Жарнама
Шаһар шырайыЭкономикаҚоғам

Сандық дәуірдің сұранысы

Атырау «ақылды қалаға» айналып келеді. Енді қала тұрғындары мен қонақтарының ғаламторға тегін кіру мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері қолға алынған игі бастама «Smart Атырау» мен «Ақылды қала» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асып отыр.

208095_1492672024

«Ақылды  қала» – ақылды  ұлт  үшін

Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидың айтуына қарағанда, қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Ақылды қала» тұжырымдамасы шеңберінде бірқатар жобалар іске асырылуда. Алдымен, «Атырау көше жарығының құрылысы мен оны пайдалану» жобасы 106 шақырым жолға диодты жарықтандыру жүйелерін жүргізіп, жылдық электр энергиясын 40 пайыз үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, қоғамдық көлікте жолаушы тасымалдаудың сапасын арттыру үшін «Атырау қаласындағы қоғамдық көліктерге электрондық билеттеу жүйесін енгізу» бастамасы бар. Соңғы «Safesmartcity» жобасы көшедегі жол қозғалысын бейнебақылау мен бейнежазудың интеллектуалды жүйесін қамтиды.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында коммуналдық қызметке де сандық жүйенің дәуірі жетіп отыр. Атырау қаласында кондоминиум объектісін басқарушы органдарының жұмысын жетілдіру мақсатында «Е-ПИК» жобасы енгізілуде. Бұл қала тұрғындарымен арадағы дауларды азайту мақсатында жасақталған. Автоматтандырылған жұмыс нәтижесінде қызмет көрсету сапасы жақсарады деген сенім бар. Жоба шеңберінде тұрғындар арнайы порталда жеке кабинет құрып, пәтер иелері кооперативіне өтініш қалдыра алады. Сондай-ақ, жеке кабинетте ақпараттық хабарламалар жарияланып тұрады.

Бұл бағытта Атырау қалалық тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат Хабиевтің айтуынша, «Интегро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерді оқытудан өткізіпті. «Қала тұрғындары «Е-ПИК» жобасына өз деректерін «Atyrau.opencity.kz» сайты арқылы енгізе алады. Арыз-шағымдары мен тапсырыстарын сонда жазады. Аталған серіктестікпен келісім-шарттар жүргізіліп, ұялы қосымша қазан айынан бастап іске қосылады» дейді ол.

Бүгінде қазыналы шаһар шетелдік сәулет үлгілерін негізге алған Елордаға қарап бой түзейді. Осы орайда жаңа инновациялық идеялар мен бизнес-жобаларды, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін техникалық жаңалықтарды енгізудің маңызы зор. Астанаға әлемдік стратегиялық міндеттерді шешуге көптеген мемлекеттен бірінші басшылар келеді, ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Жиырма жыл ішінде іске асқан жарқын жобаларды Атырауда да неге енгізбеске?

Біріншіден, ІТ-қауіпсіздік, яғни, қала көшелеріне бейнебақылау камераларын енгізуде елордалық тәжірибені қолдануға болады. Бұл қылмысты төмендетуге және оны ізін суытпай ашуға, жол-көлік оқиғасын азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстар облыс орталығында басталды.

Екіншіден, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке негізделген «1000 жаңа сауда орындары» жобасы бар. Осы орайда сауда алаңдарына арналған жер телімдерін инвесторлар ұсынады. Мұның елімізде инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын құруға көмегі зор.

«Цифрландыру» дегеніміз  не?

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстанның пікірінше, қай қоғамның дамуында да өзіндік нәтиже болады.

– Әр тұрғын мемлекеттік қызметті сандық технология арқылы алуы керек. Шаһарда болып жатқан барлық жағдайды енді ғаламтор мен ұялы телефон арқылы білуге мүмкіндік туды. Тыста жүрсеңіз де, үйдің бүтіндігін электронды түрде бақылайсыз. Көше бойымен келе жатқанда да, жарық өзі қосылып-өшеді. Сол сияқты, тұрғындардың қауіпсіздігі де қамтамасыз етіледі. Қазір Елбасы тапсырмасына сәйкес, облыстық басқармаларда сандық жүйеге көшу жұмыстары жалғасуда. Мен жетекшілік жасайтын басқармада 16 қызмет электронды форматта көрсетіледі, — дейді басқарма басшысы.

Ал, ардагер мұнайшы Қалдыбай Қанатбаев бүгінде нақты уақыт режимінде жұмыс жасайтын цифрлық-зияткерлік кен орны жүйесін үлкен жаңалыққа балайды. Бұрын қол күшімен атқарылатын жұмысты енді озық технология ауыстырған.

– Қазір цифрландыру дәуірі басталды. Соның арқасында өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеу, оларға әрі қарай талдау жасау оңайға түсті. Бұл шұғыл шешім қабылдауға, күрделі мәселелер мен оқыстан туындайтын апаттың алдын алуға мүмкіндік береді. Еңбек өнімділігі еселеп артады. Құрылғыларды жөндеу мерзімі мен жұмыс күші қысқарды. Жұмыс демекші, бұл арада бір ескере кететін жайт бар. Жастарды жұмыспен қамту жайын естен шығармаған жөн. Келешек буын мүмкіндігі сандық дәуірдің сұранысын өтеуге жете ме, жоқ па? Жасыратын несі бар, қазірдің өзінде жастарды жөнді жұмыспен қамти алмай отырмыз. Жоғары оқу орнын енді бітірген түлектен еңбек өтілін талап ететін компаниялар бізде жетерлік, — дейді ардагер мұнайшы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button