САПАЛЫ ӨНІМ – ҚАУІПСІЗ ӨМІР

Еліміз бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына енуге әзірленіп жатқанда сапа мәселесі алдыңғы орынға шығатыны сөзсіз. Оның үстіне, отандық өнім оқ бойы озық тұруы үшін өзгелерден кем түспеуі тиіс. Бұл ретте 1989 жылдан бері Еуропалық сапа ұйымының бастамасымен қараша айының екінші бейсенбісі аталмыш күнге айналғанын айтуымыз қажет. Таяуда сапа саласының мамандары кәсіби мерекелерін тойлады. Айтулы датаға орай «дөңгелек үстел» өткізілді.

 

«Ұлттық стандарттау және сараптау орталығы», «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» Атырау филиалдары мен Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаменті бірігіп ұйымдастырған шараға өңіріміздегі өнім өндіруші компания өкілдері қатысты. «Дөңгелек үстелде» белгілі болғандай, біздің аймақта да сапа менеджементі жүйесін енгізуде бірқатар іс атқарылуда екен. Техникалық реттеу және метрология комитеті облыстық департаменті директоры Лес Баймұқашевтың айтуынша, бүгінгі таңда сапа саласында жеткен жетістіктердің өзі бір төбе. Жұртшылықтың оған көзқарасы мүлде өзгерген. «Өнім өндіруші сапалы тауар шығаруға жұмыстанса, тұтынушының да соған сай сұранысы жоғары болады. Қазақстан кедендік одаққа енгеннен кейін талап күшейді, техникалық регламенттер енгізілді»,-дей келе, кей кәсіпорындарда бұл бағытта шешімін күткен мәселелер де болатынын айтты. Мәселен, химиялық реагенттер шығаратын «Рауан-Налко» компаниясы тек стандартпен ғана жұмыс істеп келіпті. Ал, талап бойынша сертификат та керек. Бірақ оған қосымша қаражат қажет екен. Натрий гипохлоритін өндірмекші «Тұз» ЖШС-інде де осындай жағдай кездесіпті.
– «Бүкіләлемдік сапа күні» мемлекетімізде тұрақты тойланып келеді. Соның арқасында бизнес иесінің өнімі сұранысқа ие болады, елдің экономикасы түзеледі,-деді шараның модераторы «Ұлттық стандарттау және сараптау орталығы» Атырау филиалының директоры Нұрлан Орынбаев.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық даму басқармасы басшысының орынбасары Асқар Ибрагимов мұнайлы өлкеде 21 қараша күні өтетін инвестициялық форумға бір кісідей атсалысып, қатысуға шақырды. Сапа саласының мамандары аталған басқармаға Алғыс хатын табыстады.
«Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» Атырау филиалының директоры Надежда Дю шағын және орта бизнеске сапа саясаты төңірегінде курстар өткізіп тұратындығын, қажетті ақпарды www.memst.kz сайтынан алуға болатынын жеткізді.
Мерекелік жиынға «Альянс СК» мекемесінен қатысқан өкіл өнім сапасын жақсарту бағытында тұтынушыларымен ұдайы байланыс жасап отыратын көрінеді. Тәуелсіз өкіл клиентке хабарласып, өнімнің сапасын білуді әдетке айналдырған. Бұл ISO:90001 халықаралық стандартының талабы екен. Соның арқасында, тауар өтімді. Білгеніміз, бюджеттік мекеме, ұйымдардың ғимаратын тұрғызған кезде пластикалық терезе орнатқанда оның темірден жасалған ішкі қаңқасы болмайтын көрінеді. Содан барып өнім сапасыз боп шығады. Әрине, тауарлары бір-екі мыңға қымбаттау болғанмен, талаптың барлығы сақталатынын айтқан компания өкілі сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Аймақта жұмыс жасайтын «ҚазТурбоРемонт» ЖШС-і де стандарт бойынша жұмыс істеу арқылы табысқа қол жеткізіпті.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз