Жарнама
Экономика

СЕКСЕН БІР ТЕҢГЕНІҢ СОЛЯРКАСЫ

— Мұндағы мақсат – солярканың егіс науқаны жұмыстары үшін мақсатты түрде жұмсалуын қадағалап, оның жанар-жағармай бекеттерінде нарықтық бағамен сатылуына жол бермеу,-дейді «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС баспасөз қызметінен. — Бұрынғы солярканың түсі бәріне ортақ солғын-сары түсті болған кезде егіс жұмыстарына арналған солярканың өзге тұтынушыларға қымбат бағаға сатылып жатқанын анықтау қиын болатын.
Шынында да, мұндай ерекше отынға делдалдардың көз алартуы тегін де емес. Өйткені, егіншілерге арналған қызыл түсті солярканың бір литрі – 81 теңге. Түсі басқа демесең, дәл осындай сападағы солғын-сары түсті солярка өзге тұтынушылар үшін 115 теңге тұрады.
Айтпақшы, ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған солярканы бояуды Қазақстан Үкіметі бұдан бұрын да қолға алған болатын. Сол кезде Кеден одағының құрылуы себепті боялған солярканың Ресейдегі жанар-жағармай бекеттерінен бір-ақ шыққаны бар. Ол жерде, әрине, қымбатқа сатылғаны белгілі. Үкімет енді бұған жол берілмейтініне кепілдік беріп отыр.
«Фермерлер соляркасы» деп аталатын мұндай боялған дизель отынын қолдану Еуропа елдерінің де тәжірибесінде бар. Мәселен, Бельгияда шаруаларға арналған солярканың бәсі жанар-жағармай бекетіндегі соляркамен салыстырғанда төрт есе арзан. Мұндай жанармайды бекетте сатуға қатаң тыйым салынған.
Зауыт мамандарының айтуынша, Dyeguarg Red Ck деп аталатын бояғыштың өнім сапасына ешқандай кері әсері жоқ. Бұл үшін фермерлердің алаңдамауына болады.
Тағы бір атап айтар жайт, солярканы бояуға жұмсалған шығындарды кәсіпорынның өзі көтергелі отыр. Бұл да болса ауыл шаруалары үшін көп көмек. Және шаруалар оны ауытқымайтын бағаға – 81 теңгеге сатып алмақ.

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button