«СҮЙГЕН ІСТІҢ СҮЙІНІШІ КӨП БОЛАДЫ»
Ұйымдастырушылар кездесуді ұйымдастырудағы мақсат – жастардың билікпен, бизнеспен қарым-қатынасын нығайтып, сұхбат құруға бағытталғанын айтады.
— Жас кәсіпкерлердің басты қателігі – бүгін кәсібін ашып, ертең мол байлыққа кенелемін деген ой. Бұл – қате. Өйткені, талмай еңбек ету керек. Талай қиындықтар мен кедергілер кездеседі. Бұл сынақтан өтсең, еңбегіңнің жемісін көрерің анық. Мен еңбек жолымды ерте бастадым, 25 жасымда аға инженер атанып, 26 жасымда кәсіпорынның тізгінін қолға алдым. Жастық жігерімнен шығар, басшылық қызметке қорықпай келдім, — дейді Әлия Байжанқызы. — Тоқсаныншы жылдары елде тоқырау болып, кәсіпорындар жабылған кезең еді. Бұл жағдай мен басшылық ететін «Рембыттехникаға» да әсер етпей қоймады. Сол бір қиын-қыстау заманда қолда бар заттарымызды ұн, секерге айырбастап, базарға апарып сатып, қызметкерлердің еңбекақысын төлеген кездер болды. Қиын жағдайларға қарамастан, бірде-бір адамды жұмыстан қысқартпадық. Мекемеде менімен бірге 35 жыл еңбек етіп келе жатқан адамдар да бар.
Жиын барысында кәсіпкер кезінде банкротқа ұшыраған «Өнерпаз» тұрмыстық үйін аяғына тұрғызған сәттерін еске алып, тәжірибесімен бөлісті.
«Бастағалы отырған кәсібің сүйікті ісің болуы қажет. Яғни, сүйген істің сүйініші көп болады. Пәленше мейрамхана ашты екен деп қаржыңды өзің тетігін білмейтін іске салуға болмайды. Қазіргі таңда еліміздің жастары белсенді түрде қоғамға араласып, сан түрлі салада қызмет атқарып, еліміздің дамуына атсалысып жүр. Жастарымызға мемлекетіміздің қолдаулары да жетерлік», — дейді Әлия Байжанқызы.
Оның айтуынша, басшы, алдымен, өзінің қызметкерлерінің еңбегін бағалауы қажет. Себебі, кәсіпкердің бүгінгі жетістігі – ұжымның жанкешті еңбегі. Кездесуде, сондай-ақ, бүгінгі күнге қажетті кәсіптің түрлері де айтылды.
Жастарды кәсіпкерлікке тарту – бұл шағын бизнестің көлемін арттыру ғана емес, сонымен бірге жастарды жұмыспен қамту болып табылады. Елімізде жастардың арнайы білім алып, біліктілігін жетілдіруі үшін барлық жағдай жасалған. Ендігі жерде жастар кәсіпкерлігін дамытуға басымдық беруіміз қажет.
Айта кетелік, «Өнерпаз» тұрмыстық үйі» акционерлік қоғамының бас директоры, Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысып келеді. Ал, облыстық кәсіпкерлер палатасы мұндай бағыттағы кездесулерді әр тоқсан сайын ұйымдастыруды қолға алып отыр.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.