтар көп. Болашақта фермадағы ешкі санын көбейту көзделіп отыр. Мұндағы мақсат – елде ем үшін таптырмайтын ешкі сүтін өндіру. Сөйтіп, өңір тұрғындарына ешкі сүтінен алынған қаймақ пен сүзбе, тіпті, шетелдік жеңсік ас саналатын балқытылған ірімшіктің 4 түрі енді атыраулықтар үшін алыстан емес, іргедегі ауылдан табылғаны қуантады. Қазірдің өзінде осы заманғы озық технологияны меңгерген ешкі шаруашылығының мамандары тұтынушыларға 7 түрлі тағам ұсынып отыр. Және ол өнімдерге жергілікті нарықта үлкен сұраныстың барлығы байқалуда.
Жалпы құны 647,63 миллион теңгені құраған бұл жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның 50 пайызға жуығын кәсіпкер Владимир Розметов өз есебінен жаратыпты. Әмбебап кешенде сүт өндіруден бастап оны өңдеу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы италиялық ең озық технологияға негізделген кешенде 40 түрлі өнім шығару жоспарланған. «Мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі жеңілдіктер ауыл шаруашылығын өркендетемін дегендерге таптырмайтын мүмкіндік», дейді кәсіп иесі В.Розметов.
Шаруашылыққа Махамбет ауданының тұрғындары жұмысқа тартылыпты. Мәселен, Жангелді Тоқов ешкі фермасы ашылғаннан бері жұмыс жасайды. Алғашында шетелден әкелінген ешкілердің жергілікті жерге бейімделуін қадағалады. Ешкілердің жемшөбі мен суының мерзімінде берілуіне және жарақат алмауына да бақылау жасады. Мұнда Жангелдімен бірге, бұрын кітапханашылықтан табыс тапқан зайыбы Гүлбаршын да жұмысқа орналасыпты. Сонан соң ұлы Еркебұлан мұнайшы мамандығын меңгергеніне қарамастан ата-анасына қолғабыс жасау үшін ешкі фермасына жұмысқа келіпті.
– Ешкі сүтінің емдік қасиеті мол. Әсіресе, жас балалар үшін ана сүтімен бірдей. Елдің болашағы үшін баланың саулығы бәрінен қымбат болуы тиіс. Сол себептен осы жобаны іске асыруды көздедік, — деп ешкі фермасының маңызына тоқталып өтті өңір басшысы.
Владимир Розметов жетекшілік ететін шаруа қожалықтары желісін көпсалалы деуге болады. Мұнда көкөністер де, алма мен шие де өсіріледі. Тоғандарда балық та өсіріледі. Табын-табын сиыр мен отар-отар қой өрісті толтырды. Осындай сан алуан шаруаны іске асырып, өңірдің 300-ден астам тұрғынын жұмысқа тартқан Владимир Розметов «Болашақта тауарлы-сүт кешенін, құс фабрикасы мен тауарлы-бекіре фермасын іске қосуды ойластырып жүрмін», дейді. Айтпақшы, шаруасына мығым кәсіпкердің ешкі сүті мен алуан түрлі өнімдерін Мәскеудің сауда орындарына шығару мақсаты да бар.
Өзіңнен артылса, көршімен бөліс
Өңірді азық-түлікпен қамту мақсатындағы жобаның қатарында «Алмалы құс» серіктестігінің құс фабрикасы да мемлекеттік индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында қолға алынып, оған 680,73 млн. теңге құйылған. Оның жартысынан астамын «Жігер» шаруа қожалығы салса, бұған да «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаржылық қолдауын білдірді. Құс фабрикасында жылына 30 млн. дана жұмыртқа өндіріледі. Өткен жылдың желтоқсанында әкелінген балапандар биылғы көктемде жұмыртқа бере бастады. Директор Виктор Пацтың айтуынша, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикаларының кірісі өзге салаларға қарағанда ертерек көріне бастайды.
Шаруашылықтың 4 кезеңге даму жоспары бар. Бірінші кезеңде мұнда 30 миллион тауық жұмыртқасын өндіру көзделсе, екінші кезеңде бұл көрсеткіш 60 миллион данаға жетеді. Қазіргі таңда облыста тап осындай екі құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Олардың жылдық өнімі 100 млн. дана жұмыртқадан асатын болады. Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Атырау облысының қажеттілігі 80-82 млн. жұмыртқа болатын. Сондықтан артылғанын біз көрші облыстарға жібереміз. Жергілікті жердің өнім бағасының тұрақтануына да оң әсер етіп отыр. Өндіріс ауқымының кеңеюі экономикалық қана емес, әлеуметтік жағынан аса маңызды. Құс фабрикасы әзірге 45 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, биыл өңірдегі құс шаруашылықтары үшін азықтық жемді жергілікті жерде дайындау және қағаздан қорап жасайтын арнайы цехтарды ашу көзделіпті.
60 түрлі дәрі-дәрмек
Атырауда Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын, іске қосылған мезгілде бес мыңға тарта жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 40-тан астам инвестициялық жобаны жүзеге асырудың жоспары нақтыланған. Енді соның қатарына дәрі-дәрмек өнімдерін шығаратын фармацевтикалық зауыт та қосылмақ. Бұл жобаны Атырауда іске асыруға «Lumpan Caspian Pharmaceutical LLP» серіктестігі бастамашы болыпты. Сонымен қатар, жобаны жүзеге асыруға Атыраудағы «Медицина» АҚ, «Атырау» ӘКК және «САВА Хелскейр», «Лайфлайн Фзе», «ALIM COM» компаниялары қатысып отыр. Аталған зауыттың жобалық құны 3,700 миллион теңгені құрайды.
Бұл жоба тек Атыраудың ғана емес, ел тұрғындарын сапалы дәрі-дәрмекпен қамтуға серпін бергелі отыр. Мұнда 180 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ екен. Зауытта жылына 800 миллион таблетка, 300 миллион капсула мен 78 миллион ампула түріндегі дәрі, 3 миллион қораптағы жақпа май, 12 миллион пластикалық құтыдағы ерітінді секілді 50-ден астам фармацевтикалық өнім түрлерін шығару көзделуде. Сапалы өнім шығаруға қажетті шикізаттарды Үндістан мен Қытайдан әкелу жоспары бар. Зауытта экологиялық таза әрі сапалы өнім G.M.P. стандартымен шығарылады. «Бұл зауытта пайдаланылатын су мөлшерін 126 мың текше метрге дейін үнемдеуге жол ашады», дейді «Медицина» АҚ директоры Забира Дәулетжанова.
– Зауыттың құрылысы Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының екінші бесжылдық стратегиясын іске асыруда және әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруі үшін жасалынған маңызды қадам, — деген ойымен бөлісті облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов. – Аталған іс-шара елімізге озық өндірістік технологияларды тартуға бағытталған экономикалық саясаттың басымдықтарымен тікелей байланысты. Фармацевтика саласы да сол басым бағыттардың бірінен саналады.
Талшықты желі – байланыс негізі
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жаңа өнімнің бірі – талшықты-оптикалық кабель. Мұнайлы өңірде бұрын болмаған жобаны «Бизнестің жол картасы» өңірлік индустрияландыру картасы аясында іске асыруға бет бұрған «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директоры Семен Хванның айтуынша, басты мақсат – телекоммуникация, транспорт, құрылыс және мұнай-газ саласына қажетті талшықты-оптикалық кабель шығару өндірісін игеру.
Жаңа өнімді шығаруды бастаған зауыт құрылысына 715 миллион теңге салыныпты. Жалпы құны 1 миллионнан аса АҚШ долларын құрайтын технология Қытайдан сатып алынған. «Біз ондаған миллион долларға бағаланған еуропалық технологияны сатып алуға тәуекел етпедік. Себебі, бұл салада жұмысты енді бастадық. Дегенмен, біздің зауыттағы қытайлық технологиямен 5 жыл бойы үздіксіз өнім шығаруға әбден болады. Мұнда ең бастысы – сапалы шикізат болса, өнім де соған сәйкес болады. Өйткені, біз Еуропа елдерінің, АҚШ және Жапонияның шикізаттарын қолданамыз», — дейді бас директор С.Хван.
Зауыттың қуаты жылына бір ауысыммен 4 500 шақырымдық, ал үш ауысыммен 11 000 шақырымдық созылатын оптикалық кабель шығаруға жетеді. Сонымен бірге, мұнда 2017 жылы мыс қосылған кабель шығаратын қосымша екі цехты іске қосу көзделіп отыр. «ПКФ Континент Ко ЛТД» ЖШС бас директоры Семен Хванның айтуынша, біздің елімізде мұндай өнімге сұраныс өте жоғары. Жаңа өнімнің негізгі тұтынушысы «Қазақтелеком» болғалы отыр. Қазір осы компаниямен 3 миллиард теңгеден астам қаржыға екі жылдық келісім жасалыпты.
Жаңа өніммен еліміздегі сұраныстың 25-30 пайызын қамтамасыз ету жоспарланған. Мұның да өзіндік себебі бар. «Біріншіден, Атыраудағы зауытта шығарылған кабель түрлерінің өзіндік құны Ресейдегі өндірушілердікінен ерекшеленбейді. Екіншіден, зауыттың өз электр энергиясы бар. Үшіншіден, еліміздегі салық жүйесі Ресейдегіден әлдеқайда көңілге қонымды. Демек, біз олармен бәсекелес бола аламыз. Тіпті, бізде Қытайдағы кабель өндірушілермен де бәсекелес болатындай мол мүмкіндігіміз бар» деп есептейтін кәсіпорын басшысы жұмысқа тек жергілікті тұрғындарды алуды көздепті.
Ал «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Ерсайын Дүйсемәлиевтің айтуынша, талшықты-оптикалық кабель шығару жоғары технологияға жатады. Мұндай өндірісті іске қосу оңай емес. Кабель шығаруға сапалы шикізат қажет, онсыз өнімге тұтынушы табу қиынға соғады. Бұрын жергілікті байланысшылар кабельдерді Қарағанды облысындағы осындай зауыттан сатып алған екен. Енді оны Атыраудан сатып алудың тиімділігін қарастыруда. Тиімділігі сол, Атыраудағы сатып алынған кабельді тасымалдау үшін қосымша қаржы жұмсалмайды.
Өңірде индустрияландыру картасы аясында іске асырылған жаңа жобалардың бір парасы осындай. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берген жобалар алдағы уақытта жалғасын табарына мысалдар жеткілікті. Мәселен, құрылысы жүргізіліп жатқан «Атырау-Бөдене» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 2,6 млн. дана жұмыртқа және 2,4 тонна бөдене етін өңдейтін ферма (90 млн. теңге) мен «Мекен-Chicken» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 2 600 тонна құс етін өндіретін бройлер құс фабрикасы (3,6 млрд. теңге) да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен қолға алынды. Ең бастысы – Атыраудың ауыл шаруашылығы саласы өркендеуге бет бұрды. Атырауда мұнай-газ өнеркәсібінен өзге, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының дамуы қиын делінетін жаңсақ түсініктің сеңі бұзылды. Болашақта бұл өңір аталған саламен танылатынына күмән жоқ.
(«Егемен Қазақстан»,
12 қараша, 2015 ж.).