Атырауда өнер жұлдыздары ХҚО-да кеңесші қызметін атқарды

IMG 9854 Жаңалықтар

Бұл жолы атыраулықтарға мемлекеттік қызмет түрлерін әдеттегідей арнайы мамандар емес, танымал өнер жұлдыздары ұсынды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілерге ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Гүлмайдан Сүндетова, ҚР Жастар сыйлығының иегері, актер Нұрбек Мәдиев және айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров қызмет көрсетті. Олар «Жұлдыздың ХҚО-дағы бір күні» акциясы аясында қызмет алушыларға электрондық кезек талонын ұсынып, кеңес берді.

IMG_9863

 – Халықпен жұмыс жасау оңай еместігін бұрын сезінсек, қазір басымыздан өткізіп тұрмыз. Өйткені, әр түрлі түсінікпен келетін адамдардың көңілін тауып, нақты жауап беріп отыру үшін білімің де, тәжірибең де жеткілікті болу керек екен, – деді Гүлмайдан Сүндетқызы.

Жұртшылыққа «Бауыржан шоу» театры арқылы танылған, қазіргі «Ара-Атырау» әзіл-сықақ театрының директоры Нұрбек Саматұлы да тұрғындарға электрондық қызметтердің тиімділігін түсіндірді.

IMG_9854

– Облысымызда Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда, халықтың осы бағыттағы сауаттылығын арттыруда филиалдың жасап жатқан жұмыстарына көңілім толды, – деп өз ойын білдірді.

Ал өңірдің арқалы ақыны Шалқарбай Ізбасаров:

Сырымды елге бүгін ақтардым ғой,

Жырыммен жұрт алдында жатталдым ғой.

Халыққа қызмет көрсетем деп,

Инспектор боп кетуге шақ қалдым ғой.

Жүретін шынайы бір бағытпенен,

Қашан да жақсылықты дәріптеген.

Шешілмейтін мәселе болмайды екен,

Әр адам бірге жүрсе халықпенен, – деп өзінің әзіл шумақтарымен халықтың көңілін серпілтіп тастады.

Акция барысында ұялы телефондар мен планшеттер арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алу бағыты кеңінен насихатталды.

Алты жүз мыңға тарты халқы бар мұнайлы өлкеде «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының 640 қызметкері бір күнде 7 мыңға жуық адамға мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Айбөпе Сабырова

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз