
Қызылқоғада жаңа көпір пайдалануға берілді
Инфрақұрылымдық жоба Қызылқоға ауданының орталығы мен Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтері және көршілес Индер ауданы арасындағы көлік қатынасын қалпына келтіруге мүмкіндік беріп отыр. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Хайноллаев мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Былтыр көктемде орын алған су тасқыны салдарынан аудан орталығы мен бірнеше ауылдық округ арасындағы жолдың бір бөлігі шайылып, көлік қатынасы уақытша тоқтаған болатын. Осы кезеңде тұрғындар аудан орталығы мен ауылдар арасында тек айналма жолдар арқылы қатынас жасап келді. Алайда бұл мәселе толығымен шешімін тауып, бүгінде аудан халқы жаңа көпірдің қызығын көріп отыр, — деді Е.Хайноллаев.
Ал мердігер мекеме президенті Әділбек Нұрлығожиевтың айтуынша, көпірге мініп-түсетін жол учаскелерін қоса есептегендегі жалпы ұзындығы – 580 метр. Оның айтуынша, құрылыс барысында барлық қажетті стандарт пен техникалық талап толық сақталған.

–Үш аралықты жаңа көпірдің ұзындығы – 54 метр. Құрылыс барысында заманауи асфальт жабындысы төселіп, көпір толық жарықтандырылды. Сонымен қатар жол қозғалысын реттейтін арнайы белгілер орнатылып, сызба жолақтар жүргізілді. Жаяу жүргіншілерге арналған өткел мен су өткізу арналары да қарастырылып, қауіпсіздік талаптары толық сақталған, — деді “Атырауинжстрой” ЖШС президенті Ә.Нұрлығожиев.
Көпір құрылысы былтыр шілдеде басталған болатын. Жобаны жүзеге асырған мердігер мекеме – «Атырауинжстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазір нысан толықтай пайдалануға беріліп, аудан халқының игілігіне қызмет ете бастады.