ЖОЛ ТАРИХЫ – ЕЛ ТАРИХЫ

оны  әркімнің  білгені  жөн

Осы күнделікті жүріп жүрген жолымыздың тарихын білеміз бе? Ол қашан және қалай салынды? Сол елдің өмірінде алар орны қандай? Нендей маңызды рөл атқарды? Расын айтсақ, көбіміз соны тереңірек таразыға тартпайтын да тәріздіміз. 

Міне, осы олқылықтың орнын Тимур Баймолдаұлы Шырдабаевтың орыс тілінде жарық көрген «Дороги мира. История и современность» атты кітабы толықтырады. Сонымен...

Автордың өзінің айтуынша, бұл ғылыми негіздерге сүйенген, тарихи деректермен дәйектелген еңбектің мақсаты – жалпы жол тарихын талай тағдыр мен түрлі мәдениет тоғысқан адамзат тағдырымен біте баяндау. Тимур Шырдабаев оқырманын қарапайым нәрседей өзіміз күнде көріп, аяғымызбен басып жүрген жолымызға басқаша көзқараспен қарауға шақырады. 

Расында да, тақтайдай тегіс жолда жайлы көлікпен жүйткіп келе жатқанымызда оның тарихына мән де бермейміз ғой. Бірақ, бұрын беймәлімдеу, алайда аса қызықты жол құрылысының тарихы адамның санасын кеңейтіп, әлдебір сырлы әлемге жетелейді. 

Жалпы, Тимур Баймолдаұлы бүкіл саналы ғұмырын автомобиль жолы саласына арнап келеді. Ал, соңғы он жылда оны осы жолдардың тарихы қызықтыра бастаған. Тіпті о баста кітап жазу ойында да болмаған, тек әлемдегі күретамыр жолдардың пайда болу тарихын біле жүрген. Сөйтіп, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Германия, Испания, Италия, Мысыр, Жапония, т.б. мемлекеттердегі жол құрылысына қатысты әдебиеттерді үзбей оқыған. Бұл жерде тек Қазақстанда ғана емес, күллі ТМД аумағында жол құрылысына арналған орыс тілінде жарық көрген еңбектер өте сирек екендігін айтқан жөн. Бұлар да негізінен техникалық немесе оқулық әдебиеттер. 

Ал, батыс елдерінде жол құрылысын, оның тарихын баяндаған шығармалар жеткілікті. Осы нысандардың тарихы тым тереңде емес пе? Мәселен, біздің дәуірімізге дейін тұрғызылған көне рим жолдары сол мемлекеттің мәдени мұраларының бір бөлшегі саналады. Олар қазір де қолданыста. 

Міне, автор соның бәрін зерттей берген. Жылдар жетегінде жинақталған деректер жүйелеуді қажет еткен. Тіпті, бұл бағыттағы еңбектер толық бір кітапханаға айналған. Жаңа кітап осылай өмірге келген. 

Жалпы, Тимур Шырдабаевтың пікірінше, жол тарихы тым әріде жатыр. Адамды адам ететін не? Оның айналасындағы бұрын беймәлім нәрсемен таныссам, соны білсем деген құштарлығы. Ал, бұған дейін жұмбақ жайды көру үшін, әрине, жүруге тура келеді. Міне, жер бетінде алғашқы соқпақтар осылай өмірге келген. Кейін қалалар мен мемлекеттерді байланыстыратын бастапқы сауда жолдары пайда болды. Соның нәтижесінде байырғы мәдениет қалыптасты. Кітапта көне Рим мен Қытайдың жорық жолдары, Оңтүстік Америкадағы инктердің биік таудағы соқпақтары, Ресейдің пошта таситын жәмшік қызметі қызықты баяндалады. Сонымен қатар, АҚШ елінің жиырмасыншы ғасырда жүрдек автомобиль жолына қалай қол жеткізгені жазылған. Тіпті жол құрылысы технологиясының бастапқы сатылары, алғашқы жол қозғалысы ережелерінің пайда болуы жөнінде қызықты деректер бар. 

Британияның салмақты саяси тұлғасы, белгілі тарихшы Томас Маколей жолды өркениеттің үш негізгі құрамдас бөлігінің бірі ретінде атаған екен. Автор еңбегінде осы ойды одан әрі өрістеткен. 

Әрине, кітапта отандық жол тарихы да қамтылған. Шет-шегіне көз жетпейтін қазақ даласында жан-жаққа тарамдана тараған көне жолдар жеткілікті. Сонау ықылым замандағы Шыңғыс хан мен Алтын Орданың жорық соқпақтары ше? Немесе бертін келе орыс жәмшіктері шиырлады емес пе? Желмен жарысқан тұлпарларымен бір нүктеден екіншісіне шұғыл хабар жеткізген олардың жылдамдығына сол кезде еш нәрсе тең келе алмайтын. Әрі қазақ даласының басым бөлігі тегіс болып келуі оның қарым-қатынас мүмкіндігін арттырды. Сайып келгенде, Қазақстан о баста-ақ Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік өркениетінің араласуына, халқының бір-бірімен байланысуына оң әсер етті. Сан елдің мүддесі осында тоғысты. 

Рас, жеке республика ретінде елімізде жол құрылысының дамуы кеңестік кезде қанат жайды. Экономиканы индустрияландыру басталды, жаңа кен орындарын игеру қажеттігі туындады, тың өндірістік орталықтар мен қалалар пайда болды. Міне, олардың бәрін өзара байланыстыратын жақсы жолдар салынды. Еліміз жолдарының тарихын таразылағанда мұны да жадыда сақтаған жөн. 

Автор «ғасыр құрылысы» атанған Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік жолы туралы да айтыпты. Расында да, батыс пен шығысты берік байланыстыратын бұл нысанның қатарға қосылуы – Қазақстан экономикасын жаңа сатыға көтеретін қадам. Өйткені, жалпы ұзындығы 8445 км автомагистральдің үш мың шақырымы біздің ел арқылы өтеді. Егер осы құрылыстың алдағы жылы аяқталуы күтіліп отырғандығын ескерсек, 2020 жылы-ақ жүк тасымалдау көлемі екі жарым есеге артады. Ал, тура тартылған жолда үнемделген уақыт нәтижесінде жылына орта есеппен 33,9 млрд. теңге экономикалық тиімділік алынбақ. 

Міне, мамандар осындай болжам жасап отыр. Оның үстіне, осы жол бойында қаншама сервистік қызмет көрсететін шағын және орта бизнес объектілері бой көтереді. Жүздеген жаңа нысандар ашылады, мыңдаған жұмыс орындары пайда болады, бюджетке миллиондаған кіріс түседі. Сайып келгенде, Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырады. Тарих қалпына келеді, көне шежіре жанданады. Ең бастысы – Еуропа мен Азияның автомагистраль арқылы экономикалық қарым-қатынасының жаңа кезеңі басталады. Ал, Қазақстан шын мәнінде қос аймақты берік байланыстыратын алтын көпірге айналады. Ақырында, еліміз өз территориямыз арқылы өтетін жолдан қомақты пайда табады. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің біз үшін тиімділігі осы. 

Автор кітабында әлемдегі жол тарихын таразылап, оның салыну себептерін саралап қана қоймай, сонымен қатар осы құрылысты жүргізушілердің проблемасын да қозғайды. Расын айтқанда, елімізде сапалы жол құрылысын салушылар жетіспейді. Осы іспен кеңестік кезде шұғылданған шеберлер қатары кеміп келеді. Алды өмірден өтуде, соңы зейнеткерлікке шығуда. Ендеше, алдымен, солардың орнын басатын сауатты инженерлер, тәжірибелі жобалаушылар мен құрылысшылар қажет. 

Осы орайда Тимур Баймолдаұлы Батыс Еуропа-Батыс Қытай автомагистралінің қазақстандық бөлігінен түскен табыстан отандық кәсіби жол құрылысшыларын дайындауға қаражат бөлуді ұсынады. Жастарды шет елдерде оқытып, жан-жақты даярлаған жөн. Дамыған мемлекеттердің озық технологиясын үйреніп қайтқан олар сол тәжірибесін осында қолданар еді. Бүгінде бізде асфальт төсеуге керекті арнаулы техниканың құлағында ойнайтын шебер механиктер мен операторлар да тапшы. 

Ең бастысы– жол құрылысшылары мамандығының мәртебесін көтеру қажет. Бұрынғы жылдары жол құрылысшысы болу екінің бірінің қолынан келмейтін іс еді. Ауа райының қандай қолайсыздығына да қарамастан, түрлі климаттық жағдаймен санаспай жол салатын жандар лайықты құрметке ие болатын. Олардың мамандығы геологтар тәрізді романтикаға толы еді. Өйткені, бұлар да дала кезіп, бұрын-соңды адам аяғы баспаған өңірлерді шарлайтын. Сөйтіп, жаңа мекендерді бағындыратын. Бұл мамандық осынысымен қызықтыратын. Ендеше, соны  қайтадан жаңғыртып, биікке көтеру керек. Автор кітабында осыны да атап көрсетеді. 

Енді, аталмыш еңбектің жалғасы бола ма? Ол әлем оқырмандарының қызығушылығын туғыза ма? 

Тимур Шырдабаев зерттеулерін тоқтатпауды, әлі де тың дүниелерін жариялауды жоспарлайды. Өйткені, жол құрылысы – дамыл таппай, алға қарай дами беретін сала. Жаңа буын жол құрылысының тың тәсілдерін өмірге әкеледі. Соның ішінде отандық жол құрылысын өрістету өте қажет. Оның тарихы да толық ашылған жоқ. Әлі де біраз құжат жинақтап, талай мұрағатты ақтаруға тура келеді. 

Әйтсе де, автордың пайымдауынша, қазақ даласы жолының тарихы тереңде болғанымен, сайып келгенде, оның даму сатысының жаңа кезеңі басталды. Еліміз әлемдік талаптарға сай келетін аса сапалы жол тұрғызудың бастапқы баспалдағында тұр. Оған мүмкіндігіміз де мол, қуатымыз да жетеді. Түптеп келгенде, жол құрылысына жұмсалған шығын еселеп қайтады. Адамзат автокөліктің жаңа түрін ойлап шығарады. Ел мен елдің байланысы бекиді. Халық пен халықтың қарым-қатынасы жақсарады. Мемлекеттің экономикалық қуаты артады. Бүгінде аталмыш еңбектің АҚШ пен Ұлыбританияда ағылшын тілінде шыққалы жатқаны, Қытайда тәржімалауға дайындалуда екендігі сондықтан.

…Міне, Тимур Шырдабаевтың орыс тілінде жарық көрген «Дороги мира. История и современность» атты кітабынан осындай ой түйдік. Сөз жоқ, қалың көпшілікке арналған аса құнды еңбектен ғұлама ғалымдар да, жол саласы мамандығын таңдаған студенттер де мол мағлұмат алады.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз