
Құлсарыда үш ірі абаттандыру жобасы салынуда
Құлсары қаласында тұрғындарға жайлы демалыс аймағын ұсынуға бағытталған ірі абаттандыру жобалары жүзеге аса бастады. Қала көркін жаңғыртып, халықтың өмір сапасын арттыруды көздейтін бұл бастамалар инфрақұрылым мен шағын бизнестің дамуына серпін бермек.

Атап айтқанда, Махамбет даңғылы бойында арбат пен сквер салу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта демонтаждау және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сквер салуға жауапты мердігер – «ClimaEng» ЖШС, ал арбат жобасын “Орлан” ЖШС жүзеге асыруда.

Сондай-ақ Қ.Сыдиықов көшесінде аллея салу жобасы қолға алынды. Бұл жобаның мердігері – ТОО “Adilkhan West Group”.

– Біз алдағы уақытта да қаланы көркейту, жасыл желекті арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Барлық бастама – халық игілігі үшін. Арбат, сквер және аллея сынды жобалар – Құлсарыны болашақта жайлы әрі тартымды қалаға айналдырады, – деді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.
Мұндай инфрақұрылымдық жобалар тек эстетикалық мәнге ие емес, жергілікті экономикаға да оң әсерін тигізеді. Құрылыс жұмыстарына тартылған компаниялар мен жұмысшылар санының артуы – жаңа жұмыс орындарын көбейтеді. Сонымен қатар, арбат пен сквер сияқты алаңдардың пайда болуы болашақта шағын бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА