«Сақтандырудан» сақ болыңыз!
Қулықтарына құрық бойламайтын алаяқтар әлі күнге айылын жияр емес. Енді олар жұртшылықты сақтандыру жүйесі арқылы алдауға көшіпті. Жуырда Ұлттық банк «сақтандыру жағдайларын» пайдаланатын алаяқтардың жаңа схемалары пайда болғанын ескертті.
Ұлттық банктің Атырау филиалының жетекші маман-экономисі Нұрбиға Ибраеваның айтуынша, Ұлттық банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және олардың қаржысын сақтандырумен айналыспайды. Десек те, бүгінде сот ісі мен шешімдері аясында жасалған «жеке сот орындаушыларының» жалған құжатын ұсыну арқылы алдайтын алаяқтар көбейген.
– Қаражат жымқырғысы келген қаскөйлер өздерін жеке сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтарға жалған құжаттар жібереді. Онда тұрғындарға тиесілі Ұлттық банкте «жеке тұлғалардың ашық және сақтандырылған шоты» бар деп алдайды. Сол үшін жәбірленуші тарап ретінде азаматтарға ақшалай төлемдер мен өтемақылар төленеді деген сылтаумен кейін «Ұлттық банктің қаражатынан» өтеледі деп сақтандыру жарнасын енгізу керек екенін айтады. Оларды сендіру үшін мемлекеттік органдардағы «уәкілетті тұлғалардың» немесе жеке сот орындаушысының қолы мен аты-жөні жазылған және мөр басылған жалған құжаттарды көрсетеді. Мұндай «растаушы құжаттар» азаматтарды үшінші тұлғаға ақша аударуға сендіру үшін көрсетіледі, — деді Нұрбиға Ибраева.
Ұлттық банк өкілі «алаяқтың арбауына түсіп қалған адамдар құқық қорғау органдарына шағымдануы тиіс» деген ақыл-кеңесін айтты.
Айбөпе САБЫРОВА