Жарнама
Экономика

САПАЛЫ ТҰРБА АТЫРАУДА ШЫҒАДЫ

Жалпы, «ШевронМұнайГаз Инк» компаниясының Атырау аймағы бойынша бас директоры Меңдіғали Саппаевтың айтуынша, құны 5,8 млрд. теңгелік жаңа жоба жүзеге асырылған соң зауыт қуаты жылына 30 мың дана өнім шығаруға жетті. Жаңадан 63 жұмыс орны ашылды. Ал, құрылыс жұмыстары кезінде 120 адам қызметпен қамтылды. Бір атап айтарлығы – солардың бәрі де жергілікті мамандар.

О баста «Шеврон» компаниясының қолдауымен өмірге келген аталмыш өндіріс ошағында екі үлкен жоба мәреге жетті. Еліміздің индустрияландыру картасына енген шаралардың аяқталуы Атырау экономикасын тың биікке көтерді. Сайып келгенде, осы зауыттың кейбір өнімдері әзірге республиканың басқа аймақтарында шығарылмайды.

Әзірге деуіміздің де жөні бар. Өйткені, еліміздің өзге өңірінде атыраулық зауытқа еліктеп, осындай полиэтилен құбырлары шығарыла бастады. Демек, мұнайлы мекендегі өндіріс ошағы даярланатын өнім түрлерін көбейтіп, сапасын одан әрі арттыруы тиіс. Бүгінде республикада полиэтилен тұрбаларын тұтынушыға ұсынатын 22 кәсіпорын құрылған. Әйтсе де, солардың бәрінен де Жайық жағасындағы өндіріс ошағының шоқтығы биік.

Бүгінде зауыттың диаметрі 25-1200 миллиметрлік тұрбаларына тапсырыс берушілер көп. Кәсіпорын полиэтилен тұрбаларын шығарумен ғана шектелмейді, сонымен қатар, оған қажетті құрастырмалы бөлшектерді де шығарады. Рас, шикізат әзірге сырттан тасымалданады. Өзімізде, тіпті ТМД кеңістігінде жоғары деңгейдегі талапқа сай келетін мұндай шикізат әзірге жоқ. Сондықтан, Австрия, Швеция т.б. мемлекеттерге иек артуға тура келеді.

Қазір атыраулық зауыттың республиканың Астана, Алматы, Ақтау, Қызылорда, Шымкент т.б. қалаларында дайын өнімді тұтынушыға ұсынатын дилерлік орталықтары құрыл-ған. Бүгінде зауыт шығарып жатқан тұрбалар 90 градустық ыстыққа да төзімді. Оның үстіне, елу жылға дейін еш сыр бермейді. Осындай ғұмыры жартығасырлық тұрбалар бұрын-соңды бізде болып па еді? Мемлекет басшысының атыраулық зауытты өзгелерге үлгі ретінде ұсынуы да сондықтан.

…Қысқасы, Атыраудағы полиэтилен құбырлары зауыты елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық жобалар аясында жаңа белестерге қол созып отыр. Оның өнімдері көршілес Ресейге де шығарылуда. Демек, мұнайлы мекенде өтетін аймақтық экономикалық форум барысында жаңа серіктестікке де қол жеткізілуі ықтимал.

 

М.БАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button