Жігерін желкен етіп…

img 20220720 wa0022 870x400 1 Экономика

ЖАСЫРАТЫНЫ ЖОҚ, БҮГІНДЕ МҮСІРКЕГЕНГЕ МІНДЕТСІП, КҮЛЛІ ЖҰРТТЫҢ ӨЗІНЕ ҚОҒАДАЙ ЖАПЫРЫЛЫП, ҚҰРДАЙ ЖОРҒАЛАҒАНЫН ҚАЛАЙТЫНДАР КӨБЕЙДІ. «МІНДЕТТІСІҢДЕР» ДЕП ҚАРАЙТЫНДАРЫ ДА ЖОҚ ЕМЕС. ИӘ, ҚОҒАМ БОЛҒАН СОҢ МҰНДАЙДЫҢ БОЛУЫ ДА ЗАҢДЫЛЫҚ ШЫҒАР, БӘЛКІМ. БІРАҚ, ШІРЕНІП ЖҮРГЕННЕН ТІРЛІК БІТПЕЙДІ. ЕҢБЕК ЕТКЕН АДАМҒА ТАБЫСТЫҢ САН ТАРАУ ЖОЛЫ БАР. МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ҚАНШАМА.

А л , б і з ә ң г і м е л е с к е н ж і г і т « б е р е к е н і к ө к т е н е м е с , е т к е н еңбектен тілеген дұрыс» деген пікірде. Жазмышқа мойынсұнбаған мүмкіндігі шектеулі жан Ілияс Үсенов өзінің өмірге деген іңкәрлігі мен жасымас жігерінің арқасында табысқа қол жеткізіп келеді. Оның өмірге құштарлығы, талпынысы мен табандылығы онымен тағдырлас өзге де жандарға үлгі болғандай. Отыз жасар Ілияс Жұмағалиұлы осыдан сегіз жыл бұрын тағдырдың теперішіне тап болған. Қол-аяғы балғадай жігіт жұмыста жүріп, кенеттен жазым болыпты. Тағдырға не шара, бастапқыда өзін қоярға жер таба алмаса да, тәніне түскен ауыр жарақатқа көнеді. Арбаға таңылған ол төрт қабырғаға қамалып, ұзақ уақыт үйден шықпай отырған. Ешкімнің көзіне көрінгісі де келмей қояды. Бұл да бір психологиялық жағынан өте қиын кезең еді!..

Бүгінде Ілияс он екі мүшесі сау жандармен иық теңестіріп еңбек етіп жүр. Осыдан төрт жыл бұрын «Бизнес бастау» курсын оқып, «Жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, грантқа ие болады. Өзі армандаған «Сенім» атты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық клуб жұмысын бастағанда, бар арманы жүзеге асқандай болады. Себебі, «Сенімге» сенген көптің қатарында өзінің омыртқасы да қозғалысқа түскен. Ал, қозғалыс деген – өмір! Бұл орталық оңалту жағынан өте пайдалы еді. Дегенмен, пешенедегі жазу солай болды ма, елді әбігерге салған пандемияның кезінде Ілиястың өзі ауырып, бизнесі де тұралап қалады.

– Көпшіліктің санасынан мүмкіндігі шектеулі жандар туралы қалыптасып қалған қасаң көзқарасты жою қажет. Менің мақсатым да сол. Спорттық клубты ашардан бұрын көп ойланып, жоспар құрдым. Тек маған емес, өзім секілді тағдыр теперішін көрген тағдырластарыма да көмегі тиер дүние болғанын қаладым. Төсек тартып жатып қалған жан еңбектеп, еңбектегендердің сүйеніп отыра алғанының өзі жетістік еді. Олар өзі секілді жандардың барын біліп, мүмкіндігі шектеулі болса да шектеліп қалмай, толыққанды өмір сүруге болатынын көрсеткім келді, – дейді Ілияс.

Кәсібінің орта жолдан тоқтағаны оның жігерін жасытқан жоқ. Мемлекеттің қ о л д а у ы м е н ж а с а л ы п ж а т қ а н мүмкіндіктерді одан әрі пайдалануға тырысты. Өйткені, бүгінде мүгедектердің өмірін барынша жақсартып, қоғам өміріне бейімдеуге қажетті жағдай бар. Осындай игі істердің арқасында мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарас өзгеріп, оларды қоғамның мүмкіндігі жеткілікті толыққанды мүшесі ретінде қабылдауға жол ашты. Солардың бірі Ілияс Үсенов те І топтағы мүгедек бола тұра, қажыр-қайраты жеткенше тірлік етіп, қоғам өмірінен бір сәт қалыс қалмады. Көкарна ауылынан ғимаратты жалға алып, кеңсе тауарларын, мектеп құралдарын сататын жеке дүкен ашып қойды. Әрине, жалдау ақысы да аз емес, дейтұрғанмен күнелтісіне жетерлік тәп-тәуір кәсіп жасап отыр. Оған қоса, ауылдастарына компьютерлік қызмет те көрсетеді. Балабақша кезегіне қойып, мектепте тіркеу, egov.kz порталынан түрлі құжаттарын да шығарып беруге көмектесіп, нәпақасын тауып жүр. Айтуынша, бұрын бір құжаттың көшірмесін алу үшін Балықшыға барып келетін көкарналықтар қазір Ілиясты іздейді екен. Тіпті, Дамбы мен Қызылбалық ауылдарынан да тұрақты тұтынушылар бар көрінеді. Осылайша, табыс тауып қана қоймай, елдің ықыласына да бөленіп жүр.

Алдағы уақытта Дамбы ауылынан жер телімін алып, кеңсе тауарларын сататын дүкен ашқысы келеді. Әттең, қол қысқа, қаржы жағынан мұқтаждық бар. Айтпақшы, Ілиястың дүкеніне бас сұққанымызда тауар мен таңдаудың көптігіне таңғалдық. Мүмкіндігі шектеулі жанның кәсібі деуге ауыз бармайды. Қандай кәсіп иесі болса да, өз ісіне жауапкершілікпен қараған адамның жетістігі де молая береді екен. Байқауымызша, бас-аяғы жарты сағатта 5-6 тұрғын сауда жасап үлгерді. Қарап тұрмай, оларды сөзге тартып үлгердік. Өзін Жанерке Жәнібекқызы деп таныстырған бойжеткен «Дина» базарына барғаннан гөрі керегін осы дүкеннен алғанды жөн санайды екен. «Базар бағасынан бәсі әлдеқайда арзан» дейді ол. Мұны Ілияс та растады. Себебі, тауарды тікелей өнім өндірушіден алдырады екен. Арасында анасы да Алматыдан әкелетін көрінеді. Ынта мен жігер құштарлыққа қосылғанда ешкім де кедергі болмайтыны рас екен.

Жас та болса, өмірден мол сабақ алған Ілияс Үсенов бақ пен дәулеттің, ырыс пен несібенің баянды болуы адал еңбекке байланысты екенін естен шығармай, тер төгуден қол үзбек емес. Қазірдің өзінде түрлі әлеуметтік[1]кәсіпкерлік бағыттағы жобалардан гранттар ұтып, жеке кәсіпкерлігін қаржыландырып, одан әрі дамытумен айналысып жүр. Шындығы сол, ол бәзбіреулердің «мүмкіндігі шектеулі» деп мүсіркегенін аса жақтыра қоймайды. Журналист деген халықтың жұмысы осы. Ел арасында жиі жүріп, түрлі дәрежедегі қабылдауларға келсе де, дәлізде бала бағып қалуға намыстанбайтын күйеуіне жұмыс сұраған талай әйелді көріп жүрміз. Немесе халыққа қызмет көрсету орталығынан құжат алу үшін самай шашы ағарған анасын ертіп келген еңгезердей еркекті кездестіріп, жаға ұстағанымыз бар. Сорақысы сол, үйде жатып, балаларына мемлекет берген жәрдемақыны ішіп-жемге жұмсайтын «азаматтар» аз емес. Қаншама адам ата-анасына масыл болып, жасы жер ортасына келсе де солардың зейнетақысына күнелтіп жүр. Ал, Ілиястар өмірді басқа қырынан көреді. Олар мүмкіндігі шектеулі болса да, шектеуге бағынбайды. Өйткені, олар – өмірге құштар!..

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз