Жарнама
Экономика

Салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдер саны азаяды

Республика Қаржы министрлігі жаңа Салық кодексіндегі нормаларды талқылау мақсатында өңірлерде бизнес өкілдерімен кездесулер өткізуді жалғастырып келеді. Бұл жолы Қаржы министрі Мәди Такиев бастаған делегация өкілдері Атырау облысында болды. Аталған өңір кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені, 2023 жылы еліміздегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің 24%-ы біздің облысқа тиесілі. Сонымен қатар өңір инвестиция тарту бойынша республикалық рейтингте көшбасшы орындардың біріне ие.

e50e957b fa40 47f4 a010 88b3187d8828

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ғимаратында өткен кездесуге халықаралық және отандық мұнай компанияларының өкілдері мен Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының кәсіпкерлері қатысты. Кездесу барысында мұнай саласына салық салу мәселесі пысықталды. Бұл орайда Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин және Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов Парламент Мәжілісінің қарауындағы Салық кодексіндегі жаңашылдықтар туралы айтып берді. Басқосуды Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

​-Мұнай саласы бюджет түсімдерінің едәуір үлесін қамтамасыз етіп отырған ұлттық экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болып саналады және солай болып қала беретіні күмәнсіз. Біздің мақсатымыз – барлық тараптың: мемлекеттің, бизнестің және тұтастай қоғамның мүдделерін көздейтін салық салу жүйесін құруға қолайлы жағдай туғызу. Алдымызда саланың орнықты дамуына ықпал ететін, инвестицияларды ынталандырып, инновациялық технологияларды енгізетін тиімді және әділ салық жүйесін құруға бағытталған күрделі міндеттер тұр, — деді Қаржы министрі өз сөзінде.

Бұдан бөлек, республикалық ведомство басшысы жаңа Салық кодексінің жобасында салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер санының мейлінше азаятынына тоқталды. Нақтылай кетсек, мұнда маңызды фискалды қайтарымсыз төлемдерді алып тастау және олардың кейбірін біріктіру жоспарланғанын жеткізді. Жүйелік шаралар ретінде салықтық жеңілдіктер ұғымын ресми түрде реттеу ұсынылып отырғанын алға тартты. 

​Ал, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа өндірістерге инвестицияларды ынталандырумен қатар Салық кодексінің жобасы ескірген, қоры  сарқылған кен орындарындағы өндірісті қолдау бағытында да құжатқа айтарлықтай өзгерістер енгізу көзделгенін меңзеді. 

​Вице-министрдің түсіндіруінше, мұнай-газ және тау-кен салалары бюджет кірістерінің басым бөлігін қамтамасыз ететіні қаперге алынып, жаңадан қабылданатын шаралар бюджетке түсетін түсімдерді, сондай-ақ жұмыс орындарын тұрақтандыру ықпалын тигізуі ықтимал. Анығын айтқанда, бұл жұмыс істеп тұрған немесе жаңа кен орындарын барлау әлеуеті бар өңірлерді дамыту үшін аса маңызды.  

​ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржановтың сөзінше, жаңа Салық кодексінде жоспарлы тексерулерді жүргізу тәртібі өзгертілді. Мұндай іс-шараларды белгілеу салық төлеушінің қызметін талдау қорытындыларына қарай жүргізілетін болады. Сонымен қатар тексерулер электронды форматқа ауыстырылады.

​-Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында салықтық әкімшілендіруді цифрландырудың стратегиялық маңыздылығы туралы айтылғаны белгілі. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және ашықтықты қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігі салық саласындағы процестерді электронды форматқа көшіруді жеделдетуді қолға алды, — деді М.Такиев.

Кездесу соңында жиынға қатысушылар тек нәтижелі диалог қана жаңа кодекстің жобасына салық салу жүйесіне тиімді тәсілдерді енгізуге мүмкіндік беретініне сенімділіктерін білдірді.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген автор 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button