Жарнама
Экономика

СЕРІКТЕСТІКТЕР НЕДЕН ТОСЫЛДЫ?

НЕСИЕ АЛУ ЖЕҢІЛДЕДІ
Бұрынғыдай емес, соңғы жылдары облыс орталығымен қатар, шалғай елді мекендерде де шағын бизнесті дамытуға бетбұрыс жасалды. «Атакәсіпті өз күшіммен жалғастырамын» деушілерге қаржы институттары арқылы жеңілдікпен несие берілді, субсидиялар ұсынылды. Әрине, Атырау өңірі өндірістік аймақ саналғандықтан ауыл шаруашылығында өзге облыстармен салыстырғанда кенжелеу қалғандығымыз жасырын емес. Алайда, экономикамызды шикізатқа тәуелділіктен арылтып, отандық өндіріске басты назар аударған шақта бұл саланың рөлі зор.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалының директоры Назгүл Есмұханованың айтуынша, «ҚазАгро»-ның еншілес компаниясы болып табылатын банк еліміздің қаржы саласында 2001 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Филиал басшысының сөзіне қарағанда, банк аграрлы несиелік корпорация болғандықтан, негізінен, несие серіктестіктерімен тығыз байланыста. Яғни, несие серіктестіктері желісі арқылы берілетін қаражат 9 пайызбен тоғыз жылға ұсынылады. Мұндағы жеңілдік – екі жыл бойы бастапқы қарыз өтеледі. Кепіл ретінде аудандағы немесе қаладағы жылжымайтын мүлік, техника мен мал және тағы басқалары алынады. Туризм, мейрамхана бизнесі, сауда орындарын ашуға 14 пайызбен несие беріледі. «Барлық бағдарлама бойынша жеңілдік екі жылға ұсынылады. Тұтынушылармен келісе отырып қарызын қайтаруға ыңғайлы кесте жасақтаймыз. Меніңше, бұл маусымдық жұмыспен айналысатын кәсіп иелеріне тиімді»,-деген Н.Есмұханова жеті жылға алты пайыздық шартпен «Сыбаға» бағдарламасымен несие берілетінін айтты. Ал, сүт, ет, балық өнімдерін «қайта өңдеуге» 12 пайызбен қайтарымды қаражат желісі бар. Бұдан басқа, «Агробизнес-2020» бағдарламасына биыл 800 млрд. теңге субсидиялауға ғана бөлінген. Мемлекеттік бағдарлама бойынша жобалар Ауыл шаруашылығы министрлігінде қаралады, қолдау тапқаны Үкімет тарапынан 70 пайыз көлемінде субсидиялауға ие болады.
Аймақтағы бірнеше несиелік серіктестікпен тығыз қарым-қатынас жасап отырған банк басшысы ағымдағы жылға да жоспарланған меженің аз еместігін жеткізді. Дегенмен, жария етілгеніндей, аудандардың бағдарламаға қатысып, несие алуында әлі де белсенділік төмен. Бөлінген қаражатты игеруде Атырау қаласының «Болашақ», Қызылқоға ауданынан «Бастау» несиелік серіктестіктері көш бастап келеді.

МАЛҒА «СЫРҒА САЛУ» ОҢАЙ БОЛМАЙ ТҰР
Осы орайда ауыл кәсіпкерлерінің де көкейдегі түйткілді проблемалары аз болмады. «Құрманғазы» несиелік серіктестігінің төрағасы Рашит Қабдешов күні бүгінде кепілінің талапқа сай келмегенінен қаражатқа қол жеткізе алмай отырғандығына қынжылды.
— «Аграрлық несие корпорациясы» Атырау филиалымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Рас, соңғы жылдары қарым-қатынасымыз жақсарып, шаруамыз бір жолға қойылды. Алайда, өзекті мәселелер де бар. Біз мүмкіндігінше өз күшімізбен оны шешуге тырысып жүрміз. Қолымыздан келмегенін Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдамақ ниетіміз бар. Мысалы, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша бізге әлі де мемлекеттік органдар тарапынан көмек қажет. Оның шартына сай алған қаражатты 45 күнде кәдеге асыруымыз тиіс. Атырауда ауа райының қолайсыздығынан қыс мезгілінде малды әкелу қиынға соғады. Екіншіден, малды сырғалаудың өзі оңай болмай тұр. Талап бойынша малды сатып алғаннан кейін сырғалап, белгі салуымыз керек. Бірақ, қазір сырға жоқ. Онысы болмаса, малды сатып алғанымызды дәлелдей алмаймыз, — деген Р.Қабдешов малды сырғалауға аз уақыт бергені қолайсыз екендігін айтып, заңдылыққа өзгеріс енгізуге ұсыныс жасады.
Тағы бір шаруагер сырға бағасының тым қымбаттығын айтады. «Ақжонас» мекемесінен М.Шаяхметов мұның өзі кәсіп иелерінің қалтасына қымбат соғатындығын жасырмады. Себебі, былтыр Атырауда әлгіндей сырғалардың бір данасы 80 теңгеден сатылса, ал көршілес Ресей Федерациясының Астрахан қаласында бір қойдың сырғасы небәрі 5 теңгеге ұсынылған. Ал, бізге атыраулық сырғамен белгілеу міндеттеледі. Сонда қалай? Белгілейін десең, сырғаң жоқ, алайын десең, тым қымбат? Бұл кімге тиімді, кімге кедергі? Әкімдік те араласуы қажет. «Сыбаға» бағдарламасының біздің облыста да жүзеге асқанын қалаймыз. Бірақ осынау шешімін күткен жайттар ісімізге кедергі болып отырғанын жасырмаймыз, — дейді ол.

АУЫЛДАҒЫ ҮЙ КЕПІЛГЕ АЛЫНАДЫ
Кездесуде ауыл кәсіпкерлеріне ортақ проблеманың басы да ашылды. Сөз жоқ, бұл кепілге қатысты болып отыр. Себебі, ауылдағы үйлердің дені саман тастан салынған. Банк оған бағалау жасағанда құны тіптен төмендеп кетеді. Кәсіпкер басындағы жалғыз баспанасын кепілге салғанмен, қаражаты жетпей, жобасы іске аспай қалады. Бұл бағытта шаруагерлерге мүмкіндік беруде Ақтөбе облысында Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті әкімдік, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арасында Меморандум жасақталып, арнайы бағдарлама әзірленгені бізге де үлгі болуы тиіс. «Атырауда ауыл шаруашылығын дамыту оңай емес. Жем-шөп қоры аз. Жылыой өңірінде мал шаруашылығын жүргізудің өзі қаншалықты қиын екендігі айтпаса да түсінікті. Сол себепті, бірлесіп арнайы мұнайлы өлке үшін де бағдарлама жасақтаған жөн», — деп ұсынды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалының директоры Назгүл Есмұханова. Керісінше, шаруагерлердің пікірі аймақта ауыл шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік мол дегенге саяды. Қызылқоға ауданы несие серіктестігінің төрағасы Сүйеуғали Дүйсәлиев осындай құрылымдардың құзыретін күшейтуді ұсынды. Басқа аудандарға қарағанда, облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан ауылда қордаланған проблемалар да жеткілікті. Құрылғанына екі жыл болған несие серіктестігі «Аграрлық несие корпорациясымен» бірлесіп, біраз шаруаның басын қайтарған еді. Бұрын құжатты жинақтаудың өзі мұң болатын.
— Бір ғана мысал. Аудан орталығында 10-12 млн. теңгеге бағаланған супермаркет бар-ды. Бірақ, соның құнын 48 пайызға бір-ақ түсірді. Ақыры, кәсіпкер қосымша малын салуға мәжбүр болды. Әлі күнге кепіл мәселесі аяқсыз қалып келеді. Сонда бір ғана үйі бар шаруагер кәсібін қалай жандандырмақ? — деген орынды сауалды ортаға тастаған С.Дүйсәлиев кепілге қойылатын талаптың тым қатты екендігін атап айтты. Несие серіктестігінің төрағасы сондай-ақ заңды тұлға ретінде құқығы шектеліп отырғанына алаңдаушылық білдірді. Құрамында құрылтайшылары бар несие серіктестігі түгелдей «Аграрлық несие корпорациясының» қарамағында. «Бізге аз-мұз қаражатты жұмсауға билік берілуі тиіс. Серіктестік кәсіпкердің құжаттарын жинап, ол толық болмаса бірнеше шақырым жерден орталыққа тасып біраз әбігерге түседі. Құрылтайшы несие ала алмаса, біз кінәлі болып қаламыз. Осыны ретке қойсаңыздар»,-деді Қызылқоға ауданы несие серіктестіктерінің төрағасы.
Бұл ретте қайтарылатын негізгі борышпен несие серіктестіктеріне жұмыс жасау мүмкіндігін беру керек деген пікірлер айтылды. Мұнда тағы бір мәселенің басы қылтияды. Несие серіктестіктері өзге де несие алушылардың қаражатын қайтаратынына қандай кепілдік береді? «Жасыратыны жоқ, банк 3 млн. теңге несие алу үшін құны 6 млн. теңгеден бір-ақ шығатын кепіл сұрайды. Біз ауылдағы жұртшылықты жақсы білеміз. Сенімділеріне кепілдеме хатпен несие берген кезіміз болғанын да жасырмаймыз», — деп жауап берді М.Шаяхметов.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау филиалының өкілі жыл сайын кепіл саясатын жеңілдетіп, оңтайландыруға жұмыстанып келетіндігін айтты. Әйткенмен, Азаматтық Кодекстің талабы бойынша кепіл – міндеттемені қамтамасыз етудің шарты. Мемлекет қаражаты Бюджеттік кодекспен реттеледі. Сондықтан, қор осы заңдылықтарға сүйене отырып, кепіл саясатын жасаған. «Қызығы сол, кейде біздің қорға келіп, 3 млн. теңге несиені алу үшін пәленбай қабат коттедж үйімді кепілге салмаймын деп кететіндер де бар. Қор оның үйін пайдаланбайды ғой. Тек кепіл ретінде міндеттемесін қамтамасыз етеді. Соңғы екі жылда саман үйлерді де кепілге алып жатырмыз. Қазір шаруагердің ісін өркендетуге біз де ынталымыз»,-деген қор өкілі биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 889 млн.теңге бөлініп отыр-ғандығын жеткізді.
Турасын айту керек, банк өзінің кепіл саясаты бойынша шаруагерге несиені әртүрлі жолмен ұсынуда. Несие серіктестерінің жұмысын жандандырып, шығынға қалдырмас үшін екінші кезеңге өту қажет.
Сайып келгенде, Дүние-жүзілік Сауда Ұйымына ену жолында шикізатты сатуға емес, ауыл шаруашылығын дамытуға ұмтылу керек. Ал, оның жолындағы кедергілерді азайтып, шаруагерге мейлінше мол мүмкіндік беріп, проблемаларын мемлекеттік органға жеткізуде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі зор. Демек, енді шағымыңызбен шалғайға бармай-ақ, палатаның Атырау филиалына жеткізсеңіз болғаны.

Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button